Қарапайым еңбек адамдарының мәртебесін көтеруді мақсат еткен «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында біз ерекше жан, яғни алтын құрсақты ана, кәсібін сүйіп істейтін ісмер, жауапты маман әрі елдің алғысын арқалап жүрген ақ халатты абзал жан Эльвира Ирсаева туралы сөз қозғамақпыз
Эльвира Айдировна – алты перзенттің аяулы анасы. Көпбалалы болудың өзі үлкен мәртебе болса, оны кәсіппен қатар алып жүру – ерен ерлік. Ол соңғы бес жыл бойы Қордай ауданы мен оған қарасты ауылдарда түрлі мерекелердің сәнін кіргізіп, көркемдікке жан бітіруде. Сонымен қатар, фотозоналар жасап, залды безендіріп, той-томалақтарға арналған баннерлер мен бонбоньеркаларды әзірлеумен айналысады. Әр туындысы – сүйіспеншілікпен, шынайы шабытпен тікелей еңбек етіп жасалған өнер туындысы.
Айта кетерлігі, кейіпкеріміздің негізгі мамандығы – акушер. Ол Масаншы ауылдық амбулаториясында бірнеше жылдан бері әйелдердің денсаулығы мен сәбиінің аман-есен дүниеге келуіне ерекше атсалысып келеді. Қазіргі таңда алтыншы сәбиіне байланысты декреттік демалыста болса да, бұл оның тоқтап қалуы емес, керісінше, шабытпен алға басудың кезі болып табылады. Декреттік демалысын тиімді пайдаланып, кәсіпкерлік ісін кеңейту мен әлеуметтік желіде блог жүргізу жобаларын қолға алған. Оның «Instagram» парақшасын бүгінгі күні 6500-ден астам оқырман тұрақты түрде бақылап, кеңестерін, шығармашылығының нәтижелерін қызыға тамашалауда.
Эльвира Айдировнаның жетістіктерінің артында – отбасының қолдауы, әсіресе жары – Ғани Ақшабаевтың сенімі мен демеуі тұр.
«Жолдасымның сенімі мен қолдауы болмағанда, мұның бірі де жүзеге аспас еді» – дейді Эльвира Ирсаева.
Эльвира Айдировна – біздің заманымыздың қарапайым, бірақ үлкен рухты кейіпкері. Ол ана болып қана қоймай, кәсіпкерлікпен айналыса отырып, денсаулық сақтаушы маман ретінде де үлгі бола біледі. Осындай жандардың өмір жолы – бүгінгі жастарға еңбекқорлық пен табандылықтың нақты үлгісі. Бұл тек бір адамның өмірінен, бір отбасының тарихынан бастау алып, елдің алғысына айналған маңдай тер мен күш-жігердің, еңбек пен табандылықтың айқын көрсеткіші. Мұндай жандардың арқасында қоғамымыздың рухы көтеріліп, әрбір күні мейірім мен сүйіспеншілікпен өрбиді.
Фариза ҚОРАБАЙ