Еңбек – берекенің бастауы

0

Ел тәуелсіздігіне биыл 30 жыл толып отыр. Осы жылдар аралығында елмен бірге көркейіп, көгерген ауданымыз, сол көркею жолында талмай еңбек еткен қордайлық азаматтарымыз бар. Олар ел еңсесін тіктеуге, экономиканың дамуына мықтап күш салған, сол арқылы жалпы республиканың дамуына сүбелі үлес қосқан жандар.

Бұл мақала елмен бірге дамып, табысқа қол жеткізген, 24 жыл ішінде аудандағы ең үздік ауыл шаруашылығы өндірістік орнына айналған «Нұр-Ал» ЖШС туралы болмақ. Дүйсенхан Онгелдиев басқаратын шаруашылық Бетқайнар ауылдық округі аумағында орналасқан. Бұл тек ауданымыз ғана емес, жалпы республика көлемінде бірінші болып фермерлік шаруашылықты қолға алған серіктестік. «Нұр-Алдың» ерекшелігі дәнді-дақылдардың жоғарғы сұрыпын өсіріп, сапалы сүт пен ет бағытындағы жұмыстарын жандандырып жүргендігі. Серіктестіктің жыл сайын алатын жоғары өнімі, жаңа техникалары мен жұмысшыларға жасалып отырған жағдай турасында аудандық, облыстық газет беттерінде үнемі жарияланып тұрады. Бұл, әрине ең біріншіден басшының жұмысты жүйелі етіп, дұрыс ұйымдастыра білуінен десе болады. Ал, Дүйсенхан Батырбекұлы бұл жетістіктің барлығы ұжымның қажырлы еңбегінің арқасы деп білетінін айтады. Жұмыстағы жоғарғы көрсеткіштер оларды үнемі жаңа белестерді бағындыруға итермелеп отырады екен. Жоғары өнімділікке қалай қол жеткізуге болады? Адамдар қалай жұмыс атқарады? Күнделікті тынымсыз еңбектің өтеуі қалай? Бұл сұрақтардың жауабы қарапайым: білім, тәжірибе, өз жұмысына деген сүйіспеншілік.

Жақында серіктестіктің кеңсесінде механизаторлар жиыны өтіпті. Онда әр маманға өз жұмыс аймағы бекітіліп, жанар-жағармайдан бастап, қажетті техниканы қолдану жайы талқыланды. Қазір шөп жинау науқанының қызған шағы. Сол себепті, әр жұмысты алдын ала пысықтап отырған жөн. Ал, егістік мәселесіне келер болсақ, серіктестік 1500 гектар алқапқа дәнді-дақыл сепкен. 200 гектар жүгері, 400 гектар көпжылдық шөп өсетін алқабы тағы бар. Былтыр жиын-терім науқанын сәтті аяқтаған «Нұр-Ал» әр гектарынан 25 центнер бидай алса, арпаның «Бәйшешек» тұқымынан гектарынан 13 центнер, «Арна» сұрыпынан 25 центнер өнім алған. Ал, жүгерінің орташа өнімдігі әр гектранына 80 центнер болыпты.

Былтырғы жылы жүгеріден өте жақсы өнім алдық. Өзге дақылдардан да алған өнім көңілімізден шықты. Биылғы жылға да үмітіміз көп. Барлығы ойдағыдай болады деп ойлаймыз, — дейді Дүйсенхан Онгелдиев.

Биылғы науқанға серіктестік үлкен дайындықпен келген. Бидайдың өз қорларындағы ең жоғарғы сұрыптары себілген. Шаруашылықпен танысу барысында бүгінде жұмысы қызған қырман басына да барып қайттық. Дүйсенхан Батырбекұлы көктемгі дала жұмыстары кезінде әр дәнге мұқият болып, сапасы мен сұрыбына аса көңіл бөлетіндерін айтады. Мәселен, шаруашылық Қазақ Ғылыми зерттеу институтымен тығыз байланыста жұмыс істейді екен. Ғылыми тұрғыдан келген соң өнім сапасы да жақсы болары сөзсіз.

Бүгінде аяғына тік тұрған, шаруашасы шалқыған шаруашылық түрлі бағдарламалардың да белсенді қатысушысы. Мемлекеттік қолдаудың арқасында заманауи техника алу мүмкіндігіне ие болып отыр. Қазіргі таңда серіктестікте «Вектор», «1 – Challenger» комбайндары, «К-700» тракторы, су жаңа дәнсепкіштері мен өзге де қажетті техникалары бар.  Сол «Вектордың» көмегімен егі ору науқанын бастап та жіберген. Белден келетін бидайды теңізде жүрген алып кемедей жүйткіп жүріп жинайтын техниканың жұмысына Дүйсенхан аға дән риза. Бұл тамаша техниканы «КазАгроҚаржы» АҚ арқылы алыпты. Сағатына 8-9 шақырым жылдамдықпен жүріп, тәулігіне 40 гектар аумақты оруға қауқары жететін комбайынға таң қалмау мүмкін емес. Оны жүргізіп отырған комбайншы арнайы монитор арқылы барлық жұмыс процесін бақылап отырады екен. Әр механизмнің қалай жұмыс істеуі, бункердегі бидайды көлемі дейсіз бе, барлығы комбайн компьютерінде көрініп тұр.

«Вектор» арпа мен бидайды ғана емес, сонымен қатар бұршақ дақылдары, соя, мақсары мен жүгеріге дейін жинай алады. Жанармайды өте аз тұтынатыны да шаруаға үлкен көмек екені рас. Егістік басында сабан бірден престеліп, ол жұмысшыларға тегін таратылады.

Біз егістік басында жүрген сәтте серіктестік фермасына сауыншылар мен малшылар, бригадир де жетіпті. Кешкі суын уақыты таяп қалған. Ферманың тазалығы өзінше бір әңгіме. Бригадир кешкі сауын бойынша түскен мәліметтерді қарап шықты да, «Бүгінгі жоспар орындалды», — деп күлімдей үн қатты. Сүт – бұл шаруашылықтың басты өнімі саналады. Өндіріс орнының әрі қарайғы дамуы, стратегиялық жоспарлары сүт өнімімен тікелей байланысты. Шаруашылықта мал азығын даярлауға, оның ішінде сапалы азық даярлауға үлкен мән берілетіндігінің себебі осында. Ферманың үлкен алаңын, сиырлар тұратын орын мен электрлі сауын аппараттарын көрдік. Мұнда еңбек ететін адамдардың өзі алғашқы танысқаннан бастап тамаша көңіл-күй сыйлай біледі екен. Достық пен түсіністікті, еңбекқорлықты бойына жинай білген жандар үшін жұмыстың ауырлығы білінбейтін сияқты. Бір-біріне үнемі көмекке келіп, ортақ істе жоғарғы жетістіктерге жетіп отыратыны осыдан болар. Әсіресе, сауыншылардың еңбегін мұнда жоғары бағалайды. Былтыр бұл ферма сүт зауытына 350 тонна сүт өткізіпті. «Сүт сиырдың тілінде» демекші, ірі қараны азықтандыруда сапалы өніммен қамтамасыз етіп отыратын ферма жұмысшыларының да еңбегін айта кеткен жөн. Олар қазірден қыстың қамына кіріскен. 2000 тона пішіндеме, 2000 тонна шөп дайындау қажет. 450 бас ірі қараны қыстан алып шығу оңай шаруа емес. «Ойсыл қара» тұқымына қыстай жоңышқа, пішендеме, аралас жем-шөп пен витаминді және минералды қоспалар молынан беріледі. Соның арқасында сүттің майлылығы 4,3 пайыздан түспейді. 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында ферма жұмысшылары 150 тонна сүтті зауытқа жіберіп үлгерген. Енді ферма ұжымы алдында осы бағыттан таймай, қыс айларында сүт өнімін төмендетіп алмаудың алдын алу шаралары тұр. Шаруашылықтың сүтті және етті көбейтудегі жетістігі, ең алдымен жазғы науқанды мейілінше пайдалануында. Мәселен, осы уақытқа дейін шаруашылық алғашқы 200 тонна пішендемені траншеяларға тоғытып, 100 гектар жоңышқаға шалғы салған. Барлық қызметкерлерге жалақыдан бөлек 10 орам шөп пен 15 орам сабан беріледі.

Қазіргі таңда қандай қиындықтар орын алуда, — деп сұрадық серіктестік басшысынан.

Әрине, қиындықсыз болмайды. Бірақ, олардың барлығына төтеп беретін тәжірибеміз бен мүмкіндігіміз бар. Қазірга таңда жаз айларын пайдаланып мал ұстайтын жаңа орындарды дайындаудамыз, сонымен бірге бұрынғы қоралардың шатыры мен терезелерін ауыстыратын боламыз.

Серіктестік фермаға қажетті жаңа құрылғылар сатып алыпты. Олардың ішінде сүт сауу аппараттары, тезекті автоматты түрде шығаратын арнайы лента бар.

Жалпы «Нұр-Ал» ЖШС асыл тұқымды мал асыраумен аты шыққан. Бүгінде «қазақ мериносы» тұқымдас 1000 бас қой ұстайды.

Мал шаруашылығын одан әрі дамытуды, мал басын көбейтуді жоспарлап отырмыз. Ірі қара мен қой өсіру арқылы жерлестерімізді толықтай етпен қамтамасыз етуге болады. Бұл ет пен сүт өндірісін молайтуға да мол мүмкіндік. Биылғы көктем айындағы сақман кезінде ветеринария қызметімен бірлесе үлкен жұмыс атқарып шықтық. Орташа есппен 100 бастан 105 қозы алдық. Егіз қозылар көп болды. Асыл тұқымды малды көбейтуді жалғастыратын боламыз, — дейді Д.Онгелдиев.

Егін егіп, диқандығымен дараланған, мал өсіріп, шопандықпен несібін жинаған ауданымыздың шаруаларының жайы бүгінде осындай. Мемлекет тарапынан қолдауды сезініп, берекесін екі есе молайтып отырған жандарға тек сәттілік пен жұмыстарына табыс тілейміз.

Дайындаған Ж.Омаров

Leave A Reply

Your email address will not be published.