Адам баласының өміріндегі бел-белестердің бәрі де елеулі саналады. Сөйтсе-дағы кемел жас 60-тың орны мүлдем ерекше екені баршамызға мәлім. Ардақты асудан асып, кемелденген мерейлі кезеңге көтерілер бұл шақтың тал түс аталуы да осында екен. Осы таңда адам өмір жолының асқар биігі – алпыстың шыңына шыққан ауданымыздағы танымал тұлғалардың бірі – Шарипова Ғалия Қойкенқызы жайлы аз-кем әңгімелесек деп едік.
Өмір жолын ұстаздық еңбекке арнаған аяулы жан 1964 жылғы 25 қарашада дүниеге келген. Бішкектегі Фрунзе педагогикалық Орыс тілі және әдебиеті институтын тәмамдаған соң, еңбек жолын 1987 жылы бұрынғы Қасық қазіргі Әлжан ана ауылдық орта мектепте мұғалім, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып бастады. Одан кейінгі жылдары Қордай ауылындағы Д.А.Қонаев атындағы №1 мектеп-гимназиясына ауысып, мұнда да ұстаздық етіп, мектеп директорының оқу-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. Жалпы еңбек өтілі қырық жылға таяған аяулы ұстаз 18 жыл №5 Н.Крупская атындағы орта мектеп және №3 Абай атындағы орта мектеп директоры қызметінде еңбектенген. Бүгінде кейіпкеріміз Қордайдағы №1 Д.А.Қонаев атындағы мектеп-гимназиясында орыс тілі және әдебиеті пәнінен дәріс береді.
Өз ісінің маманы екендігін, білімділігін, өзіне тапсырылған іске жауапкершілікпен қарап, ұжымда үлкенмен де, кішімен де тіл табыса білетіндігін көрсетсе керек. Еңбек жолында талай белеске шығып, ұжымның және әріптестерінің құрметіне бөленіп жүр. Талай мәрте марапатқа бөленіп, облыс, аудан басшылығының Құрмет грамоталарымен наградталған. Олардың қатарында ҚР Оқу-ағарту министрінің Құрмет грамотасының, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 25 жыл», «Әлеуметтік серіктестікті дамытуға қосқан үлесі үшін», «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілерінің иегері. Мектеп директоры қызметінде мұғалімдердің оқу процесінде жаңа технологияларды қолдануына аса көңіл бөліп, олардың арнайы курстардан өтулеріне жағдай жасады. Ғалия Койкенқызының өзі де білімін әрқашан жетілдіріп, білім беру саласындағы жаңалықтарды, жаңа технологиялар мен жаңаша оқыту әдістемелерін жылдам меңгеруде. Дарынды оқушылармен жұмысты дұрыс ұйымдастыруына байланысты оқушылары аудандық, облыстық пән олимпиадаларына қатысып, жүлделі орындарды иеленуде. Ғалия Шарипова білім берген көптеген шәкірттері еліміздің түкпір-түкпірінде әр салада адал еңбек етіп жүр.
Ұстаздық еңбектен бөлек, ауданның қоғамдық өміріне белсене атсалысып жүрген Ғалия Қойкенқызы оншақты жылдай «Шаңырақ» атты ұлттық-мәдени орталыққа жетекшілік етті. Бүгінгі таңда да оны ауданда қоғамдық жұмыстардың қайнаған ортасынан көруге болады.
Педагогикалық еңбек жолында көптеген жетістіктерге қол жеткізген біздің кейіпкеріміз, асыл жар, аяулы ана, ардақты әже болып отыр. Отағасы Қуатбек Төребекұлымен екі қыз және бір ұл тәрбиелеп өсірді. Қыздары Фарида мен Жұлдыз қаржы саласының білікті мамандары, ал ұлы Жандос стоматолог. Берекелі отбасы бес немеренің қызығына бөленіп отырған жайы бар.
Көзбен көргенін, көңілге түйгенін жастарға аналық ақылмен жеткізетін Ғалия Қойкенқызы бүгінде 60 жасқа толып отыр. Өмірден тоқығаны мол, кең ойлап, қамқор қолын ұсынып жүретін аяулы жан ретінде көпшілікке жақсы танылған мерейтой иегері бар еңбегін арнаған білім саласын дамытуға сіңірген белсенді қызметі, тың ғылыми-техникалық жаңалықтарды енгізуде озық ойлайтын кемел қабілеті кім-кімді де тәнті етпей қоймайды. Осынау мерейлі күні отбасына амандық, береке тілейміз.