ЕҢ ТӨМЕНГІ ЗЕЙНЕТАҚЫ МӨЛШЕРІ ҚАНША?

0

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап бюджеттен төленетін зейнетақы төлемдерінің мөлшері 10%-ға артқанын мәлімдеді.

«Базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 35 596 теңгені құрайды бұл ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ы. Ал ең жоғары мөлшері күнкөріс деңгейінің 110%-ынан 118%-ына дейін ұлғайтылып, 60 005 теңгеге жетті», делінген хабарламада.

Сонымен қатар, 2018 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі әрбір алушыға зейнетақы жүйесіне қатысу өтілін ескере отырып, жеке тәртіппен тағайындалады.

«Зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі ынтымақты жүйеде жинақталған еңбек өтілі, сондайақ міндетті зейнетақы жарналары төленген кезеңдер енгізіледі», деп түсіндірді министрлік.

ЕЛІМІЗДЕ ЗЕЙНЕТАҚЫ МЕН ЖӘРДЕМАҚЫ МӨЛШЕРІ КӨБЕЙДІ

Егер зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 10 жыл немесе одан аз, не мүлде болмаса, базалық зейнетақының мөлшері күнкөріс деңгейінің 70%-ына тең болады. Ал 10 жылдан асқан әрбір жыл үшін оның мөлшері 2%-ға ұлғаяды. Мысалы, қатысу өтілі 20 жыл болған жағдайда базалық зейнетақы күнкөріс деңгейінің 90%-ын құрайды. 30 жыл және одан да көп өтіл кезінде ол ең жоғары мөлшерде – күнкөріс деңгейінің 110%-ы көлемінде белгіленеді.

ЕЛ ТҰРҒЫНДАРЫ ЗЕЙНЕТАҚЫ ҚАРЖЫСЫН ШЫҒАРЫП АЛУДЫҢ ЖАҢА ТӘСІЛІН ТАПТЫ

«Егер бір ай ішінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына міндетті зейнетақы жарналары бірнеше рет аударылса, жинақтаушы жүйеге қатысу кезеңі бір ай ретінде есептеледі», деп ескертті мамандар.

Осылайша, міндетті зейнетақы жарналары қаншалықты тұрақты әрі толық көлемде төленсе, зейнет жасына жеткенде базалық зейнетақы төлемінің мөлшері де соған сәйкес жоғары болады.

«Ал жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша еңбек өтіліне (кемінде алты ай болуы қажет) және зейнеталды кезеңде алынған орташа айлық табысқа байланысты», деп атап өтті Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Министрдің орынбасары Виктория Шегай 2026 жылғы 22 қаңтарда Сенат отырысында Моңғолиямен зейнетақы жинақтарына қатысты ратификацияланған келісім салдарынан БЖЗҚ-ға түсуі мүмкін қосымша жүктеме туралы пікір білдірді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.