Елімізде қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Қордай ауылында ауқымды санитарлық-тазалық және абаттандыру жұмыстары бастау алды. Аталған шара қоршаған ортаны қорғау, елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту және тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында жүзеге асырылып отыр.
Қазіргі таңда ауыл аумағында ұйымдас-тырылған сенбілік жұмыстары барысында күл-қоқыс полигондарына шығарылып, көше бойларындағы арам шөптер шабылып, бос жатқан жерлерге сәндік гүлдер мен ағаш көшеттері отырғызылуда. Бұл жұмысқа ауыл әкімдігі, мектеп оқушылары, мемлекеттік мекеме қызметкерлері мен жергілікті тұрғындар белсене атсалысуда.
Сонымен қатар, ауыл ішіндегі арық-атыздар мен су арналарын тазарту, жауын-шашын суының еркін ағуын қамтамасыз ету мақсатында канализация жүйелерін ретке келтіру жұмыстары жүргізілуде. Ескі әрі жарамсыз құрылыс қалдықтары мен тұрмыстық қалдықтар да арнайы техника көмегімен жойылуда.
Ауыл әкімінің айтуынша, мұндай тазалық жұмыстары тек бір реттік акциямен шектелмейді. Алдағы уақытта бұл бастама тұрақты түрде жалғасып, ауылдың экологиялық ахуалын жақсартуға бағытталған бірқатар шаралар қолға алынатын болады.
— Бұл тек экологиялық мәселе емес, сонымен қатар тұрғындардың өмір сапасына, денсаулығына әсер ететін маңызды бағыт. Біз әрбір тұрғынды туған жердің тазалығы мен көркеюіне үлес қосуға шақырамыз, — дейді Қордай ауылдық округінің әкімі.
Аталған экологиялық акция Қордай ауылындағы жасыл аймақтарды көбейтіп, қоршаған ортаға ұқыпты қарауға үндейді. Ұйымдастырушылар тұрғындарды табиғатты аялауға, тазалықты сақтауға және қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға шақырады.