Еліміз тәуелсіздік алған соң Үкімет мемлекеттік қаржы жүйесін реформалауға барын салды. Алдағы мақсат – жаңа қаржы жүйесін құрып, егеменді елдің ұлттық валютасын шығару болды. Ол кезеңде өте күрделі қалыптасу жолы, тынымсыз ізденіс, жетілдіру және қажырлы еңбек тұрғаны рас. Маңызды жұмысты өз мойнына қаржыгерлер алып, ел дамуына елеулі үлестерін қосып келеді.
Қазақстан республикасы Президентінің 1994 жылғы 27 қаңтардағы №1526 Жарлығымен ҚР Қаржы министрлігінде Қазынашылық бас басқармасынан және оның аумақтық құрылымдарынан тұратын қазынашылық органдарының орталықтандырылған жүйесі құрылды. Осы уақыттан бері мемлекет қаржысының сақшылары өздерінің еңбек жолын бастады.
Аталған даму жолына Қордай ауданының қаржыгерлері де өз үлестерін қосты. Қаржыгерлер күні қарсаңында осындай аумақтық құрылымда өмір бойы еңбек етіп келген жерлесіміз – Сандуғаш Мұсаханова жайлы жазуды жөн көрдік. Қаржы саласындағы жалпы еңбек өтілі 32 жылды құрайтын маман бүгінгі күні аудандық Қазынашылық басқармасының беделді, әрі сыйлы қызметкері. Олай деуге үлкен негіз бар. Себебі, Сандуғаш Тұрсымбайқызы 1993 жылы Президент жарлығы шықпай тұрып сол кездегі Ұлттық банк, Бюджеттік банк, кейіннен қазынашылық бөлімінде еңбек етіп, әлі күнге дейін жұмыс орнын ауыстырған емес.
Сандуғаш Мұсаханова 1975 жылдың 5 наурызында Кенен ауылында дүниеге келген. Оның атасы Мұсахан Құрамысов ауданға еңбегі сіңген ардагер, сол кездегі Киров колхозындағы беделді әрі сыйлы еңбеккерлердің бірі болған. Ал, әкесі Тұрсымбай және анасы Күлипа физика пәнінің мұғалімдері, бүкіл өмірін ұстаздық етумен өткізген абзал жандар. Осындай текті жерден шыққан бойжеткен қыз Сандуғаш 1991 жылы мектепті бітіре салып, бірден жұмыс істеуге тырысты. 1992 жылы Алматы қаласындағы Банк колледжіне сырттай оқуға түсіп, сол жылы Отар ауылындағы «Қазкомерцбанк» филиалында бухгалтер-оператор болып жұмысын бастады. Біраз тәжірибе жинап, жоғарыда айтып кеткендей, 1993 жылы аудан орталығындағы Ұлттық банк бөлімшесіне жетекші маман болып қабылданды.
— Мен жұмысқа тұрған кезде елімізде үлкен өзгерістер орын алды. Ұлттық валютамыз теңге айналымға шығып, өмірімде біраз қиын, жауапты, әрі қызықты сәттерді кештім. Елдер сол кездегі кеңестік сомдарды теңгеге айырбастауға әкеле бастады. Гипер инфляцияға ұшыраған сомды қоймаларда сақтайтын орын қалмаған кездерді көрдім. Ол кезде 500 сомға 1 теңге берілетін, ал бір адам 200 теңгеден артық ақша ауыстыра алмайтын. Талай түндеріміз ақша санаумен өтті. Десе де, бұл үлкен тәжірибе болды, – дейді Сандуғаш Тұрсымбайқызы.
1998 жылдың қаңтарынан бастап Бюджеттік банк жойылып, оның барлық қызметі қазынашылық басқармасына берілді. Қазақстанның қазынашылық жүйесі әлемде бірінші болып Oracle Applications R12 бағдарламалық қамтамасыз етудің жаңа нұсқасына көшті. Қаржылық құжаттарды беру процесі жеделдетіліп, сондай-ақ адами фактор мен жеке қалауды болдырмау үшін төлемдерді пакеттеу автоматтандырылды. «Қазынашылық-Клиент» ақпараттық жүйесі енгізілді. Сандуғаш Мұсаханова осы кезеңдердің барлығын басынан өткізді. Оның қажырлы еңбегі елеусіз қалмады. Жылда айтулы мерекелерде тәжірибелі маман марапатсыз қалмайды. 2023 жылы «Ауданға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталса, 2024 жылы Қаржы министрлігінің төсбелгісін тақты, ал аудандық, облыстық деңгейдегі Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары бір төбе. Десе де Сандуғаш Тұрсымбайқызы өзінің қарапайымдылығымен, адамгершілігімен ерекшеленеді. Өз ұжымында сыйлы қызметкер мұндай марапаттарға әріптестерінің көмегімен жеткенін алға тартады.
— Қазынашылық басқармада ұзақ жылдар еңбек еттім. Қасымда білікті әріптестерім болды. Олар менің жақсы маман болып қалыптасуыма көп көмек көрсетті. Атап өтсем, 1998 жылдан 2020 жылға дейін басқармаға жетекшілік еткен Болғанбек Абдраимов, мамандар – Рая Архабаева, Рымхан Қалиева, Сәуле Байтұрғанова және өзге де әріптестеріммен қызметтес болғаныма мақтан тұтам, – дейді Сандуғаш Мұсаханова.
Сандуғаш Тұрсымбайқызы 1995 жылы Ербол Абдраимовпен бірге шаңырақ көтеріп, екі ұл, бір қызды тәрбиелеп, өсірді. Үлкен ұлы Елдос полиция қызметкері болса, кіші ұлы Олжас анасының жолын қуып қаржыгер атанды. Ал, қызы Бану – студент. Бүгінде Сандуғаш Тұрсымбайқызы алғашқы немересін сүйген асыл әже де атанып үлгерді.
15 қараша – Қаржыгерлер күні қарсаңында ауданда қаржы саласында еңбек етіп жүрген барлық қаржыгерлерді кәсіби мерекелерімен редакция атынан шын жүректен құттықтаймыз! Отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық, жұмыстарыңызға табыс тілейміз!
Еркін ҚАТБЕКОВ