Қордай ауданында егін орағы басталды. Осының айғағы ретінде күні кеше Бетқайнар ауылдық округіне қарасты «Нұр-Ал» ЖШС-ің егіс алқабына комбайндар түсіп, дәнді дақылдардың алғашқы өнімі қамбаға жөнетілді.
Нәсібін Жер-Анадан жиған шаруалар үшін бұл кезең жауапты саналады. Басты мақсат – орылған дәнді шашау шығармай қамбаға жинап, игілікке жарату болып тұр. Абырой болғанда, биыл жиын-терін науқаны мерзімінен кешіктірілмей басталды. Қарқынды жұмыстың куәсі болған аудан әкімі Рүстем Дәулет егістік басында агроқұрылым басшысы Дүйсенхан Онгелдиевпен кездесті. Аудан басшысы алқаптағы жұмыс барысымен танысып, өнім көлемі мен еңбеккерлердің хал-жағдайын сұрастырды. Барлық мән-жайды баяндап берген Дүйсенхан Онгелдиев биыл егіннің шығымы тәуір екенін жеткізді.
Жалпы, биыл агроқұрылым алқаптарына 200 гектар «Арна» сұрыпты күздік арпа, 400 гектар жаздық арпа, 1000 гектар бидай және 300 гектар жүгері егілген. Аудан басшысы шаруалардың жұмысына табыс тілеп, басшылық қашанда диқандардың еңбегін қолдайтынын атап өтті.
Ал, Ноғайбай ауылдық округіндегі «Ақтас-Қордай» ЖШС-нің алқаптарында да егін орағы қызған шақ. Алып «дала кемесі» егіс алқабында арпа оруға кіріскен.
— Алғашқы өнім көлемі жаман емес. Бүгінде шаруалардың жағдайы жаман емес. Бұрынғыдай жанар-жағармайдың тапшылығы, тұқымның аздығы сияқты проблемалар жоқ. Биыл 300 гектарға арпа, 350 гектарға күздік бидай ектік. Заманауи техника да жұмысты айтарлықтай жеңілдетеді екен, – деген агроқұрылым басшысы Қаныбек Спанов егіс басында қалқып бар жатқан «Джон Дир» комбайнын меңзеді. Айта кетсек, мұнда Алматы облысындағы «Қазагрофуд» компаниясынан 3 комбайн көмекке келген.
«Дала алыбын» Мақсат Нұриев, Бауыржан Жылысов және Құрал Қалымбетов есімді тәжірибелі комбайнерлар тізгіндеген.
— Барлығын кабинада орнатылған компьютерден бақылап отырамыз. Комбайнның жай-күйі, бункердегі дәннің көлемі, ауа қысымы көз алдымызда. Бұл комбайндар дәнді еш шығынсыз жинайды, – дейді жұмысшылар.
Дәнді-дақыл бірден жүк көліктеріне тиеліп, қамбаға жөнелтіледі.
Жүк көліктерін Николай Рябинин, Талғат Калижаров, Бота Қожағұлов есімді жүргізушілер тізгіндеп жүр. Егістікте өрт қауіпсіздігіне аса мән беріледі. «МТЗ-100» тракторының рөліндегі Анатолий Тимощук егістік алқабын айналып жер жыртып келеді.
Қаныбек Спанов еңбеккерлерге қажетті жағдайды жасауға барын салады. Түс кезінде ыстық тамақ әзірленіп, егістікке суымай жеткізіледі.
— Аспаз Ирина Пытко тамақты өте дәмді әзірлейді, – дейді жұмысшылар.
Әңгіме барысында агроқұрылым басшысы «МТЗ-100» және «МТЗ-82» тракторын лизингіге алғанын жеткізді. Сонымен қатар, ол 35 гектардан шөп орылып, 40 тоннадай мал азығы жиналғанын айтты.
Қ.Бітіков