Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында көрініс тапқан бірқатар бастамалары ауыл тұрғындарының тұрмыс-тіршілігі мен әл-ауқатын жақсартуды көздейтіні мәлім. Бұл бағыттағы Президент тапсырмалары өзге өңірлермен қатар Қордай ауданында да кезең-кезеңмен орындалуда. Әсіресе, ауылдардың инфрақұрылымын дамыту, ауыл спортын қолдау мақсатында елді мекендерде қолға алынған ілкімді істер көп. Бүгінгі мақаламызда солардың бірқатарына тоқтала кетуді жөн жөрдік.
Степной және Арал ауылдарында шағын футбол алаңдары салынды. Құрылысты «ОПС и К» ЖШС жүргізді. Ауыл жастарына спортпен шұғылдану үшін керемет мүмкіндік туды.
***
Қалғұты ауылында жаттығуға арналған воркаут алаңшасы ашылды. Енді жастар ашық аспан астында спортпен шұғылдана алады. Елімізде ерекше спорт түрі саналатын воркаутпен шұғылданушылар саны артып келеді. Заманауи қондырғылармен жабдықталған шағын ғана алаңда түрлі жаттығуларды жасауға болады.
***
Арал ауылында Р.Қошқарбаев көшесіне ағымды жөндеу жұмыстары жасалды. Ауыл тұрғындарының сұранысы бойынша көшеге асфальт төселіп, тегістелді. Шағын ауылдағы инфрақұрылым жылдан жылға жақсарып келеді.
***
Алға ауылында шағын футбол және ойын алаңшасы қолданысқа берілді. Мектептің қасында орналасқан спорт алаңының құрылысы аяқталуын тұрғындар көп күтті. Бұл ауыл жастары және балақайларының бос уақытын тиімді өткізулері үшін керемет мүмкіндік.
***
Мұзбел ауылында ауыз су жүйесі іске қосылмақ. Небәрі отыз шақты түтіні бар шағын елді мекеннің 26-сы су жүйесіне қосылады деп күтілуде. Ауыл тұрғындары бұл өзекті мәселенің шешілуін көптен күткені анық.
***
Әлжан ана ауылында Н.Тілеубай көшесіне ағымды жөндеу жұмысы жасалды, Қ.Абдуллин көшесіндегі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жақын арада бұл көшеге асфальт төсеу жұмыстары аяқталмақ. Осылайша, ауылдың барлық дерлік көшелері тегістелген болады.
***
Бетқайнар ауылында Қожантаев және Жеңіс көшелеріне асфальт төселді. Бұл мәселені ауыл тұрғындары бірнеше мәрте көтерген болатын. Ауылдық округ әкімдігінің келесі жылға да жоспарлары көп.