ЕҢБЕККЕ ЕРЕКШЕ ҚҰРМЕТ

0

Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Масаншы ауылының әкімі Хусейн Буларов, ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Рамазан Малиев пен аудандық мәслихат депутаты Амине Тушанло ауыл тұрғындарына еңбегімен танылған Фатима Малиева мен Сағынбек Бегалиевтің үйіне арнайы барып, адал еңбектері үшін алғысын білдірді.

Фатима Харовна 1953 жылы 26 қаңтарда Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында дүниеге келген. 1969 жылы Ташкент қаласындағы мектепті бітіріп, 1969-1971 жылдары колледжде хатшылық мамандығы бойынша білім алды. Ол еңбек жолын Ташкент қаласындағы темір-бетон зауытында хатшы ретінде бастады.

1972 жылы Масаншы ауылына тұрмысқа шығып, осы ауылға қоныс аударған. 1972-1980 жылдар аралығында Масаншы ауылындағы балабақшада күтуші болып еңбек етті. Кейін, 1980 жылдан бастап 2012 жылға дейін Масаншы ауылындағы №13 мектепте қарапайым жұмысшы болып қызмет атқарды. Жауапкершілігі мол, адал еңбегімен ауыл тұрғындарының алғысына бөленді. Төрт баланың ардақты анасы.

Сағынбек Бегалиев 1946 жылы 4 қыркүйекте Күнбатыс-1 ауылында дүниеге келген. 1960 жылы Қызылсай ауылындағы орта мектепті тәмамдап, еңбек жолын ауыл шаруашылығы саласында бастады. 1962-1965 жылдары «Коммунизм» колхозында шопан болып қызмет етті. 1965-1968 жылдары Кеңес әскері қатарында борышын өтеген.

Әскерден кейін еңбек жолын жалғастырып, 1970-1975 жылдары колхоздың қойма шаруашылығында қарауыл болып қызмет атқарды. 1975-1992 жылдары «Трудовик» колхозында шопан болса, 1992-1996 жылдары «Коминтерн» колхозында мал бағумен айналысты.

Ауыл шаруашылығы саласына қосқан үлесі мен адал еңбегінің арқасында ауылдастарының зор құрметіне ие.

Leave A Reply

Your email address will not be published.