ЕГІН ДАЛАСЫНАН ЕСКЕН ЛЕП

0

Егістік жер көлемі 137,4 мың гектар болатын аудан алқаптарында қызған еңбек лебі күн өткен сайын еселене түсуде. Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарын 100,8 мың гектар алқапқа орналастырған қордайлық диқандарда қазір дамыл жоқ. Арпа-бидай ораққа түсіп, егін даласында еркін жүзген комбайндар, таулы аймақтарда шөп жинау науқанын әлі де болса қыздырып жатқан шаруа қожалықтар әр күнді бос өткізуге болмайтынын жақсы түсінеді.

Аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімі берген мәліметтерге сүйенсек, қазір күздік бидай 20,1 мың га, жаздық арпа 36,525 мың га, көкөніс 3,5 мың га, бақша 0,3 мың га, картоп 2 мың га, дәндік жүгері 6,5 мың га, қант қызылшасы 1,025 мың га болып отыр.

Бүгінгі күнге масақты дәнді дақылдардан күздік бидайдың 3257 га орылып, қырманға 5048 тонна өнім түскен.  Әр гектардан орташа өнім 15,5 центнер болып отыр.  Ораққа түскен 36500 га алқапты алып жатқан арпаның орылғаны – 7489 га, түсімі — 10634 тонна, әр гектардан алынған өнім 14,2 центнер. Масақты дәнді дақылдарды жинау барысында 88 комбайн жұмылдырылған. Суретте жұмысқа белсенді кіріскен «Мақұлбаев» шаруа қожалығының техникалары.

Осы орайда мал азығын дайындау науқаны бойынша қысқаша тоқтала кетсек. Аудан бойынша мал азығын дайындау үшін жалпы 33 278 гектар жер шабуға белгіленген, оның ішінде көп жылдық шөп 23 840 га (3 орым), табиғи шабындық шөп 9 038 га және сүрлемдік жүгері 400 гектар.  Бүгінгі күнге 359 300 тонна пішен жоспарының орындалуы 260 775 тоннаны құраса, пішендеме дайындау толықтай аяқталған. Шаруалар 24000 тонна пішендемені толығымен жинап алған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.