Домбыра жасаудың шебері

0

Халқымыздың ұлттық аспаптары өз құндылығын жоғалтпауы тиіс асыл мұралардың қатарында. Ауданымызда қазақтың қанына сіңген дәстүрді ұмыт қалдырмай, ұлттық аспаптарымызды ұлықтап жүрген жалғыз шебер бар. Ол –
Медет Омаров. Степной ауылының тұрғыны Медет Балтабайұлы 21 жасынан бастап домбыра жасаумен айналысады. Жуырда он саусағынан өнер тамған ұстаның шаңырағына барып, домбыра жасау ісінің қыр-сырымен танысып қайттық.
Аяқ аттап кіргеннен түрлі өрнектер жүргізілген ағаш табалдырық, төр бөлмедегі қазақи ою ойылған ағаш төбеге қарап-ақ шебердің үйінде отырғанымыз сезілді. Кейіпкеріміз домбыраны үйінің ішіндегі кішігірім шеберханасында дайындайды. Ата кәсіпті нәсіпке айналдырған шебердің бұл іспен айналысып жүргеніне 30 жылға жуықтапты. Қос ішекті аспапты жасауды ағасы Мұраттан үйренген. Ертелі-кеш ағасының жанында жүріп, домбыра жасауды жетік меңгеріп алған. Қоңыр үнді аспаптың сапасы дайындалған материалына тікелей байланысты дейді шебер.
«Домбыраны емен, шырша, қарағай сынды қатты ағаштардан дайындаймын. Осы ағаштардан жасалған аспап сапалы шығады. Бұл ағаштарды алыс-жақын ауылдардан өзім алып келемін. Олар міндетті түрде күнге қақталып кебуі тиіс. Материал дайын болған соң домбыраның шанағын және мойын ағашын кесеміз. Одан кейін қалыпқа салып иіп, пешке күйдіреміз. Домбыраның мойын ағашы қолға ұстауға ыңғайлы болуы тиіс. Тұлыбы құралған соң, домбыраның құлағы орналасатын бас ағашты жасаймыз. Бөліктерді өзара желімнің көмегімен жабыстырамыз. Одан кейін оюын ойып, лак жағамыз. Соңында құлағын салып, ортасын тесеміз, ішегін байлаймыз», — дейді Медет Омаров.
Бір домбыраны жасауға он күндей уақыт кетеді екен. Ұста өзінің тәжірибесінде ең дәстүрлі қоңыр үн ішегі малдың ішегінен тартылған домбырада екеніне көз жеткізгенін айтады. Қазіргі шеберлердің көпшілігі жасанды ішекті қолданатыны жасырын емес. Ал, Медет аға домбыраға тек табиғи ішекті тартады.
«Домбыраның бағасына келетін болсақ, ол дайындалған материалына байланысты 30 мыңнан 100 мың теңгеге дейін барады. Домбыра жасау – үлкен табандылық пен икемділікті талап ететін жұмыс. Ол барлық адамның қолынан келе бермейді. Сонымен қатар осы іске деген қызығушылықтың болуы маңызды. Менің өзімнің мамандығым фотограф. Бірақ домбыраға деген қызығушылығым басым болып, жаным сүйетін істі таңдадым», — деген шебер бүгінгі таңда бала-шағасын адал еңбекпен тапқан нанымен асырап отыр.
Медет Балтабайұлы жары екеуі төрт бала тәрбиелеуде. Балаларының тұңғышы Талғат – әкесінің ізбасары. Қазірдің өзінде әкесінің шеберханасына жиі бас сұғып, домбыра жасаудың құпиясын үйреніп жүр. Медет аға биыл үлкен ұстахана ашып, ұлы екеуі ата кәсіпті кеңейтуді көздеп отыр. Ол үшін кәсіпкерлікті қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалардың көмегіне жүгінбек. Шебер домбырамен қатар астау, керсен, тостаған сынды халқымыздың ұлттық ыдыстарын, қазақи сандықтарды ағаштан әрлеп жасайды. Қолына тиген доғал ағашты әп-сәтте әдемі бұйымға айналдырып жіберетін ұста домбыраның құлағында ойнайтын күйші болмасам да, сәл-пәл тарта аламын дейді. Есесіне оның жасаған қоңыр үнді домбыралары талай танымал күйші-термешілердің қолында күмбірлеп жүр. Көненің көзі саналатын киелі қара домбыраның әлеуетін асырып жүрген шеберге еңбегі жемісті болып, кәсібінің қанаты кеңейе берсін демекпіз.

Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.