Қордай ауданында бұқаралық спортты дамыту және тұрғындардың салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасын тауып келеді. Соның аясында жақында Қордай ауылында екі жаңа шағын футбол алаңы пайдалануға берілді.
Спорттық нысандардың бірі – «Самал» шағынауданында, екіншісі – «Жібек жолы» көшесінің бойында орналасқан. Аталған футбол алаңдары жергілікті тұрғындардың өтініштері негізінде мемлекеттік бюджет есебінен салынды. Жобалар қысқа мерзім ішінде жүзеге асырылып, қазіргі таңда ауыл жастары мен спортсүйер қауым үшін қолжетімді әрі қауіпсіз спорт алаңдарына айналуда.
Алаңдардың ашылу салтанатына Қордай аудандық мәслихатының төрағасы Нұрдин Садықов, Қордай ауылдық округінің әкімі Әділет Қаспақбаев, аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері мен жергілікті тұрғындар қатысты. Шара барысында сөз алғандар спорттық инфрақұрылымның дамуы – әсіресе өскелең ұрпақтың денсаулығын нығайту, жастарды бос уақытын тиімді өткізуге ынталандыру және қылмыстың алдын алу сияқты маңызды мәселелермен тығыз байланысты екенін атап өтті.
Жаңа алаңдар жасанды төсенішпен жабдықталған және қоршауы мен жарық шамдары орнатылған. Бұл алаңдар тек футбол ойнауға ғана емес, басқа да спорттық жаттығулар жасауға ыңғайластырылған. Аула жастары мен оқушылар үшін қауіпсіз әрі заманауи талаптарға сай жағдай жасалған.
Бұқаралық спортты қолдауға бағытталған жұмыстар мұнымен шектелмейді. Жақын күндері Қордай ауылындағы «Батыс» шағынауданында тағы бір шағын футбол алаңының ашылуы жоспарланып отыр.
2025 жылдың басынан бері Қордай ауданының Көгадыр, Көктөбе, Сарыбастау, Сортөбе және Ауқатты ауылдарында бірнеше шағын футбол алаңы мен стритворкаут (көше жаттығу алаңдары) нысандары пайдалануға берілді. Барлық спорттық алаңдар мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылған. Жаңа спорттық инфрақұрылым ауылдық жерлерде бұқаралық спортты дамытуға, балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді өткізуіне және тұрғындардың дене белсенділігін арттыруға зор мүмкіндік беруде.
Жалпы алғанда, Қордай ауданында бұқаралық спортты дамытуға бағытталған шаралар алдағы уақытта да жалғасын таппақ. Аудан әкімдігі тарапынан әр ауылда кем дегенде бір спорт алаңын салу, стритворкаут және жаттығу құралдарын орнату жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ. Бұл – тек спорт емес, қоғамның денсаулығы мен келешегі үшін жасалып жатқан маңызды қадам.