Экономиканың қозғаушы күші өнеркәсіп екені сөзсіз. Бұл сала тұрақтылық пен дамудың негізі болып табылады. Зауыттар, фабрикалар, кәсіпорындар бар жерде әрқашан жұмыс орындары болады, тұрақты өсу байқалады. Иә, бұл бұлжымас ақиқат, десе де оны өмірде іске асыру – қиынның қиыны. Тұрақты жұмыс істеп, дамып келетін алпауыт өндіріс орнын құру оңай шаруа емес. Осы тұрғыда Қордай ауданындағы «Ақтас» ЖШС-ін аудан экономикасының локомотиві деп сеніммен айтуға болады.
ДАМУ ЖОЛЫНДАҒЫ 25 ЖЫЛ
«Ақтас» ЖШС – бұл жай ғана кәсіпорын емес, ол жауапкершілік пен дәстүрдің символы. Кәсіпорын 1998 жылы тарихы 60 жылдан асатын Ағалатас кен орнының базасында құрылды. Бүгінгі таңда мұнда 130-дан астам қызметкер еңбек етеді, әрқайсысы ортақ іске өз үлесін қосып, компанияның мықты кадрларына айналған.
Кәсіпорынның негізгі өнімдері – әктас пен фракцияланған қиыршық тас, олар құрылыс индустриясының маңызды элементтері болып табылады. «Ақтас» ЖШС өнімдері тек Қордай ауданында емес, Шу, Меркі аудандарында және Алматы облысында да сұранысқа ие. Сонымен қатар, кәсіпорынның қызмет аясы өңірден асып, шетелдік серіктестермен тығыз байланыс орнатқан.
«Ақтас» ЖШС-нің тұрақты және тиімді жұмысы жергілікті экономикаға нақты табыс әкелуде. Жыл сайын кәсіпорын салықтар мен төлемдер арқылы аудан бюджетін 500 миллион теңгеден астам сомаға толықтырып отыр. Бірақ бұл жай цифрлар емес, бұл жаңа жолдар, мектептер, ауруханалар және ауданның әрбір тұрғынының өмір сүру сапасын жақсартуға қосылған үлесі. «Ақтас» ЖШС кәсіпорыны табысты кәсіп қана емес, сонымен бірге туған жерінің шынайы серіктесі болып, халықтың игілігі үшін жұмыс істеп, тұрақты болашақты қалыптастырудың үлгісі.
САПА БАР ЖЕРДЕ СЕНІМ БАР
«Ақтас» ЖШС үшін сапа – жұмыс философиясы. Кәсіпорынның зертханасы шикізаттың сапасын тексеріп, өнімнің жоғары стандарттарға сәйкес болуын қамтамасыз етеді. «Шикізаттың құрамын зерттеп, пайдалануға жарамдылығын тексереміз. Өйткені, цемент беріктігі, болашақта салынатын ғимараттардың қауіпсіздігі біздің өнімнің сапасына байланысты», — дейді зертхана жетекшісі Әлия Айтпаева.
Зертхана қызметкерлерінің жұмысы тек талдаулар мен шектелмейді. Бұл ғылым мен өнердің арасындағы аса маңызды жұмыс, мұнда заманауи технологияларды қолданып, ең ұсақ бөлшектерге назар аударады. Әрбір тексеріс «Ақтас» ЖШС өнімінің сұранысқа ие болатынының және сенімділіктің кепілі. Осы жұмыстың нәтижесі қуантарлықтай: кәсіпорын жыл сайын 1 миллион тоннаға дейін әктас пен 200 мың тонна фракцияланған қиыршық тас өндіреді. Бұл сандардың әрқайсысының астарында кәсіби шеберлік, технология және әлемді сәл жақсырақ әрі қауіпсіз ету ниеті жатыр. «Ақтас» ЖШС-дегілер сапа бар жерде сенім болады деп есептейді.
МЫҚТЫ КАДР БӘРІНЕН ҚЫМБАТ
Кәсіпорынның басты байлығы – оның қызметкерлері. «Ақтас» ЖШС-де өз ісіне шын берілген мамандар жұмыс істейді.
Мысалы, ауыр жүк көлігінің жүргізушісі Ахмет Иманалиев кәсіпорын ашылған күннен бастап қызмет атқарып келеді. Өз жұмысы жайлы сөз еткенде, оның жүзі нұрлана түскендей: «Өз еңбегімнің нәтижесін күн сайын көріп келемін. Мен тасымалдайтын шикізаттар құрылыс материалына айналып, үйлер, жолдар, көпірлер салынуда. Бұл менің ауданның дамуына қосқан үлесім деп білемін және мақтанамын», – дейді ол.
Ал карьер басшысы Николай Созыкин жас мамандарды тәрбиелеуде тәлімгерлік рөлін атқарып келеді. Оның шыдамдылығы, ұсақ-түйекке назар аударуы және біліммен бөлісуге деген ұмтылысы компанияда ерекше атмосфера қалыптастырады. Бірақ, ЖШС директоры Тимур Байгелдиев атап өткендей, кадр мәселесі бүгінде ашық күйінде қалып отыр. «Жастар қара жұмыстан қашқақтайды. Бірақ біздің дәстүрлеріміз бен тәлімгерлеріміз жас мамандарды қызықтыруға көмектеседі деп сенеміз», — дейді Тимур Өмірбекұлы.
КЕЛЕШЕККЕ КӘМІЛ СЕНІММЕН
«Ақтас» ЖШС алдағы уақытта өндіріс қуатын арттырып, сұранысты қанағаттандыруға дайын. Компания тек құрылыс материалдарын ғана емес, аймақтың экономикалық әлеуетін арттыратын мүмкіндіктерді де қамтамасыз етеді. Қордай ауданы осындай индустриялық көшбасшыны мақтан тұтады. «Ақтас» ЖШС мінсіз сапаны, жанқиярлық пен адамдарға деген қамқорлықты біріктіреді. Дәл осындай компаниялар тұрақтылық пен болашаққа сенімнің тірегіне айналары рас.
Шолпан ТАЛҒАТҚЫЗЫ