Жұма, 2 маусымда аудан прокуратурасының ұйымдастыруымен мекемеаралық мәжіліс өтіп, күн тәртібінде үш мәселе қаралды.
Алдымен 2023 жылдың 5 айында аудан аумағында жекеленген қылмыстардың өсуі және алдын алу бойынша профилактикалық жұмыстардың тиімділігі туралы мәселе қаралды. Екінші – кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық сипаттағы қылмыстар және отбасы-тұрмыстық құқық бұзушы-лықтар туралы сұрақ талқыланды. Ал күн тәртібіндегі үшінші сұрақ – жол-көлік оқиғаларының алдын алу және оларды болдырмауға бағытталған атқарылған жұмыстардың нәтижесі қорытындыланды.
Мәжілісті аудан прокуроры Б.Ізбасаров пен аудан әкімі Б.Болатбеков ашты.
Жиынға аудандық ПБ-нің басшылығы, аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім және мекеме басшылары, ауылдық округ әкімдері, аудандық Қоғамдық кеңес, ардагерлер кеңесінің төраға-төрайымдары, білім мекемелерінің директорлары, құқық қорғау орган өкілдері қатысты.
Мәжілісте аудан прокурорының орынбасары Н.Нарбаев баяндама жасады. Прокурор орынбасарының сөзінше, аудан прокуратурасымен ағымдағы жылдың 5 айында полиция органымен аудан аумағында қылмыстың алдын-алуға профилактикалық, оның ішінде жеке адамға, меншікке қарсы, есірткімен байланысты, кәмелетке толмағандарға қатысты сексуалдық сипаттағы, бұрын сотты болғандармен және адамдар тобымен жасалған қылмыстардың орын алу себептері мен атқарылған жұмыстарының тиімділігіне талдау жүргізілген.
Ауданның өз ерекшелігіне байланысты биыл өзекті мәселелердің тізімі айқындалып, «Қауіпсіз-Қордай» жобасы бекітілген. Бұл жобаның басты мақсаты ауданда қылмыстылықтың алдын алу, проблемалық стратегиялық мәселелерді шешу болып табылады.
— Ағымдағы жылдың 5 айында жалпы қылмыстылықтың төмендегенімен жекеленген қылмыстар жүйелі түрде өсіп келеді. Бұл ретте жергілікті полиция қызметкерлері өздеріне бекітілген аймақта, жүктелген қызметтерін тиісті орындамау салдарынан орын алып отыр деп айтуға болады. Қылмыстық құқық бұзушылықтың тіркелуі – 13,2% (166-дан 144-ке), оның ішінде қылмыстар – 17,4% (143-тен 118-ге) төмендеген. Алайда, аса ауыр қылмыстар 500% (0-ден 5-ке), қылмыстық теріс қылықтар 13,0% (23-тен 26-ға) өскен. Аса ауыр қылмыстардың ішінде адам өлтіру фактілері 100% (0-ден 2-ге) өсіп отыр.
Баяндамаға сәйкес, меншікке қарсы қылмыстардың ішінде алаяқтық фактілері 50% (12-ден 18-ге), оның ішінде интернет алаяқтық қылмыстары 200% (0-ден 3-ке) өскен. Бұл көрсеткіштің бірден-бір себебі полицияның аудан тұрғындары арасында алаяқтық қылмыстарының тәсілдері бойынша түсіндірме жұмыстарының төмен деңгейін көрсетіп отыр. Алаяқтық қылмыстарының басым көпшілігі өзін банк қызметкері ретінде таныстырып атынан несие рәсімдеу, интернет желілері арқылы қолжетімді бағаға заттарды сатып алуды ұсыну арқылы алдап қаражаттарын жымқырғандар. Алаяқтық қылмыстардың алдын алуға және олардың санын төмендетуге барлық шаралар қабылдау талап етіледі.
Сонымен қатар, есірткімен байланысты қылмыстың жағдайы 31,2% (16-дан 21-ге) және өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу 200% (2-ден 6-ға) өскен.
Жалпы қылмыстардың басым көпшілігі, яғни 58 аудан орталығы Қордай ауылында орын алған, Қарасуда – 5, Сортөбе, Қайнар және Ноғайбайда — 4, Алға, Әлжан ана, Масанчи, Отар, Соғанды ауылдарында – 2, қалған ауылдарда бір қылмыстар тіркелді.
Сонымен қатар, бұрын жасалған қылмыстары өтелмегендер тарапынан – 50% (2-ден 3-ке), адамдар тобымен 140% (5-тен 12-ге) жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтардың өсуіне жол берілген. Бұрын сотты болғандардың қайта қылмыс жасауына жол бермеу үшін үнемі профилактикалық жұмыс жүргізу талап етіледі.
Жол көлік оқиғаларына қатысты айтар болсақ, жыл басынан бері аудан аумағында жол-көлік оқиғаларының жалпы саны 15,38% (78-ден 66-ға) азайып, оның ішінде дене жарақатын алғандар 38% (158-ден 120-ға), қаза болғандар — 8% (19-дан 12-ге) төмендеген. Алайда, жол-көлік оқиғасын алдын алу бүгінгі күнге жеткіліксіз. Сәуір айының соңғы күндері «Алматы-Ташкент» тас жолының 226-шақырымында «ВАЗ-21114» автокөлігінің жүргізушісі қарама қарсы бағытқа шығып кетіп «Фольксваген Поло» маркалы автокөлігімен соқтығысып, нәтижесінде 3 адам оқиға орнында қаза болды және 2 адам ауыр дене жарақаттарымен ауруханаға түскен. Аталған факті бойынша ҚК-тің 345-бабының 4-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Жол-көлік оқиғаларының басым көпшілігі республикалық маңызы бар тас жолдарында орын алғанын да атап өту керек.
Аудан прокуратурасымен жол көлік оқиғаларының орын алған аймақтарына талдау жасау кезінде жол-көлік оқиғаларының басым көпшілігі арнайы белгілердің жоқтығы және тиісті деңгейде жол-көлік апаттарын болдырмауға бағытталған рейдтік іс-шаралардың жүргізілмеуінен орын алғанын көрсетті.
— Кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық сипаттағы қылмыстар бойынша айтатын болсақ, қылмыстылықтың жағдайы 300%-ға (ҚК-тің 122-бабы 0-ден 3-ке), (ҚК-тің 124-бабы 0-ден 1-ге) өскен.
Аудан прокуратурасымен профилактика-ның алдын алу бойынша 2022 жылы үш мәрте, 2023 жылдың өткен кезеңінде бір мәрте ведомствоаралық мәжілістер өткізіліп, бұл санаттағы қылмыстардың алдын алу үшін барлық шараларды қабылдау тапсырылған. Алайда, бүгінгі күнге қылмыстардың алдын алу бойынша жұмыстар тиісті деңгейде жүргізілмегендіктен, олардың саны керісінше өсуіне жол берілуде.
Отбасы-тұрмыстық сипатында құқық бұзушылықтардың саны тиылар емес, өткен жылы бұл санатта 35 факті тіркелсе, биыл 31 дерегі орын алған. Одан бөлек, отбасы-тұрмыстық құқық бұзушылықтардың қайталануы жиі орын алуда. Мысалы, отбасында бірнеше рет жанжал болғаны үшін Әлжан ана ауылының тұрғынына қатысты 2023 жылы 2 қорғау нұсқамасы шығарылған. Алайда осы шараларға қарамастан құқық бұзушыға әкімшілік жауапкершілік және басқа да профилактика шаралары түріндегі жаза ешқандай профилактикалық әсер етпейтіндігі айқын. Соған қарамастан осындай проблемалық отбасылармен үнемі профилактикалық жұмыстарды ары қарай да жүргізу қажет.
Биылдан бастап отбасы-тұрмыстық құқық бұзушылықтардың жауапкершілігі қатаңдатылды, 1 шілдеден бастап бұл фактілер арызсыз тіркеуге жатады.
2023 жылға «Қауіпсіз-Қордай» жобасын іске асыру үшін сапалы және тиімді профилактикалық жұмыстарды жандандыру қажет. Бұл ретте меншікке қарсы қылмыстар алаяқтық оның ішінде интернет алаяқтық қылмыстарының жылдан-жылға өсіп келуін ескеріп, аудан аумағында адамдардың көп шоғырланатын орындарында, қоғамдық көліктерде алаяқтық және интернет алаяқтықтан сақтану туралы хабарламаларды таратуды, оларды ай-сайын жаңғыртуды, ауылдық округтерде әкімдер мен участкелік полиция инспекторлары халықпен жиі кездесу өткізіп, «WhatsApp» және басқа да интернет желілері арқылы ауыл тұрғындарын үнемі хабарлап отыру талап етіледі. Жол көлік оқиғаларының санын азайту мақсатында қылмыстардың жиі орын алатын жерлеріне талдау жасап, арнайы белгілер және камералар орнату мәселесін қарау қажет. Учаскелік полиция инспекторлары өздерінің аумақтарында ішімдікке тәуелді тұлғалардың тізімін әзірлеуді және ауылдан тыс жерлерде мал шаруашылығымен айналысатын тұлғалармен үнемі профилактикалық жұмыстарды жүргізу керек. Спирттік өнімдерді заңсыз сату (түнгі уақытты қосқанда) орындарын анықтап, жауапкершіліктерін қарастырған жөн. Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторларына аудандағы колледждар және мектептерде кәмелетке толмағандармен қылмыстың жасалуына жол бермеу мақсатында профилактикалық шараларды күшейту қажет.
Сөзінің соңында Н.Нарбаев баяндамада айтылған мәселелер бойынша 6 айдың қорытындысын қарауды ұсынды.
Жиын барысында сөз алған аудан әкімі Б.Болатбеков көтерілген мәселеге қатысты өз ойын жеткізді.
— Орын алған кемшіліктер бойынша ауылдық округ әкімдерін ғана кінәлау дұрыс емес. Әрине, бұл олардың жауапкершілігін азайтпайды. Бірақ, әсіресе, кәмелет жасына толмағандар бойынша мектеп директорлары мен сынып жетекшілерінің жауапкершілігі өте жоғары болуы тиіс. Сынып жетекшілері балалармен бірнеше жыл жұмыс істеген, олардың мінез-құлқы мен тәртібін жақсы біледі. Сондықтан, алдын ала мектеп, ата-ана және қоғам болып профилактикалық жұмыс жүргізілуі тиіс, — деді Бегзат Сейсенқұлұлы.
Бұдан соң аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы М.Рысдаулетов және білім бөлімінің басшысы С.Әшірбековтер есеп берді. Ал аудан прокуроры Б.Ізбасаров қорытынды сөз сөйледі.
Анжела ИЗАЕВА