Ардақты ақын Жұбан Молдағалиев қазақты «мың өліп, мың тірілген» деп айтқан. Әрине ақындық эмоция. Болмаса өлген тірілмейді, әңгіме оның не көрмегендігінде. Әр кезде күтпеген жерден кезегімен келіп отырған зобалаңдар отқа да, суға да салды, оны. Оңды-солды отап та тастады. Сонда да атам қазақ жер бетінен жоғалып кеткен жоқ. Ұлттық рух: сабыр-төзім, жанкештілік, ерік-жігер, өшпейтін үміт сақтап қалды.
Күллі адамзат, соның ішінде біздің де қазақ жарық әлемдегінің, тұтастай алғанда мына өмірді жаратқан адамның өзі екенін, өзі жоғалса, бәрінің де жоғалатынын білді. Адамға біткен осы түйсік, пайым оны қайта-қайта қайталанған қасіреттерге қарсы күрестерге алып шықты. Бүгінгі мына әлем дүрліккен індетпен күрестің ең басты қаруы – аспан айналып жерге түссе де аман қалудың жолы ата-бабаның аманаты – рухымыздан айырылып қалмау. Рас, аса қауіпті індет тудырған дүйім жұрттың арасындағы дүрбелеңнің дүмпуі сұмдық. «Өз бетін аямаған, кісі бетін шиедей қылады» деген әңгіме. Өкініш, өксік, өкпе кімге?.. Билікке десеңіз, осы ел-жұрттың биліктен өзге кімі бар?! Біздің қазақ билік дегеніміз (әр баспалдақтағы лауазым иелері де) – елдің иесі. Иесіз ел болмайды. Иесіз ел – киесіз тобырға айналады. Мұны Қазақстанның бүгінгі Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев білмейді емес.
Ел тағдырына ие болғаны күні кеше. Батыс пен Шығыстың саяси-әлеуметтік, дипломатиялық, мәдени мектебінен өтіп келген тағдырына кешегі Арыс трагедиясы, Мақтаарал топан суы, енді мына сұмдық індет қаз-қатар жазыла қойғанын қараңыз… Төтеннен келіп отырған қат-қабат қасіреттер, образдап айтқанда қара нардың қабырғасын қарадай қақыратып жіберген зілбатпан жүк болды. Осыны жұмыла көтеруге айналасындағы лауазым иелерінің дені дайын болмай шықты. Екі аптада елдің қасіретімен күреске нақты шешім қабылдай алмаса, Үкіметті отставкаға жіберетінін бекер айтқан жоқ. Ұлы Абайдың «Бас-басына би болған өңшең қиқым, Мінеки бұзған жоқ па елдің сиқын…» дейтін ескертпесі Президенттің де, елдің де еңіреп алдынан шықты. Басына күн туған халық әуел бастан-ақ, көптеген шенеуніктің сықиып киінген, сызылған жүріс-тұрысына қарап-ақ, олардың мемлекетшіл тұлға емес, өзін солай қылып көрсету технологиясын шебер меңгеріп алған жоқтан гөрі бардың әңгімесі екенін білетін. Ауыл, аудан, аймақтан бастап, сонау жоғарыға дейін кадрлардың ала-құлалығы дәл мына індет кезінде қолмен қойғандай болып көрінді. Мұндай жағдайда есті ел-жұртымыз қырық жыл қырғын болса да Президентті «жау жағадан алғанда» жалғыз қалдыра алмайтыны ақиқат.
Дәл осы қазір ел-жұрттың есін екеу, түсін төртеу қылып отырған індеттің кезіндегі «ереуіл атқа ер салдырған» дерлік ерсілі-қарсылы етегі жасқа толған еңіреуі мен айғайға бергісіз аңырауына көптеген атқамінердің Президентті де, былайғы жұртты да «бәрін кадр шешеді» деген ең дұрыс, ең білгір ұйғарымға ден қоюына жетеледі. Қазақтың «Бала бер, бала берсең сана бер, сана бермесең ала бер!» деуінің ар жағында халықтың шаруасының басы-қасында біліксіз, әлжуаздардың жүрмеуін көксеу жатыр. Тек тектілер ғана әлемді әртүрлі жағдайда әбігерге салатын төтен қасіреттерден халықты санасы жоғары ұлттық рухымен мемлекетшіл тұлғалар аман-сау алып шыға алады. Тарихи тағдырымыздың бұл шағы тар жол, тайғақ кешкен, керуеннің көк туы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолында. Оның ел-жұртқа қайткен күнде жақсылық жасаймын деген жан даусы өзінен де, сөзінен де көзге ұрып тұрады. Ойлы, парасатты адамның кез келгенін алаңдататын – уақыт. Кешегілердің: «әттең тонның келтесі-ай» деуінің өкініші өмірдің өзінен алынған. Ел-жұрттың бүгіні мен ертеңіне дейінгі аралықтағы уақыт – мемлекет жауапкершілігі маңдайына жазылған адам үшін ой-санасында оянған он сандаған мақсат-мүддесін жүзеге асырып үлгеруге берілетін мүмкіндік. Біздің Президентіміз осы таңда сол уақыт пен мүмкіндіктің арасында тұрған ең сенімді тұлға. Осы ақиқатты абайсызда айналып кетіп жүрмейік, ағайын!
Несіпбек ДӘУТАЙҰЛЫ, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері