ДОСТЫҚТЫ ДӘРІПТЕГЕН ШАРАЛАР КЕШЕНІ СОҢЫНА ЖЕТТІ

0

30 қаңтар күні Қордай ауданында этносаралық келісім мен бірлікті нығайтуға бағытталған кешенді шаралар бастау алып, бір апта көлемінде түрлі бағыттағы басқосулар мен жиындар ұйымдастырылды.

Жоба аясында аудандағы этнос өкілдері көп шоғырланған Қарасай, Масаншы, Қарасу, Сортөбе, Бұлар батыр (ауылы) және Ауқатты ауылдық округтерінің тұрғындары арасында барлығы 34 іс-шара өтіп, 10 мыңға жуық ауыл азаматтары қамтылды.
Тарқата айтсақ, тұрғындардың отансүйгіштігі мен рухын көтеру мақсатында «Елінің ерен тұлғасы» айдарымен ауылдан шыққан тумалардың мұрасын насихаттау шарасы, «Мен қазақша сөйлеймін» тақырыбында мектеп директорлары мен балабақша меңгерушілері арасындағы байқау, қазақтың ұлттық ойындарынан жастар арасында «Достық» спартакиадасы, «Жастарға дұрыс бағыт беру – аға ұрпақтың борышы» тақырыбында Қордай ауданының жастарымен діни ағымдар турасында кездесулер ұйымдастырылды.
Айта кетейік, жоба аясында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, қазақ тілінің этносаралық қарым-қатынас тілі ретіндегі қызметін нығайту, өзге этнос өкілдерін мемлекеттік тілді меңгеруге ынталандыру мақсатындағы шараларға басымдық берілді. Бір қуантарлығы, қазіргі кезде Қордайда қазақ тілін үйренуге ниет білдірген өзге этнос өкілдерінің қатары көбейіп келеді. Тисінше аудан тұрғындарының мемлекеттік тілді меңгеру көрсеткіші артқан. 2022 жылдың 12 айында жалпы 82 топ, 992 тыңдаушы оқуға қамтылса, 2023 жылдың қаңтар айында ашылған топтардың саны 25 топ, 293 тыңдаушы қамтылды. Жалпы 1037 тыңдаушы бар. Сондай-ақ, аудан, ауыл тұрғындарына қазақ тілінің қарапайым деңгейін QAZONLINE мобильді қосымшасы арқылы, «Отбасында қазақ тілін бірге үйренейік!» сөздігі, ақпараттық және жарнамалық парақшалар, 56 түрлі оқулық таратылып, түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Этнос өкілдері көп шоғырланған елді мекендердегі тұрғындардың татулығын нығайтып, тұрақтылығын сақтау мақсатында ұйымдастырылған шараларға облыстық әкімдік, жергілікті атқарушы билік және республикалық, облыстық, БАҚ өкілдері де қатысты. Мәселен, дүйсенбі күні Сортөбе ауылдық мәдениет үйінде «Бейбітшілік пен келісім — тәуелсіздігіміздің негізі» тақырыбында қоғамдық пікір көшбасшыларының, этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен ашық диалог алаңы өтіп, оған Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Е.Үйсімбаев, Қордай ауданы әкімінің орынбасары Д.Сүгірбай және республикалық, облыстық БАҚ өкілдері арнайы қатысқан болатын. Жиын барысында аудандағы қоғамдық келісімді, бірлік пен татулықты нығайту мақсатында атқарылып жатқан және жоспарланған жұмыстар кеңінен талқыланды. Аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Ә.Сейілханов кеңестің 2022 жылы атқарған жұмыстарына тоқталып, өзекті деген мәселелерді атап өтті.
Сонымен қатар, бұл күні Масаншы және Сортөбе ауылдарында республика-лық және облыстық БАҚ өкілдерінің пресс-туры өтті. БАҚ қызметкерлері мен аудандағы зиялы қауым өкілдеріне Жамбыл облысындағы “Вын­хуа” этномәдени бірлестігінің аудандық филиалының жұмысы көрсетіліп, бір күндік жұмысына шолу жасалды.
Мұндай шаралар аудан тұрғындарына бейбітшілік пен келісімнің маңызын жете түсініп, мемлекеттік тіл мен ұлттық құндылықтарға құрметпен қарауға, патриотизм мен өзіндік азаматтық ұстанымды қалыптастыруға, отбасындағы ұл мен қыз тәрбиесін нығайтуға ықпалын тигізері анық.

Фариза ҚОРАБАЙ

Leave A Reply

Your email address will not be published.