Дүйсенбі күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 8 сәуірде басталған «Таза Қазақстан» акциясы аясында Қордай ауданында «Ең үздік аула» акциясы өтті.
Республикалық экологиялық акцияға белсенді қатысып, өз ауласын таза ұстай отырып қоғамдық орындарға жасалған сенбілік жұмыстарына да қатысқан ауыл тұрғынын анықтау мақсатында өткен акцияға қатысуға ниет білдірген қатысушылар да көп болды.
Жеңімпазды анықтау үшін арнайы комиссия құрылып, конкурсқа қатысушы аулаларды аралап шықты. Талап бойынша, үй айналасын мұнтаздай етіп қана қоймай, көгалдандыру жұмыстарын аула сыртына да жасау маңызды болды.
— Жалпы «Таза Қазақстан акциясы арқылы Қордай ауылындағы өз ауласының тазалығымен қатар қоғамдық орындардың да таза, көрікті болуына үлес қосуға ниетті тұрғындардың қатары көп екендігін байқадық. Бұл, әрине қуантарлық жағдай. Бүгінгі «Ең үздік» аула акциясының жеңімпазын табу бізге қиындық тудырмады, — деп атап өтті Қордай ауылдық округінің әкімі Ә.Қаспақбаев.
Арнайы құрылған комиссия мүшелері «Ең үздік аула» номинациясын Қордай ауылының тұрғыны Ю.Гагарин көшесі №19 үйдің тұрғыны Б.Байшимировқа беріп, арнайы Алғыс хат пен естелік сыйлық табыс етті.
-Тазалық тазалаған жерде емес, таза ұстаған жерде демекші, ауланың тазалығына, көгалдандыру жұмыстарына баса назар аударамын, Мұны, балаларыма да үнемі айтып келемін. Қазір аулада көріп тұрған жеміс ағаштары мен гүлдері баптауға немеремді үйретіп жүрмін.Ауылдың тазалығына әркім өз ауласын таза ұстау ақылы үлес қоса алады», — деген Болар Байшимиров ақсақал ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
Еске сала кетсек, Мемлекет басшысының тапсырмасымен 8 сәуірде республика бойынша «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы бастау алып, бес аптаға созылды. Әр аптаның өзіндік тақырыбы мен нақты мақсаты да болды. «Таза өлке» деп аталған бірінші аптада елді мекендердің тұрғындары, қоғам қайраткерлері, ұйымдардың қызметкерлері өз аумағындағы аулаларды тазалады. «Киелі мекен» акциясы тарихи-мәдени ескерткіштердің аумағын абаттандыруға арналды. «Жасыл аймақ» аталған үшінші аптада көшет отырғызу, ағаштарды әктеу жұмыстары жүргізілді. «Өнегелі ұрпақ» атты жетікүндікте ардагерлердің аулалары мен қарттар үйінің аумағын тазалау, абаттандыру қолға алынды. «Мөлдір бұлақ» атты акцияның қорытынды, бесінші аптасында өзендер мен көлдер қоқыстан тазартылды.