Жамбыл облысы әкімдігінің Ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» мекемесінің ұйымдастыруымен Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясының «Достық керуені» жобасы Қордай ауданына келді.
«Достық керуені» жобасының мақсаты – өңірлік Қазақстан халқы ассамблеясының этно-мәдени бірлестік мүшелерінің халықпен кездесулер өткізуі, этносаралық саладағы тәуекелдердің алдын алу үшін жастар, мәдени және басқа да құрылымдар нысанындағы диалог алаңдарының жұмысына қатысу.
Іс-шара аудандық Мәдениет үйінде басталып, қонақтар Қордай ауданының этномәдени бірлестіктерінің дәстүрлері мен мәдени мұраларымен танысты. Аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай қатысушыларды қарсы алып, өңірде достық пен келісімді нығайтудың маңыздылығын атап өтті.
Құттықтау сөзбен «Қоғамдық келісім» КММ өкілдері, облыстық ҚХА төрағасының
қоғамдық орынбасары Асқарбек Сейілхан сөз сөйледі.
Олар «Достық керуені» жобасының этносаралық келісімді нығайтудағы, рухани құндылықтарды жас ұрпаққа жеткізудегі және Қазақстан халқының бай мәдени мұрасын сақтаудағы ерекше рөлін атап өтті.
ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ЖӘРМЕҢКЕСІ
«Достық керуені» ауқымды жобасы аясында Қордай ауданында жарқын әрі есте қаларлық шаралар ұйымдастырылды. Мәдениет үйінің алдында «Еңбек пен достық – егіз ұғым» атты қолөнер шеберлерінің көрмесі өтті. Бұл шара нағыз шығармашылық, мәдениет және бірліктің мерекесіне айналды.
Қонақтардың ерекше назарын жәрмеңкеге айтарлықтай үлес қосқан мектеп оқушыларының жұмыстары аударды. Ұлттық нақыштағы әшекейлер, қолмен тоқылған аяқ киімдер және қыздар дайындаған тәттілер ерекше сұранысқа ие болды. Шара қонақтары жас шеберлердің шығармашылығын жоғары бағалады. Жиналған көпшілік кейіннен Мәдениет үйінің екінші қабатына көтеріліп, жас суретшілердің көрмесімен танысты және үздіктерді марапаттау рәсіміне қатысты. «Достық керуені» жобасы аясында ұйымдастырылған бұл шараның мақсаты – жаңа таланттарды анықтау болды. Көрмеге ауданның барлық шығармашылық шеберханаларының жұмыстары қойылды.
АҚСАҚАЛДАН АҚЫЛ, АНАДАН КЕҢЕС
Достық керуені аясында Мәдениет үйінде «Қоғамдық келісім» мекемесі өкілдерінің қатысуымен Аналар және Ақсақалдар кеңесінің отырыстары өтті. Бұл кездесуге аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай, ауданның әр ауылдық округінен келген Ақсақалдар және Аналар кеңестерінің өкілдері, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшысы, дін өкілдері, отбасыдағы тұрмыстық зорлық-зомбылық жөніндегі полиция департаментінің өкілі, білім беру мекемелерінің тәрбие ісі жөніндегі қызметкерлері, психолог мамандар қатысты.
Ақсақалдар, Аналар, кеңестерінің отырыстарда этносаралық қатынасты нығайту, араздық тілін болдырмау, тұрмыстық кикілжіңдердің алдын алу, радикалды діни ағымдардың ықпалына ермеу, оқушылардың бірыңғай мектеп формасын киюін сақтау, отбасылық тәрбие, нәсілдік, тілдік, этносаралық алауыздықты тудыратын жалған ақпарат таратуға жол бермеу жөнінде түрлі мәселелер төңірегінде ақпараттық-түсіндірме жұмыстары қарқынды жүргізілді.
Әсіресе, отбасыдағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, ондай кикілжіндерді болдырмау мақсатында Ақсақалдар мен Аналар кеңестерінің жұмысын нығайту мәселесі талқыланды. Полиция департаментінің өкілі осы тақырып бойынша ақпарат ұсынса, психолог мамандар теріс қылықты әрекеттерді шешу жолдарын ұсынды.
АЛТЫ БАҒЫТТАҒЫ ЖҰМЫС
Жоба аясындағы келелі кездесу Қордай ауданы мемлекеттік архивінің ғимаратында өтті. Кездесуге колледж студенттері, жастар қатысты. Әр түрлі этнос өкілдерінен құралған жастарға «Қоғамдық келісім» мекемесінің өкілдері және облыстық «Ассамблея жастары» атты қоғамдық бірлестіктің төрайымы Хамида Турдыева өздерінің Қордайға келген мақсаттарын айтып өтті. Алғысөзді алған Хамида Турдыеваның айтуынша олар бірінші кезекте жастардың арасында татулықты дәріптеу, құқықбұзушылықтарға бармау, білімді шыңдау, салауатты өмір салтын ұстануға үндеуді мақсат етіп келді.
Сонымен қатар, Хамида Турдыева қоғамдық бірлестік жұмысының негізгі 6 бағытын айтып берді. Біріншісі – «Social Assembly», жастарға әлеуметтік қолдау көрсету, білім деңгейін көтеру және жұмысқа орналасуға көмектесу. Екіншісі – «Бірлік тілі», мемлекеттік тілді оқыту. Үшіншісі – «Ел мұрасы» — тарихи-мәдени мұраны сақтау. Төртіншісі – «Таза орта», экология мен қоршаған ортаны қорғау. Бесіншісі – «Қасиетті парыз», әскери-патриоттық тәрбие. Алтыншы бағыты – «Jastar media», медиажобаларды әзірлеу және медиасауаттылықты арттыру. Осыдан кейін облыс орталығынан келген қонақтар жастармен еркін форматта сұхбаттасып, олардың ойларын тыңдап, ашық диалог құрды.
КОНЦЕРТТІК БАҒДАРЛАМА
Жамбыл облысының 85 жылдығына арналған «Достық керуені» жобасы аясында Қордай аудандық Мәдениет үйінде «Татулық – достықтың кепілі» атты этномәдени бірлестіктердің концерттік бағдарламасы өтті. Іс-шара өңірдің көпұлтты халқына бейбітшілік пен достықтың құндылықтарын дәріптеуді мақсат етті.
Концерттік бағдарлама «Аққу» халықтық би ансамблінің әсерлі «Достық сюитасымен» ашылды. Бағдарлама барысында халықтық «Соседушки» фольклор ансамблі өнер көрсетті, ал Қ.Қожағазина «Саржайлау» әнін «Чунтян» халықтық ән-би ансамблінің сүйемелдеуімен орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Сонымен қатар, аудан өнерпаздарының арнайы әзірлеген концерттік нөмірлері көпшіліктің қошеметіне ие болды.
Іс-шара соңында этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен аудан азаматтары ел бірлігі мен татулығын нығайтуға қосқан үлестері үшін Алғыс хаттармен марапатталды. Бұл шара аудан тұрғындарының береке-бірлігін нығайтуға, түрлі ұлт өкілдерінің өзара достығын көрсетуге арналған тамаша мереке ретінде есте қалды.
СПОРТТЫҚ ЖАРЫСТАР БІРЛІКТІ НЫҒАЙТАДЫ
Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясының «Достық керуені» жобасы аясында Қордай ауылындағы бұқаралық спорт кешенінде этнос өкілдері арасында түрлі спорт түрінен сайыстар өтті.
Гір тасын көтеру, ләңгі тебу, қол күресі, арқан тарту мен асық ату, эстафеталық ойындарынан сынға түскен жастар өзара кім мықтына анықтап, жалпылама келгенде достықтың жеңіске жеткенін жеткізіп, мұндай шаралар этносаралық достықты дәріптеуде маңызы зор екенін айтуда. Дей тұрғанымен, жалпы қортынды бойныша 1 орынды Қордай жастары жеңіп алса, ІІ орын Степной ауылы спортшыларына бұйырды, ал үздік үштікке Бетқайнар жастарды енді.
Жарыс соңында үздіктерге ұйымдастырушы тараптан сыйлықтар ұсынылды.