Бейсенбі күні Қордай ауданында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Болат Сағынбеков, Агросақтандыру ассоциациясының мүшесі, Agroinsurance ЖШС—нің бас директоры Салтанат Сатыбалдина және «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша Тараз ӘКК—нің өкілі Құралай Жақанша ауданның шаруа қожалық өкілдеріне арналған кеңес өткізді.
Жиынға аудан шаруалары мен ауылдық округ әкімдері қатысты.
Облыстық басқарма басшысының орынбасары Болат Сағынбековтің төрағалығымен өткен кездесуде Қордайдағы су тапшылығы мәселесінің маңыздылығы ерекше атап өтілді. Көптеген шаруашылықтар үшін бұл мәселе егіс науқанының табыстылығын анықтайтын негізгі фактор болып отыр. Жиын барысында агросақтандыру жүйесінің тиімділігі, жаңа тәсілдері және спутниктік мониторинг деректері жан-жақты түсіндірілді.
Алдымен Агросақтандыру ассоциациясының мүшесі, Agroinsurance ЖШС-нің бас директоры Салтанат Сатыбалдина баяндама жасады. Ол егістікті сақтандыру жүйесі 2020 жылдан бері еліміздің Солтүстік және Орталық аймақтарында тиімді жұмыс жасап келе жатқанын, фермерлерге онлайн режимде сақтандыру рәсімдерін жылдам жүргізуге мүмкіндік барын атап өтті. Сонымен қатар, сақтандыру премиясының 80 пайызын мемлекет субсидиялайтыны айтылды. Яғни, фермер өз егісін құрғақшылықтан қорғау үшін тек 20 пайызын төлеп, сақтандырудан өтеді. Құрғақшылық жағдайларын спутниктік бақылау арқылы анықтау мүмкіндігі, бұрынғыдай фермерге дәлелдер жинаудың қажеті жоқ екенін көрсетті.
Одан кейін «Тараз» ӘКК» АҚ өкілі Құралай Жақанша баяндама жасап, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ауыл шаруашылығын қолдау бағыттарын түсіндірді. Шаруа қожалық өкілдері өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мамандардан нақты жауап алды.
Бұл жиын аудандағы агросалаға қатысты өзекті мәселелерді шешуге арналған маңызды алаң болып, аудан шаруалары үшін тәжірибе мен ақпарат алмасуға мүмкіндік берді.