28 маусым – елімізде бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Бұл күн 1991 жылы 28 маусымда «баспасөз және басқа да бұқаралық ақпарат құралдары туралы» алғашқы ұлттық заңның қабылдануымен байланысты белгіленіп, 2011 жылдан бастап ресми түрде аталып келеді.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Газет — халықтың көзі, құлағы һәм тілі» десе, Міржақып Дулатов: «Егер халықтың баспасөзі мықты болса — бұл халықтың мықтылығы», – деп баспасөздің қоғамдағы маңызын айқындаған еді. Осындай жауапты саланың дамуына өмірін арнаған жандардың бірі — БИБІГҮЛ ТҰРҒЫМБАЙҚЫЗЫ БАЙҒАСКАЕВА.
Ол — Қордай аудандық «Қордай шамшырағы – Қордай маяк» қоғамдық-саяси газетінің 27 жылдық тарихында өзіндік із қалдырған, өз ісіне шынайы берілген жандардың бірі. Кәсіби мереке күні біз осы бір жаны жайсаң жан туралы сөз қозғауды жөн көрдік.
Бибігүл Тұрғымбайқызы 1948 жылы Қордай ауылында дүниеге келген. Балалық шағы оңай болмады. Әкесінің денсаулығы сыр беріп, отбасы ауыр тұрмыстық қиындықтарға тап болды. Бұл жағдайлар Бибігүлдің ерте есейіп, еңбекке араласуына себеп болды. Өмір мектебі оны шыңдап, болашақ еңбек жолына дайындады.
Бішкектен келген маман ұйымдастырған курстардан өтіп, стенография мен баспа машинкасында теру машығын меңгерген ол арнайы куәлік алып шығады. Бұл білімі оның кәсіби тағдырын айқындап, аудандық газетке жұмысқа орналасуына жол ашты. Қазақ тілін жақсы меңгеруі – сол кезеңде сирек кездесетін әрі аса қажет қасиет болатын.
Газет жұмысы сырт көзге жеңіл көрінгенімен, оның әр бетін теріп басуға машықтанған машинистка мамандығы – ерекше төзімділік пен зейінді талап ететін еңбек. Бибігүл апай алғашқы кезде тәжірибесіз болғандықтан, қатты қиналғанын жасырмайды.
– «Ешқандай тәжірибем болған жоқ. Машинкамен өте баяу теретінмін. Маған ескі, шиқылдаған машинка берілді. Әр әріпті басу үшін саусақты бар күшпен басу керек болатын. Соны біз әзілдеп ‘трактор’ деп атайтынбыз. Бір жолды теріп шығу – үлкен еңбек еді», – деп еске алады ол.
Жас қыздың еңбегі көпшілікке көрінбесе де, газеттің әр санының жарыққа шығуына сүбелі үлес қосып отырды. Терілген әр мақала, ресми хабарлама мен жарияланым оның сағаттап отырып терген еңбегінің нәтижесі еді. Түрлі қолжазбалармен жұмыс істеу, авторлардың қолтаңбасын тану, үтір-нүктесіне дейін дәл беру – машинистканың мойнына артылатын үлкен жауапкершілік болатын.
Сын мен сенімсіздікке қарамастан, ол кәсіби машығын дамытып, ұжымның сенімді маманына айналды. Әріптестері оның еңбекқорлығын, төзімділігін жоғары бағалады. Журналистер Валентина Бондарева, Анатолий Андреев, Жапар Көпбаев, Қырықбай Махаметжановтармен бірге еңбек етіп, тәжірибе жинады.
1968 жылы Бибігүл апай өмірлік жары Нұрқұл Байғасқаевпен отбасын құрып, бес баланы дүниеге әкелді: бір қыз, төрт ұл. Қазір ол оннан аса немере мен бірнеше шөберенің ардақты әжесі. Немересімен бірге тұрып жатыр, алайда жақында сүйікті немересі әскерге шақырылып, Бибігүл апай оны асыға күтуде.
Жұмысқа берілгендігі сондай, кей кездері еңбек демалысының өзі арманға айналатын. «Балаларымды ертіп, Шарбақты ауылындағы қайын енелеріме тығылып кететінмін. Сонда да мені тауып алып, жұмысқа қайта шақыратын. Сонда жылап, «мен қашан демаламын?» дейтінмін», – деп еске алады ол.
Бүгінде денсаулығы сыр беріп, ауыр дертпен күресіп жүрсе де, өмірге деген сүйіспеншілігі мен оптимизмін жоғалтпаған, болашаққа үмітпен қарайтын жандардың бірі.
Бибігүл Тұрғымбайқызы Байғаскаеваның өмір жолы – еңбекке деген адалдықтың, кәсіби жауапкершіліктің, отбасына деген сүйіспеншіліктің жарқын үлгісі. Оның үлгілі еңбек жолы — жас мамандар үшін баға жетпес мектеп.
Бүгінгі кәсіби мереке күні «Қордай шамшырағы – Қордай маяк» газетінің ұжымы атынан Бибігүл Тұрғымбайқызына және барша ардагер әріптестерімізге алғыс білдіре отырып, зор денсаулық, ұзақ өмір, отбасылық амандық тілейміз!
Мадина УЗБЕКОВА