ЕҢБЕГІМЕН ЕР СЫЙЛЫ

0

Еңбек адамы болу – елдің өркендеуіне елеулі еңбегі сіңген адамдарға ғана тиесілі абыройлы атақ. Ер азаматтың өмір жолы, еңбектегі табысы, бақытты тұрмысы жақсы ниеттен құралса, балаларына – мұра, халқына – өнеге болады. Ауданымызда елге игілікті іс істеп, қоғамға пайдасы тиген азаматтар жетерлік. Солардың бірі – жарты ғасырға жуық ауыр техниканың тізгінін ұстаған ЮНУС ПАНШАРОВ.

Юнус Фулинович елу жылға жуық уақыт бойы трактор тізгіндеп, ауданның ауылшаруашылық саласының өркендеуіне бірден-бір үлес қосқан нағыз еңбек майталманы. Ол 1949 жылдың 1 ақпанында Сортөбе ауылында дүниеге келген. 1968 жылы ауылдық Лермонтов атындағы орта мектебін аяқтайды. Сол тұста алғашқы еңбек жолын «Коммунистический» колхозының тракторшысы болып бастайды. Сонымен қатар, Отан алдындағы борышын өтеуді парызы деп білген Юнус Фулинович 1969 жылы Грузияның Аджар автономды республикасының астанасы Батумиге шақыртылып, 1971 жылы елге аман-есен оралады. «Ат айналып қазығын табар, ер айналып елін табар» деген мәтелдің астарында терең мән бар. Олай дейтініміз, әскери борышын жаңадан өтеп келген кейіпкеріміз көп ойланбай «Коммунистический» колхозына қайта қабылданып, 1991 жылға дейін қызметін жалғастырды. Айта кетерлігі, еселі еңбегіне сай бірнеше медаль, грамотамен марапатталған. Соның бірі, 1983 жылдың 5-ші сәуірінде колхоздағы жетістігі үшін Халық депутаттары және облыстық кәсіподақ кеңесінің қаулысымен «Он бірінші бесжылдық озығы» медалімен наградталған. Бұл өз тұсындағы Юнус Фулиновичтің біліктілігінің нәтижесі деп білеміз.

«Бала кезімнен техникаға жақын өскендіктен сүйікті ісімнен бір елі ажырамадым десем де болады. Адал еңбектің арқасында жетістікке жетуге болатынын жақсы ұғамын. Міне, талай жыл бойы тракторшы болып жұмыс атқардым. Тынбай тер төгудің арқасында біраз нәрсе үйрендім. Тоқсаныншы жылдардың ортасында колхоз-совхоздың бәрі тарап, олардың орнын ұжымдық шаруашылықтар алмастырып жатты. 1991 жылы «Береке» ұжымдық шаруашылығына тракторшы болып қабылданып бүгінгі күнге дейін қызметімді атқарып келдім. Еңбекке қызу араласа жүріп, жұбайым екеуіміз 9 бала тәрбиелеп өсірдік. Олардан 40 немере, 6 шөбере, 5 шөпшек сүйіп отырған жайымыз бар», — дейді Юнус Паншаров.

Президенттің: «Қарапайым еңбек адамына деген құрметті арттырып, ел сүйсініп қарайтындай жағдай жасау қажет» – деп атап өтуі өте орынды.

Иә, адам өз несібесін еңбектен ғана табады. Қолынан келгенін аянбайтын әр адамға әркез сый-құрмет көрсетілуі тиіс. Мемлекет басшысы былтырғы халыққа жолдаған Жолдауында 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Бұл өте орынды бастама. Бұдан шығатын қорытынды – елімізде еңбек адамына деген құрмет-қошеметтің арта түсетіні сөзсіз.

Әділет ҚҰТТЫБАЙ

Leave A Reply

Your email address will not be published.