Егіздер әлемі

0

Қордай ауылының Красный партизан шағын ауданындағы №6 Шерхан Мұртаза атындағы негізгі мектепті көпшілік ерекше білім ордасы ретінде жақсы біледі. Бұл мектептің феномені жайлы осыдан жиырма жылдан астам уақыт бұрын газетімізде жазғанбыз, одан кейін де бірнеше мәрте аудандық және облыстық басылымдарда жазылған. Осы шағын мектеп несімен ерекше? деген сұрақ туындайтын болар. Ол жағын тарқатып жазайық.

Тоғыз жылдық мектепте 370-тей оқушы білім алады. Бір қызығы әр сыныпта дерлік егіздер, ал 2 «А» сыныбында екі жұп егіздер білім алуда. Үш мыңнан астам халық мекендейтін шағын ауданда егіздердің дүниеге келуі ғажап емес, жергілікті тұрғындар екі бөпенің бірге өмір есігін ашатынына үйреніп те қалған. Мектепте оқитындарынан бөлек, балабақшада  тәрбиеленіп жатқан қос сәбилер де баршылық. Бір айта кетерлігі, мұндағы негізгі халық қазақтар болғанымен, өзге ұлттардың отбасыларында да осындай жағдайлар кездеседі. «Бәлкім, Красный партизандағы жер мен судың ерекшелігі болар», деген ойларын жасырмайды жергілікті ақсақалдар, өйткені баяғы заманнан бері мұнда егіздер көптеп туылады. Бір қызығы, қазіргі кезде көп кездесетін ЭКО көмегімен дүниеге келген егіздерге қарағанда, табиғи жолмен, ешқандай дәрігерлік амалдарсыз туылған сәбилер басым.

Осы негізгі мектепте отыз жылдан бері еңбек етіп келе жатқан бастауыш сынып мұғалімі Дәмегүл Бақытжанова егіздердің көптеп кездесуі мектеп үшін үйреншікті жағдай екенін жасырмайды. «Егіз оқушылардың өзге оқушылардан ешқандай айырмашылығы болмайды. Барлық балалармен бірге өсіп, сабақтарды меңгеріп кетеді. Тек ауырғанда бірге ауырады. Менің сыныбымда қазір Хусейн мен Хасан Абултай есімді екі жігіт өсіп келеді. Тәртіптері өте жақсы, оқуға құштар өздері», — дейді Дәмегүл Үмбетқызы.

Егіз оқытудан «рекордсмен» атанған келесі ұстаз – бастауыш сынып мұғалімі Ләззат Бердишованың сыныбында бүгінде екі жұп Алима және Қалима Оңланбек, Альбина және Альзина Малик білім алуда. «Осыдан екі жыл бұрын Айжан мен Арман Ермек есімді егіздерді оқытып шығарған едім. Осы жолы екі жұп бар. Алима мен Қалима сабырлы, ұқыпты. Ал Альбина мен Альзина пысықтау келген. Өзге оқушылардан айырмашылығы жоқ. Бәрі де сабақ үлгерімі жақсы», — дейді Ләззат Советқызы.

Айтпақшы, мектепте бір жынысты егіздермен қатар екі жынысты егіздер, сондай-ақ, бір-біріне қатты ұқсайтын, ажырата алмайтындай егіздермен қатар, бет-әлпетіне қарап бірден танитындай егіздер де бар. Егіздер сабақта бірге отырғанды қалайды екен. Алайда, кей жағдайда балаларды ажырату үшін екеуін екі қатарға отырғызады.

Мектепте осы егіздерге қатысты әртүрлі қызықты жағдайлар жиі кездеседі. Сондай оқиға осы оқу жылында да болды. Мектептерде кейбір пәндерді сыныпты екіге бөліп оқыту көзделгені белгілі. Жұмысқа жаңадан келген  информатика пәнінің мұғалімі Азат Ахмет қызықты оқиғаны бастан өткерген. Сабақ барысында әлдебір жағдаймен дәлізге шықса қазір ғана сыныпта отырған оқушысы дәлізде келе жатыр. «Сен не істеп жүрсің? Кір сыныпқа», — десе әлгі оқушы көрші сынып кабинетіне кіріп кетіпті. Сыныбының есігін ашып қараса оқушысы орнында отыр. Егіз екендерін сонда ғана түсінген ұстаз мектеп феномені жайлы осыдан кейін білген екен.

Алдында айтылған ғылыми тілмен айтқанда «идентичные» деп аталатын егіздер қатарында Данияр мен Даниял Кенжеғали, Нұрасыл мен Нұрәділ Айтмұрат, Айман мен Шолпан Әшірәлі, Айдана мен Гүлдана Қайрұлла есімді егіздерді атауға болады. Сынып жетекшілері оларды оңай ажыратқанымен, пән мұғалімдері жиі шатасады.

«Біздің мектепті көпшілік егіздер оқитын білім ордасы деп біледі. Егіздердің сабақ үлгерімі әр түрлі. Арасында үздік оқитындары көп. Ал, көпшілігінің деңгейі орташа. Дегенмен, баршасының сабаққа деген ынталары жоғары. Егіздерді ажырату қиын емес. Баршасының өзіндік белгілері бар. Мәселен, бір жұптағы үлкенінің бойы ұзын болса, екіншісі аласа келеді», — дейді мектеп директорының міндетін атқарушы Гүлшат Сейтжанова.

Ал №6 Шерхан Мұртаза атындағы негізгі мектептің өзіне келетін болсақ, жетпіс жылдан астам тарихы бар білім ордасы мыңдаған оқушыларды оқытып шығарған. Бүгінде Гүлшат Жеңісқызының басшылығымен білікті ұстаздар ұжымы кішкентай партизандықтарға сапалы білім мен саналы тәрбие беруде. Мектеп ғимараты осындан он жыл бұрын заманауи үлгіде салынып қолданысқа берілген. Ғимарат ішінде балалар үшін барлық жағдайлар жасалған. Жайлы әрі жылы мектепте асхана, спорт зал, компьютерлік кабинеттер, кітапхана, жылы санторап бар, іші мұнтаздай таза. Безендірілуі де заман талабына сай. Ендеше, өскелең ұрпаққа білім беру мен тәрбиелеу ісінде ұстаздар ұжымына сәттілік тілейміз!

Анжела ИЗАЕВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.