ЕҢБЕКПЕН ӨРІЛГЕН ӨМІР

0

Кеңес үкіметі тұсында ел азаматтары еңбекке ерте араласып, төрт-түліктің тілін меңгеріп, елдің өсіп-өркендеуіне бар күш-жігерін салды. Ол кезеңде шаруашылықтың басын дөңгелетіп, Одақ көлемінде жоғары дәрежелі жетістіктерге жеткен жандар да аз болмады.
Соның ішінде «Социалистік Еңбек Ері» атағын алғандар санаулы-ақ еді. Олардың қатарында Қордай ауданының тумасы – Тілеубай Қожахметов те бар. Тарихта есімдері қалған еңбек адамдарының өнегелі өмірін кейінгі ұрпаққа үлгі ету – біздің міндетіміз. Сондықтан, ауданнан шыққан ауыл шаруашылығы саласы майталманының өмірі мен еңбек жолы хақында деректерді назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.
Тілеубай Қожахметов 1911 жылы қазіргі Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Шарбақты ауылында дүниеге келген.
Ауыл шаруашылығын ұжымдастырудың басталуымен 1930 жылы жергілікті ауыл шаруашылығы артеліне қосылды. Бастапқыда ол темір ұстасы болып жұмыс істеді, колхоздағы комсомол ұяшығын басқарды.
1939 жылдан бастап ауылдық кеңестің төрағасы, 1944 жылдан бастап артта қалған шаруашылықтардың бірі болып табылатын «Ақтерек» колхозының төрағасы болып жұмыс істеді. Сол жылдары дәнді дақылдардың өнімділігі едәуір өсті, мал шаруашылығы, әсіресе жылқы шаруашылығында айтарлықтай жетістіктерге жетті. Бұл ретте Тілеубай Қожахметовтың басшы ретінде колхоз жұмысының қарқынды жүруіне, үлкен көрсеткіштерге қол жеткізуіне қосқан үлесі зор.
Нақтырақ айтсақ, жұмыс қорытындысы бойынша, 1947 жылы 87 биеден 87 құлын өсірді. КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1948 жылғы 23 шілдедегі Жарлығымен 1947 жылы мал шаруашылығының жоғары көрсеткіштерге жеткені үшін Тілеубай Қожахметовке «Ленин» ордені мен «Орақ пен Балға» алтын медалін тапсыра отырып, «Социалистік Еңбек Ері» атағы берілді.
Тілеубай Қожахметов сынды істің көзін аша білген азаматқа жоғары деңгейдегі марапат берілгені шын мәнінде оның еңбекқорлығының, өз мамандығына деген адалдығының дәлелі.
Еңбек ерінің ұлы Еркінбай Тлеубайұлы әке жолын қуып, жастайынан тракторшы, «Путь Ленина» совхозында механик болып жұмыс істеген. Бірнеше жыл атқарған адал қызметі үшін КСРО-ның бірнеше жоғары наградаларымен марапатталған. 1978 жылы «Победитель Социалистического Соревнования» орденімен, Ленин орденімен және бірнеше медальдармен марапатталған. Кейін 1980 жылдары зейнетке шыққанға дейін Ырғайты совхозының Шарбақты ауылы бойынша басқарма басшысы қызметін атқарған. Жұбайы Күлдариға Тлеубаева екеуі 10 баланы дүниеге әкеліп, тәрбиелеп өсірген. Күлдариға Тлеубаева КСРО-ның «Батыр Ана» атағын алып, Қазақстан Республикасының «Алтын алқа» иегері атанған. Баласы Уәлихан да ата жолынан алыстамай, К.Әзірбаев атындағы совхоз-техникумын бітірген екен.
Қай кезде де туған жерін түлетуге үлес қосқан абыройлы азаматтардың өмір жолы оның адами болмысының биіктігін көрсетсе керек. Қарапайымдылық пен адамгершілікті өмірдегі басты ұстанымы етіп ұстаған жандардың еңбекпен өрілген өмірі, расында, бүгінгі өрімдей өрендерге үлкен ғибрат.

Leave A Reply

Your email address will not be published.