ЕГІН ДАЛАСЫНДА ЕРЕКШЕ ИІС БОЛАДЫ

0

Бүгінгі таңда істің қиюын келтіріп, әр салада өз кәсібін дөңгелетіп отырған жандар аз емес. Бүгінгі кейіпкеріміз де жастайынан еңбекке араласып, ақыл парасатымен көпшілікке үлгі бола білген жайсаң жан. Ауқаттылық Чингиз Кипчакбаев егін егіп, игілігін көріп отырған шаруа, маңдай тері еңбегінің арқасында шаруасын шалқытып отыр.

Чингиз Адилханович Ауқатты ауылында дүниеге келген. 1987 жылы ауылдық орта мектепті аяқтаған кейіпкеріміз, 1988-1990 жылдар аралығында Кеңес одағы тұсында Мәскеу қаласына аттанып, Отан алдындағы борышын атқарып келді. Еңбек жолын 1993 жылы колхоздың жүргізушісі болып бастап, 2004 жылға дейін «Газ-53» жүк көлігін тізгіндеді.

«2004 жылы «Бірлік» шаруа қожалығын құрдым. Жалпы, егін шаруашылығымен айналысып келе жатқаныма 20 жылдан астам уақыт болды. Осы жылдар аралығында көптеген қиындықтарды да бастан кешірдік. Өнімді жақсы алған кездеріміз де болды. Егіннің шығымдылығы жердің құнары мен ауарайының жаңбырлы болуына байланысты. Биыл 150 гектар аумаққа – арпа, 50 гектар алқапқа – жоңышқа септік», -дейді шаруагер.

«Жер Ана мәпелесең – жомарт» дегендей, ерте көктемнен басталатын тірлік қара күзге дейін жалғасады. Шаруа қожалығының жұмысына Чингиз аға өзі бас-көз болып отыр. Диқаншылыққа бет бұрған қожалықтың жұмысшылары түрлі ауыл шаруашылығы техникаларын тізгіндеп, маусымдық жұмыспен қамтылған.

«Ауыл шаруашылығымен айналысу ата кәсіп десем де болады. Оның үстіне ауылда тұрғандықтан жерге егін салу негізгі кәсібіме айналды. Қазір қожалықтың арқасында ауыл азаматтарын жұмыспен қамтып отырмын», — деп сөзін түйіндеді ол.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында қордаланған мәселелерге тоқтала келе, ауыл шаруашылығы саласын да айналып өтпеді. Еліміздің дамуында маңызды рөл атқаратын ауыл шаруашылығы саласын дамытпай, бәсекеге қабілетті елдердің қатарына қосыла алмайтындығымызды атап өткен болатын.

Аудандық ауылшаруашылығы бөлімі басшысының мәліметінше, 2025 жылдың 1 мамырына дейін ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі – 7544 млн. теңге болған. Аудан бойынша ағымдағы жылы аудан әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің мәліметі бойынша егістік жер көлемі 137787 гектарды құрап, былтырғы жылмен салыстырғанда 386 гектарға артқан.

Әділет ҚҰТТЫБАЙ

Leave A Reply

Your email address will not be published.