Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар» жылы деп жарияланған болатын. Осылайша адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдардың еңбегі насихатталып, құрмет көрсетілетін айтулы шараға орай, аудан әкімі Бегзат Болатбеков ауданның көркею жолында өзіндік үлестері бар бірқатар сала мамандарының шаңырақтарына барып арнайы жүздесті.
Жұмысшы мамандықтар жылы — бұл еңбекпен келген нанның тәтті болатынына, қоғамның дамуы үшін адал еңбектің маңыздылығына ерекше екпін түсіретін уақыт. Әрбір жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек адамының қоғамда өзіндік орны мен қадірі бар. Өз кәсібіне адалдық танытып, жауапкершілікпен қараған адам қашанда жоғары орыннан көрінері хақ. Президенттің бастамасына сай аудан әкімі Бегзат Сейсенқұлұлы түрлі салада тынымсыз еңбек атқарып отырған мамандық иелерімен кездесу барысында алдымен Қордай ауылының тұрғыны, «Қордай су» мекемесінің бригадирі Қазақбай Көкішевтің мекен-жайына арнайы барып сый-сияпатын жасады. «Бүгінгі кездесудің маңызы ерекше. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылды Мамандықтар жылы деп жариялауы – қоғамымызда еңбек адамының мәртебесін арттыруға бағыттал-ған маңызды бастама болды. Қазақбай аға, Сіз – еңбек адамының айқын үлгісісіз. Қарапайым тракторшы болып еңбек жолын бастаған Сіз бүгінде «Қордай су» мекемесінде бригадир ретінде үлкен жауапкершілікті арқалап жүрсіз. Еңбекқорлығыңыздың арқасында Сіз тек өзіңіз ғана өсіп-өркендеп қойған жоқсыз, сонымен қатар кейінгі буынға үлгі бола алдыңыз. Сізге мықты денсаулық, отбасылық бақыт және жұмысыңызға табыс тілеймін! Еңбегіңіз әрдайым еленіп, ел алғысына бөлене беріңіз!», — деді аудан әкімі.
Осыдан кейін, аудан басшысы тағы бір қордайлық азамат, 1986 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін «QazaqGaz» ҰҚ, авариялық қалпына келтіру жұмыстарының слесарі болып адал еңбекті серік еткен Владимир Пасполиттің шаңырағында болып, ауданның даму жолындағы рөлін ерекше атап өтіп, естелік сыйлығын табыстады.
Кездесу легі одан әрі Қарасу ауылында жалғасып, Бегзат Сейсенқұлұлы Қордай аудандық электр жүйесі ЖШС-нің электр монтері Қуатбек Әшімовтың үйінде болды.
Мұнда еңбек адамының мәртебесін арттыруға бағыт-талған маңызды бастаманы желеу еткен аудан басшысы ел игілігі жолындағы еңбегіне ризашылығын білдіріп, бағалы сыйлықтар тарту етті.
Иә, бүгінде біздің түсінікте белгілі бір дәрежеге, мансапқа, байлыққа қолы жеткен адамдарды ғана еңбек адамы деп қарай-тын секілдіміз. Ал шын мәнісінде қызметі көзге көрінбейтін, халық арасында қаншама жандар бар. Олардың да істеп жүргені еңбек. Аудан тұрғындары үшін көрінбес майданның сарбаздары саналатын еңбеккерлер өз кезегінде аудан басшысының ықыласына ризашылық білдіріп, жұмысшы мамандықтарына көрсетіліп жат-қан құрметті жоғары бағалады.
Өз сөзінде аудан басшысы мұн-дай үрдіс жалғасатынын жеткізді.