ЕЛ ҚАУІПСІЗДІГІ ҮШІН

0

Көктемнің алғашқы күніндегі шуақты мереке күнгі жағымды жаңалықтардың бірі – Қордай ауылындағы шекаралық бақылау бекетінде модульді полиция бекетінің ашылу салтанаты болды. Басқосуға аудан басшылығы, ардагерлер, қоғам белсенділері, полиция қызметкерлері қатысты.

Жиналған жұртшылық алдында бірінші болып сөз алған аудан әкімінің орынбасары Бақыт Сахатов алдымен, баршаны 1 наурыз – Алғыс айту күнімен құттықтады. Әр мерекені жағымды жаңалық, игі іспен қарсы алатын ауданымызда бүгінде ауыл тұрғындарының игілігі үшін жаңа нысан қолданысқа беріліп отырғанын да тілге тиек етті.

-Жергілікті тұрғындардың қоғамдық қауіпсіздігі мен тыныштығы ең басты орында, ал оны қадағалау полиция қызметкерлеріне жүктелген.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының полиция сервистік қызмет көрсету үлгісіне көшу қажеттігін және «Қадамдық қолжетімділік полициясы» тұжырымдамасына сәйкес елімізде модульдік үлгідегі полиция бекеттері ашу жөнінде тапсырма берген болатын.

Осы мақсатта аудан халқының көп жиналатын орындарының бірі «Қордай» шекаралық бақылау бекетінде модульдік полиция бекетін ашқалы отырмыз.

Заманауи жабдықтар мен модульдік үлгідегі бекет полиция қызметкерлерінің жұмысын ашық және мобильді етуге мүмкіндік береді. Басты міндет – азаматтардың өтініштеріне уақтылы ден қоюды қамтамасыз ету, — деді аудан әкімінің орынбасары. Сөз соңында бұл нысанның ашылуы инспектордың оқиға орнына жедел барып, қылмыстың алдын алуына оң ықпалын тигізетінін, ауыл инспекторына осындай қолайлы жағдайлар жасалып жатқаннан кейін, тәртіп сақшылары тарапынан өздеріне жүктелген міндетті адал әрі абыроймен атқаратынына сенім білдіретіндігін атап көрсетті.

Айта кетейік, модульді полиция бекеті аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес ашылып отыр. Құны 10 млн. теңгені құраған, сонымен қатар кеден бекетіне бейнебақылау камералары орнатылыпты. Осы ашылу барысында аудандық полицияға екі автокөлік сыйға тартылды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.