Сейсенбі күні аудан әкімдігінде «Еркін елдің ертеңі» атты танымдық көпшілік жиын өтіп, оған аудан әкімі Мәден Мұсаев, аудандық мәслихат хатшысы Нұрдин Садықов, бөлім және мекеме басшылары және БАҚ өкілдері қатысты.
Айтулы мереке қарсаңында ұйымдастырылған шарада аудан басшысы Мәден Мұсаев сөз алып, қордайлықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтап, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталды: «Аудан тұрғындарының ерен еңбектерінің нәтижесінде өңірде экономиканың барлық бағыттары қарқынды дамып келеді. Әр салада жаңашыл бастама, игі істер бар. Білім ошақтары жаңарып, денсаулық саласы жанданып, мәдениет пен өнеріміз өрлеп, спорт саңлақтарымыз әлемдік аренада жеңіс тұғырынан көрініп жүр. Ауданымыздың барлық саласында қол жеткізген толағай табыстар мен жетістіктер, игілікті істер алдағы уақытта да жарасымды жалғасын таба бермек»,-деген аудан әкімі келесі кезекте ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен игілігі жолындағы қалтқысыз қызметі үшін берілетін «Қордай ауданының Құрметті азаматы» атағын табыстау рәсіміне көшті. Қордай аудандық мәслихатының шешіміне сәйкес, «Қордай ауданының Құрметті азаматы» атағы Қазақстан Республикасы Ішкі Істер органдарының ардагері Ғабидин Абдраимовке, мемлекеттік қызмет саласының ардагері, «Құрмет» орденінің иегері Болатбек Байтөлеге, білім саласының ардагері, Масанчи ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Дыдыр Двумаровқа, зейнеткер, еңбек ардагері Жамбыл Сатыбалдиевке, Мәдениет, өнер және бұқаралық ақпарат құралдары саласының ардагері, Қазақстан Журналистер Одағының және Театр қайраткерлері одағының мүшесі, Қазақстанның құрметті журналисі Асқарбек Сейілханға берілді.
Сонымен қатар, аудан әкімі ҚР Президентінің сайлау науқанына дайындық және өткізу жұмысына қосқан үлесі үшін Қордай аудандық аумақтық сайлау комиссиясының хатшысы Г.Әбішеваны, аудандық аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі Э.Күмекбайды, №239 учаскелік сайлау комиссиясының мүшесі А.Намазованы ҚР Президентінің Алғыс хатымен марапаттады. Жамбыл облысы әкімінің Алғыс хатына Қордай аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы А.Сырлыбаев, Қордай ауданы білім бөлімінің басшысы С.Әшірбеков, аудан әкімінің кеңесшісі Т.Қабылтай, аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің бас маманы Ф.Қорабай ие болды.
Ал Қордай ауданының Құрметті азаматы Әбдібек Сейілханов Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметіне және ел бірлігін нығайту мен Қазақстанның рухани құндылықтарын шоғырландыруға бағытталған әлеуметтік, мәдени және ақпараттық жобаларды іске асыруға белсенді қатысқаны үшін Қазақстан халқы Ассамблеясының «Алғыс» төсбелгісімен марапатталды.
Келесі кезекте аудан басшысы мен мәслихат хатшысы Қордай ауданының әлеуметтік — экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін бірқатар белсенді азаматтарды «Қордай ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапаттады.
Сондай-ақ, абыройлы қызметімен еленген бір топ азаматқа Қордай ауданы әкімінің Құрмет грамотасы, аудан әкімінің алғыс хаты табысталды. Марапат төрінен көрінген азаматтар естелік суретке түсіп, зор алғыстарын жеткізді.
Шара соңында танымдық көпшілік жиынға келген қоғам белсенділері марапатталған азаматтарды құттықтап, құрметті атақ нағыз лайықты жандарға берілгендігін, олардың ауданды түлету жолындағы байыпты бастамалары мен жасампаз жетістіктері аудан тарихында алтын әріптермен жазылып қалатынын жеткізді.
Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ
ЕЛ ҮШІН ЕҢБЕК ЕТКЕНДЕР МАРАПАТТАЛДЫ
Prev Post