1983 жылы ЮНЕСКО жанынан құрылған Халықаралық ескерткіштер мен көрнекті орындарды қорғау мәселелері жөніндегі кеңес ассамблеясы 18 сәуір – Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күні деп бекіткен.
Ауданда «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заң талаптарына сәйкес, ауылдық округтер бойынша мониторинг, анықтау, есепке алу, сақтау, зерделеу, пайдалану және олардың жай-күйіне зерделеу жұмыстары тұрақты жүргізіліп тұрады.
Қордай ауданы бойынша жалпы 855 тарихи-мәдени ескерткіштер бар. Оның 47-сі монумент ескерткіш, қалған 808 ескерткіш археологиялық болып табылады.
Жалпы қазіргі таңда 51 ескерткіш бойынша мемлекеттік жерге орналастыру актісі жасалған. Археологиялық ескерткіштерді заңдастыру бойынша тарихи нысандар негізінен ауылдық округтердегі жеке меншік шаруа қожалықтарының иелігіндегі жерлерде орналасқан обалар мен обалы қорымдар болып табылады. Бүгінгі таңда шаруа қожалықтарының осы ескерткіштер орналасқан жерлерге уақытша жер пайдаланушы ретінде рәсімделген жерге орналастыру актілері бар (49 жылға).
Қордай ауылдық округі бойынша Қордай ауылындағы «Георгиевск» қалашығының «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Жамбыл облысы бойынша филиалының Қордай аудандық тіркеу және жер кадастры бөлімімен жерге орналастыру жобасын әзірлеуге 220 000 теңге қаражат қарастырылып, мемлекеттік жерге орналастыру актісі жасалды.
Осы ретте Георгиевск қалашығы туралы кеңірек тоқталып кетсек.
Қалашық Қордай ауылының солтүстік-шығыс шетінде орналасқан. Қаланы 1937 ж. Ю.Г. Платонов жетекшілік еткен жас өлкетанушылар ашып, зерттеді. 1953-54 жж. Қырғыз кешенді археологиялық-этнографиялық экспедициясының Шу археологиялық отряды қаланың сызба жобасын түсіріп, үстінен қыш ыдыстардың сынықтарын жинады. 1982 ж. ҚазМУ-дың археологиялық отряды Бекініс қамалын тазалап, мұнараны қазып зерттеді (археолог М.Е. Елеуов). Тік бұрышты алаң — көлемі 255 х 235 м, биіктігі 2 м бұрыштарымен төрт тарапқа бағытталып, ені 10-12 м күйінді жалмен қоршалған. 2017 жылы қаланың бір бөлігіне археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілді. Қазба барысында төменгі құрылыс қабатынан табылған түргеш теңгесінің негізінде қаланың өмір сүрген уақыты 10-12 ғасырлар емес, 7- 12 ғасырлар деп тұжырымдалды және қалашықтың «Ұлы Жібек жолының» гүлденген уақытында өмір сүргендігі дәлелденді. Қазба барысында табылған жәдігерлер толықтай камералдық өңдеуден өтіп, Қордай аудандық өлкетану музейінің қорын толықтырды.
Қазіргі таңда қалашық апатты жағдайда тұр. Мұның басты себебі – сол маңда тұратын халықтың ежелгі археологиялық ескерткішке деген көзқарасы. Көне заманнан сақталған осы мұраны болашақ ұрпақ үшін сақтап қалудың орнына қоршалған аймақты қиратып, есігін бұзып, ішіне күл-қоқыс тастауды әдетке айналдырған десе болады. Айналасында да толған қоқыс. Тұрмыстық қалдықтарды басқа жерден ешкім әкеп тастамайды ғой. Сол маңда мекен ететін тұрғындардың төккен үйінділері. Ішінде үй қалдықтарынан бөлек мал қоңы, құрылыс материалдарының қалдықтарын шашып тастаған. Әрине, ауылдық округ басшылығы тазалап тұрады, бірақ біршама уақыттан кейін қайта қоқыс үйінділері пайда болады. Сонау заманнан сақталған дүниені қорғау әрбіріміздің міндетіміз болуы тиіс. Осы маңда тұратындар түсінеді деген үміт те жоқ емес. Ел мұрасын сақтап қалу – ортақ міндетіміз екенін ұмытпайық, қадірлі ағайын!