26 қараша күні Астана қаласында Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты салтанатты ұлықтау рәсімі өткені белгілі. Елорда төрінде өткен маңызды шараны тамашалауға Қордай ауданынан «Аmanat» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Мырзағали Күзербаев, Қордай аудандық мәслихатының депутаты Таня Апаева да арнайы барып, Мемлекет басшысын ұлықтау рәсіміне қатысты. Ел тарихындағы айшықты оқиғаның куәсі болған аудан азаматтары өз пікірлерімен бөлісті.
– Маған Астана қаласындағы Тәуелсіздік сарайында өткен Қазақстан Республикасы Президентін салтанатты ұлықтау рәсіміне қатысу бақыты бұйырды. Заңға сәйкес, Республика Президентi Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға қолын қойып тұрып, Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға халыққа ант берді. Президенттің кезектен тыс сайлауының өтуі — еліміздің жаңа кезеңге аяқ басуының айқын көрінісі болды. Өзінің білікті басшылығы және оңды саясатының арқасында халықтың сенімі мен ықыласына ие болған Қасым-Жомарт Кемелұлына саяси науқанда халықтың 80 пайызынан астамы дауысын берді. Бұл ел Президентіне деген халықтың құрметі мен сенімінің айғағы. Мемлекет басшысы ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде зор сенім артқаны үшін қазақстандықтардың бәріне алғыс айтып, алдағы жоспарларымен бөлісті, -деді Мырзағали Күзербаев.
Ал аудандық мәслихат депутаты Таня Апаева салтанатты ұлықтау рәсімінен ерекше әсер алғанын жеткізді:
– Қасым Жомарт Тоқаевтың жаңа 7 жылдық мерзімге қайта сайлануына байланысты ұлықтау рәсіміндегі сөздерін елорда төрінде, Мемлекет басшысының өз ауызынан естігеніме өте қуаныштымын. Президент мойнына үлкен міндеттер алды. Ата Заңымызға қолын қойып, бүкіл халыққа ант беріп, «Мемлекет, ел мүддесі мен үшін бәрінен биік, ел сенімі мен үшін ең үлкен жауапкершілік» деп толғана сөйледі. Бұл сонда отырған азаматтардың бәріне керемет әсер қалдырғаны анық. Біздің сүйікті Отанымыз – Қазақстан Республикасы гүлденіп, дами берсін! Әділдік пен ашықтық, тепе-теңдік орнаған, экономикасы тұрақты дамыған мемлекеттер қатарынан болсын, — дейді халық қалаулысы.