Біріккен Араб Әмірлігінің Дубай қаласында өткен «NURAY ART FEST-2025» халықаралық байқауында топ жарған өнерпаздар елге оралды. Еліміздің атынан лайықты деңгейде өнер көрсеткен жас жерлестеріміз Қордай аудандық мәдениет үйіне қарасты «Махаббат» халықтық би ансамблінің дара бишілері Аружан Дүйсенбек пен Шұғыла Сәрсенбай «хореография» номинациясы бойынша жоғары шеберліктерін көрсетіп, бас жүлдені жеңіп алды.
Сондай-ақ, көп жанрлы аталған байқауға шәкірттерді халықаралық деңгейде дайындағаны үшін «Үздік ұстаз» медалімен Махаббат Баденова марапатталып, ұйымдастырушылар тарапынан арнайы сыйлықтар мен алғыс хат иеленді.
Айта кетейік, халықаралық мәдени жобаның шартына сәйкес, іріктеу кезеңі ағымдағы жылдың қыркүйек айында басталып, еліміздің әр өңірінен үздік деп танылған өнерпаздарға Дубайға жолдама табысталған болатын.
Аталмыш байқауға қатысқан Анар Нұрқиясова жетекшілік ететін «Нұр-Академия Қордай» өнер шығармашылық орталығы, Бану Тұрғұмбаева би мектебінің «Гүл-Бану» би ансамблінің бишілері Раяна Тұрғұмбаева, Далия Мадраимова, Ляйля Ешмет, Адина Төлеген, Айзере Дәулет, Милана Қыдырбек, Ақнұр Топчакова, Айсана Табыс, Адина Орманбек, Айдана Дәулетбай, Жансель Нариманқызы, Айару Сәрсенбай, Аяжан Бахыт, Елизавета Бурукина, Алтынай Болысбаева, Айсезім Ермехан асқан шеберліктерін көрсетіп, «хореография» номинациясы бойынша байқаудың бас жүлдесін қанжығаларына байлап келді.
«Бұл – біздің ұзақ уақыт бойғы еңбегіміздің, өз ісімізге деген шынайы махаббатымыздың жемісі. Бұл жеңіс әрбір бишінің табанды дайындығының нәтижесі екенін мақтанышпен айтамын. Алда да талай биіктерді бағындырып, қазақ өнерін әлем сахналарында паш етеміз деп сенемін», — дейді үйірме жетекшісі.
Барша қатысушы аруларды айтулы жеңісімен құттықтаймыз!
Аталмыш байқау жас өнерпаздарға шет ел сахнасында өнер көрсетіп, жаңа елмен танысып, демалуға мүмкіндік береді.
Әділет ҚҰТТЫБАЙ