Халқымыздың қанына сіңген асыл қасиеттердің бірі – сауапты іс жасау. Адам баласының осынау ақпейілді мінезі, бір-біріне мейірімі мен жомарттығы арқылы ғана өмір қалыптасады. «Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» демекші, игілікті істі үлгі-өнеге ретінде айту бізге де парыз.
Ауданға қарасты ауылдық округтердің ішіндегі ынтымағы жарасқан елді мекендердің бірі – Сарыбұлақ ауылы. Ауыл халқының бірлігіне жасап жатқан істері дәлел. Мұндағы жұрт өздері қаражат шығарып, ауыл мешітінің жанынан ауызашар, ас сынды діни жиындар өткізуге арналған асхана көтеруде. 350 адамға арналған ғимараттың құрылысы осыдан бір жарым ай бұрын бас-талыпты. Ауызбіршілік танытып, әп-сәтте ұйымдаса кеткен ауыл жастары құрылыс жұмыстарын өздері жүргізуде.
– Бірде Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір кісі: «Уа, Алланың Елшісі, ең жақсы адам кім?» – деп сұрайды. Сонда ол: «Ең жақсы адам – қоғамға, елге пайдасы тиген пенде», — деп жауап берген екен. Яғни, өз жақындарыңнан бастап, көрші-қолаң, ағайын-туысқа, жалпы жұртқа жақсылық жасау – мұсылмандық әрі азаматтық борышымыз. Міне, біздің ауылдың азаматтары ел игілігі үшін осындай қайырымды істің ұйытқысы болып отыр. Халықтың, жастардың, әкімшіліктің қолдауымен мешіт жанынан асхана тұрғызып жатыр. Жанында қазан-ошағы да бар. Енді алдағы уақытта ғимараттың төбесін жауып, есік-терезесін салсақ, одан кейін ішкі жұмыстарын жасаймыз. Бұл жұмыстарға қажетті қаражатты ауылымыздың кәсіпкерлері өздері тауып, демеуші боламыз деп отыр. Тағы бір айта кететіні келушілердің ыңғайлығы үшін асханаға кіретін есікті мешіттің ауласынан емес, бөлек жасап жатырмыз. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», игі шараға үлес қосып жатқан жомарт жандарға алғыс айтамыз,-дейді Сарыбұлақ ауылдық мешітінің имамы Серік Рахимбаев.
Ауыл имамы асхананың төбесін жапқаннан кейін көпшілікке дастархан жайып, Құран оқытамыз деп отыр. Осы орайда қайырымдылық істі қолға алып, жұртқа шарапатын шашып жүрген азаматтардың жақсылығы өздеріне екі еселеніп қайтсын деген тілегімізді білдіреміз.
Сәуле Мұхадинқызы