«ECO CHICKEN» таза өнім кепілі

0

Құс етіне деген сұраныс елімізде өте жоғары. Бүгінде елімізде ірі қара мал етінен кейін ең көп тұтынылатыны да осы. Сол себепті кейінгі кезде құс шаруашылығы ерекше дамып келеді. Құс өсіріп, пайда тапсам деген кәсіпкердің бірі қордайлық Гүлвира  Сарибаева.

Гүлвира Сарибаеваны қордайлық-тар кәсіпкер ретінде жақсы таниды. Еңбексүйгіштігімен әрқашан ел аузында жүретін ол тың идеялы тірліктер тындыруға әуес. Мәселен, осы күнге дейін жұрт оны нан өнімін нарыққа шығарушы деп білетін. Ал, енді Гүлвира Сарибаева кәсіпкерліктің өзге қырын да игере алатындығын дәлелдеуде. Яғни, жоғарыда айтып өткендей ол құс шаруашылығын дамытуды қолға алыпты. «Ақжайық» қайнарының маңында орналасқан оның жаңа кәсібі бүгінде өз нәсібін беруде. Жақында онда құс өсіретін үш модульді орналастырды. Әр модульде 1500 балапан бар. Онда құстарға арналып барлық жағдай жасалынған, модульдің жұмысы толықтай автоматтандырылған. Яғни, балапандарға жем және су беру, ішіндегі микроклимат барлығын заманауи компьютер реттеп отырады. Кәсіпкер алдағы уақыттарда модульдер санын арттыруды көздеп отыр екен. Негізі ауданда құс етін өндіруді «ECO CHICKEN» құс фермасы бастап, ол жобаны аудандағы белгілі «Қордай-Корм» ЖШС-нің басшысы Талғат Сарсембаев қолға алған. Құрама жем өндіру нарығында ұзақ уақыт жемісті еңбек етіп жүрген серіктестік жиналған тәжірибенің арқасында нарықты зерттей келе құс өсіру ісін бастаған. Өзінің алған тәжірибесі арқасында ол өзгелерді де осы кәсіпке шақыруда.  Міне, Гүлвира Сарибаева да кәсіпке осылай келгенін айта кеткен жөн. Ондағы модуль «сендвич-панельдерден» құрастырылған. Осы уақытта тәжірибе жүзінде аталмыш модульдердің тиімділігі анықталып, кемшіліктері жетілдірілді. Қыс мезгілінде -35 градус, жаз айларында +40 градус температурада модульдегі құстардың жай-күйі бақыланады. Сонымен қатар, тағы айта кетерлігі  бройлер балапандары 43-45 күнде пісіп-жетіліп, союға дайын болады. Модульдің ішінде өзіндік микроклиматты автоматтандырылған жүйе қадағалайды, сонымен қатар су және жем де автоматты түрде жеткізіліп тұрады. Қанаттыларға берілетін дәрумендер мен вакцина қатаң қадағаланады. Құстарға аталған серіктестіктің өзі өндіретін «ECO JEM» құрама жемі беріледі. Бұл жем табиғи таза дәнді дақылдардан дайындалып, құрамында бройлер балапандарына қажетті дәрумендер және минералдармен толық қамтамасыз етіліп, қосымша азықтандыруды қажет етпейді. Мамандардың айтуынша, жем құрамындағы ферменттер азықтық заттардың жақсы қорытылып, сіңуіне ықпал етеді екен. Атап өтетіні, «ECO JEM» құрамында гормондар, тез өсіргіш заттар мен антибиотиктер жоқ. Сондықтан да, құс еті «ECO CHICKEN» брендімен нарыққа ұсынылып отыр.

Кейіпкеріміздей «ECO CHICKEN» құс фермасының серіктесі болып кез келген азамат өтініш білдіре алады. Осы бағытты қолға алам деушілерге құны 5,5 млн. теңгелік көлемі 120 шаршы метрлік модульді мамандар өздері орнатып береді. 1500 бройлерге арналған модуль толықтай керек-жарағымен жабдықталып, жұмыс істеуге дайын болады. Осылайша, «ECO CHICKEN» құс фермасының серіктесі болғандарға мамандар дайын модульді ұсынып қана қоймай, бұл істің қыр-сырын үйретіп, әрдайым ақыл-кеңес беріп, сүйемелдеп отырады

— Осы кәсіппен айналысып келе жатқанымызға біраз болды. Басында әр кәсіптің өз қиындығы бар және ол заңдылық. Тек оған төзіп, жылдам бейімделу керек деп ойлаймын. Мәселен, біз өсіріп жатқан балапандар 43-45 күнде союға дайын болады. Және бір балапанның өзіндік құны 460-500 теңгені құрайды. Құс етін өндіруде басты 3 мәселе бар, олар – балапандарды дұрыс өсіру, оларды санитарлық талаптарға сай сою және дайын өнімді өткізу, — дейді Гүлвира Сарибаева.

Кәсіпкер қолға алған осы кәсіпті ұлғайтуды көздейді. Осы мақсатта ол мемлекет тарапынан қолдау болады деген үмітте.

Leave A Reply

Your email address will not be published.