ЕЛДЕГІ ИПОТЕКАЛЫҚ ҚАРЫЗ ПОРТФЕЛІНІҢ КӨЛЕМІ АРТҚАН

0

Елдегі ипотекалық қарыз портфелінің көлемі 4 трлн теңгеге жеткен. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 45 пайызға жоғары көрсеткіш. Жыл басынан бері маусымға дейінгі аралықта 899,8 млрд теңгеге тұрғын үй несиесі беріліпті. Бұл да былтырғы деректен 20 пайызға жоғары.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің хабарлауынша, қазір ипотека бойынша 90 күннен асып кеткен берешек көлемі 53 млрд теңгені құрайды, бұл – ипотека бойынша жалпы қарыздың 1,3 пайызы. Берешек мөлшері 2022 жылдың басымен салыстырғанда – 10 пайызға, 2021 жылдың 1 шілдесімен салыстырғанда 27,3 пайызға төмендеген. Олардың түсіндіруінше, ипотека бойынша NPL 90+ үлесінің айтарлықтай төмендеуіне халыққа зейнетақы жинақтарын пайдалану мүмкіндігін беретін мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру арқылы портфельдің өсуі әсер етті. Сәйкесінше, тұрғын үй нарығында мемлекеттің қатысуы 75,8 пайыздан (2021 жылдың бірінші жартысындағы) 89,5 пайызға (2022 жылдың бірінші жартысына дейін) артып кеткен. Проблемалық қарыздың азаюына тағы бір себеп – банктердің займдарды қайта құрылымдауы, соның ішінде қайта қаржыландыру және үмітсіз қарыздарды есептен шығару бағдарламасы болды. Жалпы сомасы 150 млрд теңге болатын 4,5 мың ипотекалық кредит қаржы институттарының балансынан шығарылған.
Проблемалық сомалардың көп сомасы 10 қаржы институтында байқалады. Әсіресе NPL 90 + «Банк ЦентрКредит», Forte Bank және Halyk Bank-те аса жоғары.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі проблемалық ипотекалық қарыз алушыларды қолдау шаралары туралы да айтты. Бірақ ол табысы ең төменгі жалақыдан аспайтын клиенттер үшін ғана жарамды. Қазіргі кезде банктермен бірлесіп 1,1 мың несиені есептен шығару жоспарланып отыр.
Сондай-ақ биыл халықтың проблемалық қарызын төмендету бойынша жеке жоспар да бекітілді. Бұл ретте қаржы институттары қарызды қайта құрылымдайды, не болмаса қарызды ішінара немесе толықтай кешіреді. Бұл орайда борышкердің халықтың әлеуметтік осал тобына жатуы және жалғыз үйінің болуы да үлкен маңызға ие.
2022 жылдың бірінші жартысында 1,4 мың клиенттің (олардың 400-і әлеуметтік осал топқа жатады) 16,3 млрд теңге сомасындағы қарызы кешірілген. 4 мың қарыз алушының 11 млрд теңгеге проблемалық қарыздарына қатысты берешектерді алу туралы сот шешімдерін орындау негізінде өндіріп алу жұмыстары жүргізіліпті.
«Келісілген жоспарға сәйкес 2022 жылдың соңына дейін банктер 3 мың қарыз алушының (олардың 385-і әлеуметтік осал топқа жатады) 23,8 млрд теңге сомасындағы ипотекалық қарызын жабады. 530 клиенттің 5,1 млрд теңгесі бойынша – қайта құрылымдау, 63 клиенттің 1,3 млрд теңгесі бойынша – қарызды ішінара өтеу, 2,4 мың клиенттің 17,4 млрд теңгесі бойынша қарызды толық кешіру жүргізіледі. Бұдан бөлек, 2004-2009 жылдар аралығында ипотека рәсімдеген клиенттердің жалғыз баспанасын сақтауға бағытталған ипотекалық займдарды қайта қаржыландыру бағдарламасы жалғасады. Сондай-ақ 2016 жылдың 1 қаңтарына дейін шетел валютасымен қарыз рәсімдеген азаматтардың қарыз жүктемесі төмендетіледі», делінген агенттік хабарламасында.
2022 жылдың 1 шілдесіндегі дерек бойынша, 318,2 млрд теңгеге 44,6 мың ипотекалық кредит қайта қаржыландырылып, сыйақы, комиссия, тұрақсыздық айыбы бойынша 279 млрд теңге берешек кешірілген. Әлеуметтік осал топқа жататын 8,6 мың адам 53,5 млрд теңгеге қосымша қолдау шараларына ие болған.

Абай ҚАЗБЕКҰЛЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.