Еңбек ресурстарының ұтқырлығы

0

Биылғы жыл мемлекетіміз үшін күрделі болғаны анық. Бүкіл әлемді шарпыған індет ел экономикасына айтарлықтай зардабын тигізіп, ауыр сынақтан өткізді. Осыған байланысты Президент Қ.Тоқаев экономиканы, шағын және орта бизнесті, сондай-ақ барша тұрғындарды қолдау үшін үкіметке нақты тапсырмалар жүктеген болатын. Соның арқасында еңбек нарығы зор қолдауға ие болып, жерлестеріміз қиын жағдайда «екі қолға бір күрек» таба алды.

Маңызды мәселелердің бірі тұрғындардың жұмыспен қамтылуы және еңбекке орналастыруды қамтамасыз ету мемлекеттің ерекше бақылауына алынған. Осы орайда, Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесуге және азаматтарды кәсіпкерлікке тартуға бағытталған. Мемлекеттік бағдарлама еңбек нарығының қажеттілігін ескере отырып, техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлау, қысқа мерзімді кәсіптік оқыту, еңбек ресурстарын қайта даярлау, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту, ауылдық елді мекендерде шағын кредит беруді кеңейту, жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар беру, еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру сияқты бірқатар міндеттерді қамтиды.

Биыл қысқа мерзімді оқу орнына 160 адам жіберіліп, олар оқуын аяқтап, 159 азамат тұрақты жұмысқа орналасты. Ал, «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша бүгінгі күнге барлығы 370 азамат оқуын аяқтап, сертификаттарын алды. Оның ішінде 160-ы мемлекеттік грант және 35-і шағын несие алды. Сонымен қатар, 143 адамға кәсіпкерлікті қолдау мақсатында жалпы 584500,0 мың теңге көлемінде микронесие берілген. Ал, 584 азамат мемлекеттік грант алып, кәсібін бастауға керемет мүмкіндік алды.

Ағымдағы жылы жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды жұмыспен қамту үшін ақылы қоғамдық жұмыстарға 1700 адамға 685904,0 мың теңге қарастырылды. Осының арқасында бүгінгі күнге 1929 азамат ақылы қоғамдық жұмыспен қамтылып, жалақысын алуда.

Бағдарлама жастарды жұмыспен қамту мәселесін де шешіп келеді. Мысалы, жастар практикасына 170 адамға 58205,0 мың теңге қарастырылып, бүгінгі күнге 198 азамат жастар тәжірибесіне жолданып, оның 119-ы аяқтап, 115-і тұрақты жұмыспен қамтылды. Бұл жастарды жұмыспен қамту ісіне елеулі үлесін қосқаны анық. Сондай-ақ, бағдарлама аясында әлеуметтік жұмыс орындарына 125 азамат жолданып, бүгінгі күнге 13856,0 мың теңге игерілді.

Е.ҚАТБЕКОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.