ЭТНОЖУРНАЛИСТИКА: ЗАМАН ТАЛАБЫ ТИІМДІ КОММУНИКАЦИЯЛАР

0

Этносаралық келісімнің қазіргі таңда өзектілігі, маңызы мен мәні туралы аз айтылып жүрген жоқ. Дейтұрғанымен де, ақпарат ағымының күн сәулесі жылдамдығындай өте жедел дамуы журналистиканың бұл бағыттағы жұмысына үлкен мән беріп, ақ пен қараны ажырату, бар мен жоқты саралауда аса мән беруді талап етіп отыр. Осы орайда Алматы қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясы Журналистер клубының көшпелі отырысы сан сауалға жауап іздеді, жаңа идеялар ортаға салынып, қауіптің алдын алатын белсенді шараларды қолдану бойынша түрлі семинарлар өтті.

Үш күнге созылған кеңеске қатысу барысында байқағанымызды ортаға салсақ.

Журналистер клубы отырысында еліміздің әр аймағынан «Қоғамдық келісім» КММ мамандары, сол Ассамблея жанындағы облыстық журналистер клубы мүшелері қатысты. Алматыдағы «Қазақстан» саяжайында бастау алған жұмыс барысында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесінің Ақпараттық жұмыс және жұртшылықпен байланыс басқармасының басшысы  Төлеген Оразалы «Өңірлердегі ақпараттық жұмыс» туралы әңгіме қозғай келе, аталмыш басқосудың негізгі мақсатына тоқталып, одан соң еліміздің әр аймағынан келген журналистер өздерін таныстырып, алдағы күндері атқарылатын жұмыстар бойынша бірқатар мәмілеге келді. Жиын барысында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесінің директорының орынбасары Әлия Сапарова барлық қатысушыларға сәттілік тілеп, мұндай кездесулердің маңыздылығына арнайы тоқталып, ұлтаралық келісімді нығайтуға сүбелі үлес қосып жүрген журналистердің көшпелі кеңесі табысты боларына сенім білдірді. Осыдан кейін бүгінгі басқосудан не күтеміз, қандай тақырыптарды қаузаймыз, деген ойларын ортаға салған журналис-терге арнайы тренингтер ұйымдастырылды.

Қазақстан халқы Ассамблеясы Журналистер клубының көшпелі отырысы келесі күні Алматы қаласындағы «Достық үйінде» жалғасын тапты. Іс-шараға Президент аппаратының өкілі Мұхтар Құлжан, ҚР Ақпарат және мәдениет вице-министрі Қанат Ысқақов, «Қоғамдық келісім» РММ-і директорының орынбасары Әлия Сапарова, сондай-ақ танымал журналистер, өңірлердегі «Қоғамдық келісім» КММ-нің баспасөз хатшылары мен қызметкерлері қатысты.

Журналистер клубы отырысының жұмысы ашық диалог форматында 2 секция бойынша ұйымдастырылғанын ерекше атап өткен жөн.  Қатысушылар жалпыұлттық бірлік пен келісімді одан әрі нығайтуға, қазақстандық қоғамдағы этносаралық қатынастарды үйлестіруге бағытталған тиімді ақпараттық-түсіндіру қызметінің тәсілдері мен тетіктерін талқылады.

— Мемлекет саясатының ең бірінші басым бағыты – осы этносаралық қатынастар саласының тұрақты дамуы. Осы жұмыста сіздердің рөлдеріңіз айқын, анық деп есептеймін. Қазір көріп отырсыздар, жаһандық жағдайда ақпараттық кеңістіктің секунд сайын өзгеріп жатқанына фейк, ақпараттық манипуляция тарап жатқанына байланысты осы біздің саламыз үлкен бір қауіп-қатерге тәуекелге тура келеді, — деді ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің орынбасары Қанат Ысқақов өз сөзінде.

— Біз геосаяси жағдай тым күрделі кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан да біз ұлтаралық мәселелерге өте ұқыпты қарап, терең талдау жасауымыз тиіс. Мұндай форматтағы отырыс тек Астана, Алматыда ғана емес, Павлодар, Петропавл, Шымкент сияқты өзге аймақтарда да өтсе «нұр үстіне нұр» болар еді, — деген ұсынысын жеткізді Шымкент қаласынан қалалық ҚХА жанындағы журналис-тер мен блогерлер клубының төрағасы, журналист Талғат Балтабаев.

Кездесу барысында бір топ журналистер этносаралық келісім мәселелері бойынша контентке аудиторияның қызығушылығын ояту мен қолдау көрсету, қоғамдық маңызы бар және резонанстық жаңалықтарды, арандатушылық мәлімдемелерді, ұлттық алауыздық белгілері бар фактілер мен материалдарға әрекет ету және шешу үшін тиімді коммуникациялар орнату мәселелері бойынша өз ойларын ортаға салып, осы бағыттағы жұмыстарды одан әрі жетілдіру бойынша ұсыныстарымен бөлісті.

Жалпы вице-министрмен кездесу барысында журналист мәртебесін анықтау, КХА Журналистер клубы мүшелерінің жұмысын жандандыру үшін қолдаулар бойынша да сөз қозғалып, ұсыныстар министрлік тарапынан қабыл алынды.

Ашық диалог форматында өткен көздесудің 2-ші секциясында журналист, медиа менеджер, «Үздік тележурналист» номинациясы бойынша «Тұмар-2021» ұлттық телевизиялық сыйлығының лауреаты, Қазақстан журналистері одағының мүшесі Руслан Ыдыров «Тең Диалог: қатал қарсыластар қоғамында. Этносаралық келісім мен Қазақстан халқының бірлігін нығайту» тақырыбында семинар өткізді. Этносаралық келісім мәселелері бойынша резонанстық жағдайларды шешу үшін тиімді коммуникацияларға арналған алгоритмдер мен ережелердің пакеті, өзін-өзі таныстыру және аудиторияда қажетті әсер қалдыра білу және елдің полиэтностығын ескере отырып, жаңа әлемдік ақпараттық және коммуникациялық тәртіпті дамыту бойынша журналистермен жасалған спикердің жұмысына жақсы баға берді. Бұл сабақтардан әсіресе этножурналистика тақырыбында қалам тербейтін тілшілер көп дүниені игергені, көңілге түйгені анық.

Көшпелі отырыс барысында республикалық «DEUTSCHE ALLGEMEINE ZEITUNG» неміс газетінің бас редакторы Олеся Клименко өз газеттерін мысалға ала отырып, этноБАҚ жұмысының тәжірибесі мен ерекшеліктері туралы кеңінен тоқталды. Онда газеттің таралымынан бас-тап қамтитын аумағы, оқырманы, тіпті қаржылық қамтамасыз етілуіне дейін сөз болы. Спикер  медиа контент Қазақстан этностарын интеграциялаудың заманауи құралы, медиа саласында мемлекеттік тілді дамыту және  этносаралық келісім мәселелері бойынша контентке аудиторияның қызығушылығын ояту және қолдау көрсету барысы жайында өз тәжірибелерін ортаға салды. Журналистер клубына жиналған қауымның басым көпшілігі газет тілшілері болғанын ескерсек, бұл сұрақ үлкен талқыға түсіп, түрлі ой-пікірлер ортаға салынды.

Қазіргі таңда журналистер тек жазумен ғана емес, сонымен қатар кей кездері видео оператор, СММ маманы, блогерлік қызметті де алып кете алатын қауқарға ие. Өйткені ол заман талабы, тілшілерге жүктеліп отырған қосымша міндет десек те артық айтпағымыз емес. Көшпелі отырыс жиынында екі бөлімнен тұратын тамаша семинар өткізген белгілі мобилограф, СММ маманы Ақылбек Жақсыбаевтың да айтпағы осы болды. Сол күні ол «Instagram», «Facebook», «Tik-Tok» алгоритмдерімен жұмыс жасаудың тиімді жолдары,  Мемлекеттік тіл және этносаралық келісім тақырыптары бойынша авторлық контент құру, оны дамыту жайында кең ақпар беріп өтті. Сонымен қатар, авторлық құқықты сақтау, бейнежазбада басқа адамдардың бейнероликтерінің болуы,  түсірудің әдіс-тәсілдері, роликті монтаждау сынды бүгінгі күндегі заман талабы бойынша істер турасында барынша білгенімен бөлісіп, журналистер тарапынан түскен сұрақтарға жауап берді.

Кешқұрым Журналистер клубының көшпелі отырысына қазіргі таңда есімі көпке танымал блогер Иван Червинский келді. Қазақстанға жақында ғана қоныс аударған, осыған дейін «Алға Петербург!» жобасының жүргізушісі болған ол қазақ халқының мақтаныштары Димаш Құдайбергеннен бастап түрлі спортшыларды дүние жүзіне таныту үшін күш салып жүрген азамат. Ол «Қазақстан аудиториясы үшін контент құру» тақырыбында және әлеуметтік желілер үшін өзекті күн тәртібін қалыптастыру, мазмұнды жылжыту бойынша жұмыс тәжірибесі мен негізгі алгоритмдері негізінде тәжірибесімен бөлісіп, қазіргі таңда жеткен жетістіктері турасында айтып өтті. Сондай-ақ Иван Червинский қазір өзі бастаған аталмыш жобаны «Алға Қазақстан» деп ауыстырғанын жеткізді.

Күнделікті, сағат сайын, тіпті сәт сайын алмасып жатқан ақпарат айдынында ненің ақ, ненің қара екендігінің ара жігін айқындау қиынға түскен уақыт қазір. Осы орайда журналистерге көмекке аталмыш сұрақтарға жауап бере алатын мамандардың келгені абзал. «Voice Power» агенттігінің жаттықтырушысы, белгілі журналист Алия Текенова осы сұрақтарға нағыз жауап бере алатын маман. Журналистер клубы мүшелері алдында ол  «Факт-чекинг ҚХА имиджін ақпараттық дамыту және қорғау құралы ретінде» атты баяндама жасады. Онда этносаралық келісім және жалпыұлттық бірлік мәселелері бойынша қоғамдық маңызы бар және резонанстық жаңалықтарды, фактілерді, сандарды тұрақты мониторингілеу және тексеру; өтірік, шындық, жартылай шындық, манипуляция, үкімсіз-тексеру әдістемесін сипаттай отырып және дәлелдер келтіре отырып, редакция «үкімін» жариялау туралы мәліметтер келтірілді. Тіпті, фейк видеоларды қалай анықтауға болатын арнайы сайттар мен бағдарламалар турасында да білгенімен бөлісті.

Үш күнге ұласқан ҚХА Журналистер клубының көшпелі отырысы осындай әрі пайдалы, әрі тың дүниелерге толы болды. Отырыс барысында еліміздің әр өңірінен келген журналистер өзара әріптестік байланыс орнатуға мүмкіндік алып, ортақ чат та ашылды. Клуб жұмысын одан әрі жандандыру, бірлесе жұмыс жүргізу, ортақ жобаларды іске асыру сынды ұсыныстар да айтылмай қалмады. Соңында жорналшы қауым ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесінің атынан арнайы сертификатқа ие болып, ұйымдастырушы тарапқа алғысын жеткізді. Айта кетсек, аталмыш жиынға Жамбыл облысынан өңірлік ҚХА  «Қоғамдық келісім» КММ «Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс» бөлімінің басшысы, бас сарапшы Бибігүл Утепова, Тараз қалалық «Жамбыл-Тараз» газетінің журналисті Дионисий Пляшешник және осы жолдардың авторы қатысты.

Жандос Омаров

Leave A Reply

Your email address will not be published.