Соңғы жылдары мемлекетіміз әрбір өңірдің экологиялық жағдайын жақсарту жолында елеулі істер атқарып, жоспарлы жұмыс жүргізуде. Елімізде бұл бағытты мейлінше пысықтайтын «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы бар екенін білеміз. Былтыр жоба аясында ауаны тазарту, өзен-көлдердің ахуалын жақсарту, кәсіпорындардың зиянды қалдықтарын азайту бойынша біршама еңбек атқарылды.
АТМОСФЕРАДАН
ӨЗЕН-КӨЛГЕ ДЕЙІН
Елде қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастырып, экологиялық жағдайды оңалту ісінде оңтайлы істер жетерлік. Мәселен, былтыр Қазақстандағы 16 кәсіпорын атмосфералық ауаға шығаратын ластаушы заттар мөлшерін 3 пайызға азайтқан. Ал 2022 жылдың алғашқы 6 айында бұл көрсеткіш былтырмен салыстырғанда 6,7 пайызға төмендеген. Бұл көрсеткішке өнеркәсіп саласын модернизациялау есебінен жеткені анық. Сондай-ақ осы кезге дейін 3 005 полигонның 639-ы экологиялық нормаға сәйкес келтірілгені белгілі. Бөлек жинау үшін 3 876 контейнер орнатылды. Мысалы, Астана қаласында құрылыс қалдықтарын жинауға және өңдеуге арналған алаң салынды. Павлодар облысында Былқылдақ көлі аумағының ластануын оқшаулауға бағытталған іс-шаралар өткізілді. Жалпы, Үкімет өзен-көлдердің жайына аса мән беріп отыр. Балқаш көлінің бассейнінде жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Сырдария өзенінің 50 шақырымы тазартылды. 22 арнаның су есебі цифрланды. Осы шаралар Балқаш көліне шамамен 12 текше шақырым су ағынының келуіне ықпал етеді. Солтүстік Арал теңізінің көлемі 20,6 текше шақырым деңгейінде сақталып, суару кезінде су шығыны 200 млн текше метрге қысқарды, көлемі 230 млн текше метр болатын қосымша су жинақталған. Бұл игі істер алдағы уақытта жалғаса бермек.
ЖАҢА НОРМАНЫҢ ЖАҢАЛЫҒЫ
Қоршаған ортаны жақсарту үшін елімізде 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап ірі кәсіпорындарда эмиссиялар мониторингінің автоматты жүйесін енгізу қажеттілігі туралы норма күшіне енеді. Аталған шара әрбір кәсіпорынның зиянды қалдықтары туралы жедел әрі шынайы ақпарат алуға бағытталған. Норма кәсіпорындарға мониторинг жүргізіп, атмосфераға шығатын зиянды қалдықтар деңгейі асып кеткен жағдайда жедел шаралар қолдануға мүмкіндік бермек.
Айтпақшы, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасы бойынша, 5 жыл ішінде 2 млрд түп ағаш отырғызу туралы ауқымды жоба іске асырылуда. Былтыр 66 мың гектар алаңға шамамен 138 млн ағаш отырғызылған. Ол үшін мемлекет бюджетінен қыруар қаражат қаралады. Яғни, ел билігі экологияның жақсаруы жолында қолда бар ресурсты аяп қалмайды. Қазір Экология министрлігі әр өңірдің әкімдіктерімен бірлесіп, аймақтардағы экологиялық жағдайды жақсарту үшін түрлі бағыттағы жоспарлар әзірлеуде. Сондай-ақ Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Қаржы мен Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі ірі елді мекендердегі тұрмыстық қалдықтар полигондарын салу үшін жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу жайын пысықтауда. Осы арқылы қоқысты зиянсыз қылып, қайта өңдеу арқылы елге пайдалы ету жағы жолға қойылмақ.
Қорыта айтқанда, елдегі экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған істердің аяқ алысы көңіл көншітеді. Өз кезегінде бұл амал халықтың өмір сүру сапасының жоғарылап, денсаулық сақтау саласын да оңалтуға мүмкіндік ашады.