ЕГІН ДАЛАСЫНДАҒЫ ЕҢБЕК ЛЕБІ

0

Жаңбырлы көктем, жайлы жаз егін даласында еңбек еткен шаруаларға тамаша мүмкіндіктер жасауда. Соның әсерінен жайқала өскен егіндікті ендігі жерде шашау шығармай жинап алу жұмыстарына аса мән берілуде. Өткен бейсенбі күні аудан басшысы Мәден Мұсаев бірқатар шаруа қожалықтардың егін алқаптарына барып, диқандармен жолығып қайтқан болатын.

Жалпы аудан бойынша 40 мың гектар алқапқа арпа егілген. Өсімі де бітімі де тамаша болып тұрған егіндік басында қазір жұмыс қызу. Алдымен атбасын тіреген Бетқайнар ауылындағы «Нұр-Ал» шаруа қожалығында арпа ору науқаны басталып кеткен. Осы орайда айта кетерлігі, қордайлық диқандар облыс бойынша бірінші болып егінге орақ салған. Техникасы сай, мамандары жеткілікті қожалық иесі Дүйсенхан Онгелдиевтің айтуынша, биылғы ауа райының қолайлығы және жиын-терім науқанына жақсы дайындықтың арқасында барлығын сәтті аяқтауға толық мүмкіндік бар көрінеді. Арпадан бөлек 20 гектар жерге күздік бидай сепкен «Нұр-Ал» ШҚ комбайыншылары мен механизаторлары, жүргізушілері қазір жұмысқа білек сыбана кіріскен. Шаруалармен тілдескен аудан әкімі жұмыстарына сәттілік тіледі.
Мәден Тоқтарбайұлы осы күні Бетқайнардағы «Алмаз» шаруа қожалығының жүгері алқабына да барды. 200 гектар алқапта қазір жайқала өсіп келе жатқан «Маями» тұқымды жүгеріге тамшылатып суару жүйесі қолданылады. Су шығынын азайту, өнім сапасын арттыруға пайдасы зор бұл әдіс алдағы жылдары да қолданылмақ. Қордай ауданы әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Б.Садырбаев және аталмыш шаруа қожалық жетекшісі Жұмабек Ещиғановтар аудан әкіміне қазіргі жұмыс барысы турасында түсініктеме берді. Аудан басшысы өз кезегінде суармалы су мәселесінің күрделі болып отырған шағында осындай тамшылатып суару жүйелерін ұтымды пайдаланып, жақсы өнім алып жүрген қожалық жұмысына да табыс тіледі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.