ЕҢБЕГІ ҰРПАҚҚА ӨНЕГЕ

0

2025 жыл елімізде Жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланып, еңбек адамының мәртебесін арттыру ерекше назарға алынған кезеңде, қоғамға үлгі болар тұлғаларды насихаттау маңызды. Осы орайда, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары арасында өткен «Шәушен» шаруа қожалығының негізін қалаушы Сайрамбай Дөненбаевтың еңбек жолын насихаттауға арналған облыстық бейнероликтер байқауы өткізілген болатын.

 

Мағлұмат ретінде нақтылай кетейік, байқаудың өткізілуіне себеп болған марқұм Сайрамбай Дөненбаев 1965 жылы Жамбыл облысының Луговой ауданында дүниеге келген. Қарапайым шопанның көмекшісі болып бастаған ол, өз табандылығы мен еңбексүйгіштігінің арқасында Қазақстандағы ірі шаруашылықтардың біріне айналған «Шәушен» қожалығын құрды. Бүгінгі жас буынға адал еңбек пен кәсібиліктің үлгісі бола білген Сайрамбай Әлімқұлұлы «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын, «Құрмет» орденін, «Алтын Жұлдыз» бен басқа да марапаттарды иеленген. Тек шаруашылықты дамытуда ғана емес, әлеуметтік саланы өркендетуде де көрінді. Сондай-ақ, туған ауылында тұрғын үйлер, балабақшалар, интернаттар, мешіттер мен медреселер салып, ауыл тұрғындарына жыл сайын қомақты әлеуметтік көмек көрсетіп отырды. Жастар арасында еңбекқорлықты насихаттаудың маңызды қадамы болып табылған байқауға ауданымыздың намысын арқалап, №7 Бетқайнар колледжінің ұжымы мен білімгерлері қатысып үздік нәтижеге қол жеткізіп қайтты. Бейнеролик түсіру барысында колледж директоры Г.Әлімбаева педагогтер мен студенттер  Сайрамбай Дөненбаевтың туған ауылы Жарлысуға барып, оның өмірі мен еңбегін зерттеп, ауылдастарымен сұхбаттасып, рухына Құран бағыштады.

 Атап айтқанда, №7 Бетқайнар колледжінің білімгері А.Метерхан және жетекшісі А.Абдулмақсұт жүлделі бірінші орынды иеленсе, аталмыш колледж білімгерлері А.Қалданбек, Ж.Ибрагимова және жетекшісі Н.Исмағамбетова жүлделі үшінші орынды жеңіп алды. Жерлестерімізге жеңісті күндері көп болсын демекпіз!

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.