Қордай ауданына Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлдара Нұрымова жұмыс сапарымен келді. Халық қалаулысымен бірге аудандық мәслихат төрағасы Нұрдин Садықов пен «Amanat» партиясының аудандық филиалының төрағасы Бейқұт Жамангозов те болды.
Жұмыс сапары аясында депутат Жаңа Конституция жобасын түсіндіру мақсатында Соғанды ауылының тұрғындарымен кездесу өткізді. Мұқағали Мақатаев атындағы орта мектеп ғимаратында өткен жиынға 30-ға жуық ауыл тұрғыны қатысып, өз ой-пікірлерін ортаға салды.
Кездесу барысында Гүлдара Алданышқызы Конституцияға енгізілетін өзгерістердің негізгі бағыттары мен олардың мемлекет дамуына, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына ықпалы туралы кеңінен баяндады. Оның айтуынша, ұсынылып отырған түзетулер елдің саяси жүйесін жаңғыртып, әділетті қоғам қалыптастыруға бағытталған.
Айта кетейік, Ата заңға енгізілетін өзгерістерді халық арасында кеңінен түсіндіру мақсатында Қордай ауданында да арнайы коалиция құрылып, жұмысын бастаған болатын. Коалиция мүшелері жиын барысында сөз алып, конституциялық реформалардың мән-маңызын тарқатып, тұрғындардың сауалдарына жауап берді.
Келесі кезекте Мәжіліс депутаты бастаған жұмысшы топ «Izgi Is Qordai» ЖШС ұжымымен жүздесті. Кездесу барысында еңбек адамдарының құқықтарын қорғау, қарапайым азаматтардың мүддесін заң жүзінде күшейту мәселелері сөз болды. Кәсіпорын жұмысшылары Жаңа Конституцияда қарастырылған өзгерістерді қолдайтындарын білдіріп, алдағы референдумға белсенді қатысатынын жеткізді.
Сондай-ақ жұмыс сапары аясында Қордай ауылындағы аудандық Мәдениет үйінде славян этномәдени бірлестігі «Отечество» мүшелерімен кездесу өтті. Басқосу барысында Жаңа Конституция жобасының негізгі басымдықтары жан-жақты түсіндірілді. Аталған кездесуге Қарлығаш Қыпшақбаева да қатысып, реформалардың ел болашағы үшін маңызын атап өтті. Бірлестік мүшелері еліміз үшін айтулы саяси науқанда бейжай қалмай, наурыз айында өтетін референдумға белсене атсалысатынын айтып, өзгерістерді қолдайтындарын білдірді.
Жалпы жұмыс сапары барысында халық қалаулысы тұрғындармен ашық пікір алмасып, ұсыныстарды назарға алды. Конституциялық реформаларды түсіндіру бағытындағы мұндай кездесулер алдағы уақытта да жалғасын таппақ.
Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ,
Айбек НӘКЕН