Мемлекеттік кірістер комитеті 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап бүкіл ел аумағында жұмыс істейтін «E-Salyq Business» мобильді қосымшасын әзірлеп, іске қосты. Әзірлеудегі негізгі мақсат Мемлекет басшысының жеке кәсіпкерлердің салық міндеттемелерін орындау рәсімдерін түбегейлі жеңілдету туралы тапсырмасын іске асыру болып табылады.
Бұл тегін қосымшаны App Store, Play Market және App Gallery-ден жүктеуге болады. Бүгінгі таңда қосымшаны 27 мыңнан астам кәсіпкер пайдалануда. «E-Salyq Business» мобильді қосымшасы бірқатар салық рәсімдерін жеңілдетті. Мәселен, осы қосымша арқылы сіз жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге, кассалық чектің орнына мобильді қосымшаның чегін беруге, қосымшада берілген чектер негізінде кәсіпкердің кіріс есебін жүргізуге, салықтар мен әлеуметтік төлемдерді автоматты түрде есептеуге, жалдамалы қызметкерлердің және олардың табыстарының есебін жүргізуге, оңайлатылған декларацияны тапсыруға (910.00 нысан), кәсіпкерлік қызметті оңайлатылған тәртіпте тоқтатуға мүмкіндік аласыз. Одан бөлек, «E-Salyq Business»-те ыңғайлы сервистер әзірленуде. Олардың көмегімен салық органдарының жіберген хабарламасын алуға, бір төлем құжатымен бірнеше салықты төлеуге, артық не қате төленген салықтарды алдағы салықтар есебіне жатқызуға немесе қайтарып алуға болады. Сондай-ақ, бірқатар анықтамаларды да алу мүмкіндігі бар. Мысалы, жеке кәсіпкер ретінде тіркелу туралы, оның және оның жұмысшыларының табысы туралы анықтамаларды ала аласыз. Бұлардың барлығы талап етілген жерге ұсынуға арналған. Осылайша, мобильді қосымшада жеке кәсіпкердің салық міндеттемесін орындаудың барлық өмірлік циклі қарастырылған.