ЕҢ БАСТЫ МҰРАТЫМЫЗ – ТАТУЛЫҚ ПЕН ТЫНЫШТЫҚТЫ САҚТАУ

0

Ассамблея егемен еліміздегі татулық пен тұрақтылықтың ең басты кепіліне айналғаны мәлім. Жамбыл облыстық Қазақстан Халқы Ассамблеясын осынау мәуелі бәйтеректің бір бұтағы дер едік. Осы тұста мызғымас бірліктің ұйытқысы болып келе жатқан Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Мүбәрак Жинақбаевамен тілдесудің сәті түсті. Мекеменің атқарып жатқан ауқымды істері туралы ол Stan.kz тілшісіне толығырақ баяндап берді.

– Білікті басшыдан біз әңгімені Жамбыл облыстық Қазақстан Халқы Ассамблеясының тарихынан бастауды сұрадық.

– Өздеріңіз білетіндей, Жамбыл облысы Қазақстан Халықтары Ассамблеясы ең алғаш рет 1995 жылдың сәуір айында құрылды. Сол мезетте оның құрамына этникалық және мәдени бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың, зиялы қауым және тағы басқа өкілдері кірді. Алғашқы жылы біздің аймақтағы Ассамблеяда грек, өзбек, түрік, шешен-ингуш, кәріс, ұйғыр, неміс, украин және орыс ұлттарының ғана этномәдени бірлестіктері болды. Аталмыш ұлттардың бірлестіктері құрылған кезеңнен бастап, әлеуметтік-экономикалық және этникалық-мәдени тұрғыдан өз жұмыстарын атқаруға бел шеше кірісті.

– Осы тұста төрт қақпалы Тараздың төрінде орналасқан «Достық үйімен» оқырман қауымды таныстыра отырсаңыз.

– «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығының дәл ортасында орналасқан «Достық үйінің» төбесі өздеріңіз көріп тұрғандай, шаңырақ тәрізді етіп жасалған. Киіз үйге ұқсайтын бұл ғимарат ұлттық нақышта өрнектелуімен ерекшеленеді.
«Достық үйінің» негізгі мақсаты – халықтың бірлігін сақтау. Сонымен қатар, қоғамдық келісімді және ұлттық мемлекеттік бірегейлікті нығайтуды жүзеге асыру. Сондай-ақ, «Достық үйі» ұлтаралық мәселелер бойынша әдістемелік және консультативтік орталық қызметін де атқарады. Осынау сәулетті ғимаратта өткізілетін әрбір іс-шара да негізгі мақсатпен үндестік тауып жатады. Ал тарихи-мәдени орталықтың пікірлесуге арналған дөңгелек үстел алаңы, жүз адамға арналған конференц-зал, ғылыми-әдістемелік кеңселер, медиаторлар кабинеті, ғылыми-сарапшылық бөлім, баспасөз қызметі және мәдени көпшілік іс-шаралар бөлімдері орналасқан. Этномәдени бірлестіктердің салт-дәстүрі мен мәдени мұраларынан сыр шертетін мұражай, хореографиялық зал, мәдени іс-шаралар костюмдеріне арналған бөлмелер осында жайғасқан. Кешеннің бірінші қабатында төрт каналды синхрондық аударма жүйесі орнатылған мәжіліс залы мен мультимедиялық орталық бар. Ал екінші қабаттағы электронды алаңшалар арқылы келушілердің таным көкжиегін кеңейтуге мүмкіндігі мол. Атап айтқанда, «Әділетті Қазақстан», «Бейбітшілік пен келісім», «Бірлігіміз – әралуандықта», «Бірлігіміз жарасқан» жобалары туралы толығырақ біле алады.
Мұнда этнобірлестіктердің атқарған іс-шараларымен электронды түрде танысуға мүмкіндік бар. Сонымен қатар, мұнда 250 адамға арналған мәжіліс залы қызмет көрсетеді. Орталықтың шаңырақ тәрізді үшінші қабатында орналасқан мәжіліс залында республикамыздың ірі қалаларынан және алыс жақын шетелдерден келетін делегациялардың қатысуымен этносаралық мәжілістер өткізіледі.

– Мүбәрак Қасымқызы, бұған дейін Жамбыл облысының мәдениет, білім сынды жауапты салаларын басқарғаныңызды білеміз. Ал қазіргі қызметіңіздің ерекшелігі туралы аз-кем сыр ақтарсаңыз екен…

– Еліміздегі қандай салада болсын, қызметкерлердің әрбірінің атқаратын өзіндік фунционалдық міндеті бар. Соған сай жалақы да төленеді. Ал «Қоғамдық келісім» мекемесінің жөні бөлек.
Ойлап қарасақ, Ассамблея әлемнің ешбір елінде жоқ, тек қана көпұлтты Қазақстанда ғана жұмыс істейтін бірден-бір мекеме. Жамбыл облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесіне қарасты әрбір этномәдени бірлестіктің жетекшілері, мүшелері өз жұмысын қоғамдық негізде атқаратындықтан оларға қандай да бір талап қою қисынсыз. Ұйғыр, өзбек, дүнген, күрд, неміс, татар, орыс және т.б көптеген ұлттың өкілдерімен тонның ішкі бауындай араласып, бірлікте жұмыс істеп келеміз. Бұл біздің ең басты – міндетіміз. Қоғамдық негізде жұмыс істейтініне қарамастан, этномәдени бірлестік басшылары ел Президентінің жыл сайынғы жолдауын ел арасында кеңінен насихаттау ісіне зор үлесін қосып келеді. Сонымен қатар, биылғы жылы өтетін Президент сайлауына да бақылаушы ретінде тартылатындары да, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге зор үлес қосып жатқандары да бар. Яғни Жамбыл облыстық Қазақстан Халқы Ассамблеясының мүшелері мен этномәдени бірлестіктерінің жетекшілері еліміздің мәдени, саяси өміріне белсене араласады.

– Соған қарамастан, «Ассамблея не үшін керек?» деген пікір де қоғамда қылаң беріп қалатыны жасырын емес…

– Қанша адам болса, сонша пікір болатыны белгілі ғой. Ассамблеяға қатысты да түрлі көзқарастың болуы заңдылық деп есептеймін. Әртүрлі ұлт өкілдерінің басын бір арнаға тоғыстыру жеңіл іс емес. Бұл тұрғыда «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарып жүйелі жұмыс жүргізу үлкен қажырлықты талап ететіні сөзсіз. Оның үстіне өзге этнос өкілдерінің көптеп қоныстануы жағынан Жамбыл өңірі республика бойынша екінші орынды иеленеді. Облыста 87 этнос болса, оның 75-і ҚХА-да тіркелген. 30-дан астамы арнайы аккредиттеуден өтіп, өз жұмыстарын жүргізуде. Біздің «Қоғамдық келісім» мекемесінде «Аналар кеңесі» мен «Ақсақалдар алқасы» жұмыс істейді. Сонымен қатар, «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігі арқылы өзге этнос өкілдерінің жастарымен де тығыз қарым-қатынас орнатқанбыз. Анығырақ айтқанда, «еңбектеген баладан, еңкейген қарияға» дейін емен жарқын жүздесіп, татулықты ту етіп, тірлік қып жатқан жайымыз бар.
Жамбыл облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесі «Ғылыми сарапшылар» тобы, «Журналистер» клубы, «Қоғамдық келісім» кеңестері, «Шеберлер» клубы, «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігі, «Медиаторлар және аналар кеңестері» сынды бірнеше бағытта қызмет атқарады.
Елімізге ең керегі – бейбіт өмір. Ал Ассамблея бейбітшілік пен татулықты көздің қарашығындай сақтау үшін қажет. Осы тұста Жамбыл облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесі ел арасында туындайтын дау-дамайларды ортақ келісімге келу арқылы шешу жолында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.

– Сөзіңіз аузыңызда, осы тұста Жамбыл облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесіндегі медиация бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды одан әрі тарқата түссеңіз…

– Қазіргі уақытта медиаторлардың қоғамдағы рөлі зор, өйткені медиация институты этнос өкілдері арасындағы бірлік пен келісімді барынша нығайтуға ықпал ететін ұйым. Жамбыл облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесінің медиация кабинетінің қызметкерлері, бүгінде ҚХА медиаторлары медиация институтын дамыту бойынша халық арасында құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Бұл бағыттағы жұмыстардың басым бөлігі Бас прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, сыртқы және ішкі істер министрліктерімен және Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірлесіп атқарылуда. Сонымен қатар, шетелдік және отандық сарапшылармен де тығыз қарым-қатынас орнатылған. Медиацияның ірі іс-шараларына келсек, осы жылдың ақпан-наурыз айлары аралығында «Қоғамдық келісім» мекемесінде пилоттық режимде «Этносаралық саладағы қақтығыстарды реттеу ерекшеліктері» оқу курсы өткізілді. Мұндай курстар мекемеде тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Нәтижесінде, Жамбыл облысындағы жаппай жанжалды жағдайларды шешуде ондаған келіссөз жүргізушілер дайындалды. Олар бүгінде өңірдегі ынтымақ пен бірлікті сақтау жолында жұмыс жүргізіп келеді. Яғни, дау-дамай туындағанымен, көпшілігінде екі тарап бітімгершілікке келіп, бір-бірімен татуласып жатады.

– Мүбәрәк Қасымқызы, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту меселесі де сіздердің басты назарларыңызда екені белгілі. Ендігі әңгіменің ауанын осы тақырыпқа бұрсақ…

– Мемлекеттік тіліміз – қазақ тілінің өрісін кеңейту мақсатындағы жұмыстарға елімізде өмір сүріп жатқан әрбір қазақстандық атсалысуы керек деп ойлаймын. Бұл турасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақ тілінің мәртебесі мемлекеттік тіл ретінде күшейіп келеді. Ол ұлтаралық қатынас тілі болатын кезең келіп жетті. Алайда ол үшін бәріміз бірігіп жұмыс істеуіміз керек» деп шегелеп айтқаны бар.
Осы орайда Жамбыл облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесінің жыл сайын дәстүрлі түрде «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» атты форум өткізетінін атап өткен жөн. Бұл іс-шара тек қана облыстық деңгейде емес, облысымыздың әрбір аудандары мен қалаларында өткізіледі. Мұндағы мақсат – қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту, мемлекеттік тілдің рөлін күшейтіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналдыру. Басқосу барысында өзге этностың өкілдері қазақ тілін қалай үйренгендігі турасында әңгіме өрбітіп, өздерінің тәжірибелерімен бөліседі.
Осы тұста мен Жамбыл облысын мекендеген өзге ұлт пен ұлыстардың мемлекеттік тіліміз – қазақ тіліне деген құрметінің орасан зор екендігін атап көрсеткім келеді. Әрі олардың басым бөлігі қайда жүрсе де қазақ тілінде сөйлейді. Тіпті, осы саланың кәсіби білікті мамандары атанып, қазақтардың өзіне қазақ тілін үйретіп жүргендері қаншама?!
Сондай-ақ, күні кеше «Достық үйінде» «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасы өтті. Аталмыш жобаның облыстық кезеңінен іріктеу өте тартысты болды. Осынау іс-шара арқылы мемлекеттік тілді меңгеруге ерекше қызығушылық танытқан өскелең ұрпақты, түрлі этностық топтардың жастарын ынталандыра түстік деп ойлаймын. Сонымен қатар қазақ тілін тек күнделікті өмірде қолдану үшін ғана емес, әдеби тұрғыда білуіне жол аштық деген сенімдемін. Бұл өз кезегінде қазақ тілінің ұлтаралық қатынас тіліне айналып, мемлекеттік тіл ретінде де мәртебесінің көтеріліп келе жатқандығының айқын көрінісі деп білемін.
— Сөз соңында, өңірдегі этномәдени орталықтар өткізетін мәдени іс-шаралар туралы тарқатып айтып берсеңіз.

– Жоғарыда біз этномәдени бірлестіктердің Қазақстан халқының дамуы жолында атқарып жатқан істерінің бірқатарын атап көрсеттік. Ендігі жерде, Жамбыл облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесінің әрбір бөлімі аймақта өмір сүріп жатқан этностардың дінін, тілін, салт-дәстүрін көздерінің қарашығындай сақтап, оларды өскелең ұрпаққа қаз-қалпында жеткізу жолында түрлі іс-шараларды өткізуге мұрындық болып келе жатқанын атап көрсету ләзім. Әрбір іс-шарада этностардың ұлт ретіндегі құндылықтарының жойылмауына ерекше мән беріледі. Сонымен қатар, әрбір ұлттың тарихы, мәдениеті, әдебиеті, құқықтарына баса назар аударылады.
Еліміздегі ерекше мейрамдар – 1Наурыз Алғыс айту күні, 22 Наурыз Ұлыстың Ұлы күні, 1 мамыр Қазақстан халықтарының бірлігі күні және т.б. мерекелерді өте жоғары деңгейде атап өтеміз. Әрбір этномәдени бірлестіктер өз өнерлерін ортаға салып, қуаныш пен шаттыққа кенелеміз. Осындай салтанатты шараларда достықтың әнін шырқаған барша ұлттың өкілдері Отанымыз – Қазақстанға деген өздерінің шексіз ризашылықтарын білдіріп жатады.
Жақында Қазақстан Республикасы күнін мерекелеу қарсаңында «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешенінде «Әралуандық арқылы бірлікке» атты мерекелік іс-шара өткіздік. Бұл іс-шара облыс этностарының мәдениеті мен дәстүрлері күніне арналды.
Мерекелік іс-шара барысында арнайы тақырыптық алаңдарда қала тұрғындары мен қонақтары облыс этностарының мәдени мұрасы – тарихы, салт-дәстүрлері, әдет-ғұрыптарымен жете танысты. Этномәдени бірлестіктердің өкілдері жұртшылыққа өздерінің халық шығармашылығын, әдебиетін, мәдениетін, музыкалық аспаптары мен ұлттық киімдерін көрсетті.
Сондай-ақ, көрермендер этнопсихология бойынша интерактивті тренингке және картиналар мен қолданбалы өнер шеберлерінің көрмелеріне қатысты. Бұған қоса, этномәдени бірлестіктердің шығармашылық ұжымдары мен облыстық К.Әзірбаев атындағы филармония әртістерінің қатысуымен ауқымы кең концерттік бағдарлама ұсынылды. Сонымен қатар, ұлттық спорт ойындары мен спартакиада өтті. Арнайы жасақталған алаңшада жастарға арналып караоке қойылды. Шара қатысушыларының назарына арнайы жәрмеңке ұйымдастырылды. Онда этностардың қолөнер туындылары қойылды. Барша жұртқа керемет көңіл-күй сыйлаған басқосуға жиылғандар Өзбек этномәдени бірлестігінің 300 адамға дайындалған палауынан дәм татты.
– Әңгімеңізге көп рахмет!

Сұхбатттасқан Гүлмира САДЫҚ

Leave A Reply

Your email address will not be published.