ЕҢБЕГІМЕН ЕЛ ҚҰРМЕТІНЕ БӨЛЕНГЕН

0

«Ердің аты еңбекпен шығады» демекші, осы сөздің шынайы үлгісін өмірімен дәлелдеген жандар арамызда бар. Солардың бірі – Қордай ауданындағы Соғанды ауылының тумасы, ауыл шаруашылығы саласында жарты ғасырға жуық маңдай терін төккен ардақты азамат – Әділбек Әбділдаұлы Темгазиев.

 

1945 жылдың қақаған қаңтарында дүние есігін ашқан Әділбек аға өмірінің алғашқы сәтінен-ақ еңбекпен есейген ұрпақтың өкілі. Соғанды ауылындағы Рисороб кеншарындағы төрт сыныпты тәмамдап, кейін Успеновка, қазіргі Бетқайнар орта мектебін 1962 жылы бітірген жас жігіттің өмір жолы – ауылдан басталып, үлкен елдік еңбекке ұласқан тағдыр.

Сол жылы облыстық комсомол ұйымының бастамасымен ұйымдастырылған жастар құрылыс отрядына қатысып, әйгілі еңбек майталманы Жазылбек Қуанышбаевтың «Қой шаруашылығын 50 миллионға а жеткізейік!» деген үндеуіне үн қосқан жас Әділбек малшының ауыр да абыройлы еңбегіне араласады. «Еңбектің наны тәтті, жалқаудың жаны тәтті» дегенді ерте түсінген ол екі жыл бойы ағасына көмекші шопан болып, туған жердің тіршілігіне тер төкті.

Еңбекпен қатар білімге де зор мән берген Әділбек Әбділдаұлы Красногор совхозындағы оқу орнын қызыл дипломмен тәмамдап, елге оралысымен Отан алдындағы борышын өтеп, 1965–1968 жылдары әскер қатарында болды.

Әскери міндетін атқарған соң, Алматы халық шаруашылығы институтын сырттай оқып, «Халық шаруашылығы экономикасы және қаржы» мамандығын меңгерді. Сонымен қатар, сол кезеңдегі қоғамдық-саяси білім ордасы саналатын Марксизм-Ленинизм университетін де тәмамдады.

1970 жылы жас маман Мойынқұм ауданына жолдамамен жіберіліп, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасында бас экономист қызметін атқарды. Сол жылдары ауылдың экономикалық дамуына, жоспарлау жүйесін жетілдіруге үлес қосқан маман ретінде әріптестері мен басшыларынан жоғары баға алған.

1979 жылы денсаулығына байланысты туған жері Қордайға оралып, Қордай совхозында есепші, бөлім меңгерушісі, басқарушы, бас зоотехник, кәсіподақ төрағасы сияқты түрлі қызметтерді абыроймен атқарды. Қай істі қолға алса да жауапкершілікпен, адалдықпен орындап, ұжымның сенімін ақтай білді.

«Еңбектің зейнеті – елдің құрметі,» – дейді дана халық. Расында да, ұзақ жылдық адал еңбегі еленіп, Әділбек Темгазиев Жамбыл облысына сіңірген еңбегі үшін төсбелгісімен марапатталды. Кейін, атбегілер форумында «Ұлт мақтанышы» төсбелгісін алған сәт – өмірінің ең жарқын беттерінің бірі.

Бүгінде Әділбек аға зейнеткерлік демалыста. Бірақ, оның өмірлік серігі – еңбек пен елге деген сүйіспеншілік – әлі де бойынан сезіледі. 40 жылға жуық уақыт ауыл шаруашылығында тер төккен азаматтың ең үлкен қуанышы – ұлағатты ұрпақ.

Төрт ұл, екі қыз тәрбиелеп, бүгінде 20 немере, 7 шөбере сүйіп отырған ақсақал: «Алланың берген жасына, ұрпағымның амандығына шүкір. Туған елімнің көк байрағы биікте желбіреп, ұрпағымыз ұлы дала перзенттері болып өссе – сол менің тілегім», – дейді. Лайым солай болғай!

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.