Ел экономикасының дамуына үлес қосқан еңбек адамдары – қоғамның алтын қазығы. 2024 жыл – «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында Қордай ауданы Қарасай ауылдық округінің әкімі ауыл тұрғыны, еңбек ардагерлері Тұтқабай Асқаров пен Әуесхан Кулчикованың үйлеріне арнайы барып, олардың ұзақ жылғы еңбектері үшін алғыс білдірді.
Кулчикова Әуесхан Қамзақызы 1940 жылы Қаракемер ауылында дүниеге келген. Орта білім алған соң, жасынан еңбекке араласып, совхозда қарапайым жұмысшы ретінде қызмет етті. 17 жасынан бастап зейнетке шыққанға дейін совхозда жұмыс істеп, өз ісіне деген адалдығымен танылды.
Оның еңбекқорлығының арқасында халық сеніміне ие болып, бір рет облыстық, үш рет аудандық депутаттыққа сайланды. 1990 жылы көп балалы ана ретінде зейнеткерлікке шыққан ардагер бүгінгі күнге дейін ауыл тұрғындарының құрметіне бөленіп келеді.
Ал, Тұтқабай Асқаров 1939 жылы, Еңбек ауылында дүниеге келген. Ол мектепті тәмамдаған соң, Қырғызстанның Токмок қаласындағы жүргізуші мамандығын игерді. ДОСАФ-та (Әскери-техникалық қоғам) білім алған соң, совхозға жүргізуші ретінде жұмысқа орналасты.
Тұтқабай Асқаров бүкіл саналы ғұмырын ауыл шаруашылығы саласына арнап, совхозда жүргізуші болып 50 жылға жуық еңбек етті. Ол ауыл өмірінің маңызды бөлігіне айналып, әріптестері арасында беделді маман ретінде танылды.
Қарасай ауылдық округінің әкімі қос ардагерге ауылдастарының ризашылығын жеткізіп, естелік сыйлықтар табыс етті. Ол еңбек ардагерлерінің ауылдың өсіп-өркендеуіне қосқан үлесі орасан екенін атап өтіп, жас ұрпақты олардың еңбек жолынан үлгі алуға шақырды.