ЕҢБЕК АРДАГЕРЛЕРІНЕ МЫҢ АЛҒЫС

0

Көктемнің алғашқы жайма-шуақ күнімен тұспа-тұс келген Алғыс айту мерекесінде еңбек ардагерлеріне құрмет көрсетілді.

Аудандық ардагерлер кеңесі және жастар орталығы бірлесіп өткізген шараға «Красный Октябрь» колхозында механизатор болған Т.Шонатаев, ветеринария саласында 40 жыл табан ауыстырмай қызмет еткен Ж.Керденов, он баланы дүниеге әкелген батыр ана К.Тлеубаева, сауда саласының ардагері С.Сәрсенбаева, саналы ғұмырын тігіншілікке арнаған кейуана И.Нұртаева сынды түрлі салада қызмет істеп, аудан дамуына өлшеусіз үлес қосқан өзге де ардагерлер қатысты.
Өмірі еңбекпен өрілген қарияларға «Отечество» Қордай аудандық славян ұлттық этномәдени бірлестігінің жетекшісі Любовь Харченко, «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің өкілдері алғыстарын жаудырып, қиын-қыстау заманда құшағын жайған қазақ халқының қонақжайлығын еш ұмытпайтындарын тілге тиек етті.
Сондай-ақ, шара барысында Ә.Сейілханов, Т.Қалығұлов, Ж.Керденов, А.Шупта, т.б. ауданымыздың Құрметті азаматтары, еңбек ардагерлері сөз алып, алғыс айту күнінің астарына тоқталды. «Алғыс білдірудің маңызы өте зор. Халқымызда «Қарғыс алма, алғыс ал» деген даналық сөз бар. Біреудің шынайы алғысына бөлену үлкен рухани әсер береді. Бұл мереке еліміздегі ұлт пен ұлыстың береке-бірлігін одан әрі бекемдей түседі»,-деді ардагерлер.
Қариялармен жылы жүздесуде аудандық Жастар ресурстық орталығының директоры Расул Беделбаев та жылы лебізін жеткізді: «Бүгінгі бейбіт күніміздегі жетістіктер ең алдымен сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің жемісі. Сіздердің өнегелі өмірлеріңіз қазіргі жастарға үлгі. Өздеріңіз сияқты біз де елге сыйлы, еңбегімен еленген бір-бір қария болайық. Сіздерге аудан жастары атынан мың алғыс», — деп Жастар орталығының атынан еңбек ардагерлеріне гүл шоқтары мен сыйлықтарын табыстады.

Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.