Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізді дамыту мен өркендету жолында жыл бойы атқарған қызметіне шолу жасап, қоғамдық-саяси өмірдегі, әлеуметтік-экономикалық дамудағы іргелі өзгерістер мен табыстарға қысқаша тоқталуды жөн көрдік.
Президент биыл жұмыс сапарымен еліміздің 11 өңіріне барды. Аймақтардағы 60-тан аса өндірістік және әлеуметтік-мәдени нысандармен танысып, жұртшылықпен кездесті. Сондай-ақ ел ішіндегі 41 іс-шараға қатысты. Олардың қатарында форумдар, кеңестер, отырыстар секілді түрлі форматта өткен жиындар бар. Еліміздің саяси және қоғам қайраткерлерімен 137 кездесу өткізді.
Мемлекет басшысы осы жылы 3 979 құжатты қарап, қол қойды. Оның ішінде 95 заң, 319 жарлық, 81 өкім, 28 отырыс хаттамасы, 3 456 қызметтік құжат қабылданды (25 желтоқсандағы мәлімет бойынша).
Сыртқы саясатта да жемісті жыл болды. Атап айтқанда, Қасым-Жомарт Тоқаев биыл 23 рет шет мемлекетке сапарлады, 19 халықаралық форум мен саммит жұмысына атсалысты. Халықаралық іс-шаралар аясында өзге елдің басшыларымен 27 рет кездесті. Сондай-ақ шет мемлекеттердің және үкіметтердің басшыларымен, басқа да жоғары лауазымды тұлғаларымен, халықаралық және өңірлік ұйымдардың жетекшілерімен, бизнес-қоғамдастық өкілдерімен 84 кездесу өткізді. 22 мемлекеттің елшісінен сенім грамоталарын қабылдады. Мемлекет басшыларымен 49 мәрте телефон арқылы сөйлесті.
Енді осы сандармен өрнектелген жұмыс кестесінің барысында ел игілігі үшін жасалған істерге назар аударайық.
Ең әуелі, жыл басындағы ақжолтай жаңалықты айта кеткен абзал. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 9 қаңтарда «Алматы облысының әкімшілік-аумақтық құрылысындағы өзгерістер туралы» Жарлыққа қол қойды. Жетіген ауылы Алатау қаласы болып қайта құрылды. Осылайша, келешекте Алматы мен Қонаевтың ортасында бой көтеретін Alatau City қаласының іргесі қаланды. Бірнеше жылдан бері талқыланып келе жатқан жаңа урбанистік жобаны жүзеге асыруға шетелдік инвесторлар айрықша қызығушылық танытып отыр. Президент Сингапур сапарында және одан кейін де әлеуетті инвесторлармен кездесіп, Алматы агломерациясын өркендеген экономикалық аймаққа айналдыруды көздейтін жобаның жай-жапсарын талқылады.
Елдік мәселелер қозғалатын Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы биыл көне Сарайшық жұртында – Атырау облысында өтті. Құрылтайда ұлт болмысын қалыптастыратын тәуелсіздік пен отаншылдық, бірлік пен ынтымақ, әділдік пен жауапкершілік, заң мен тәртіп, еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік, жасампаздық пен жаңашылдық секілді басты құндылықтар айқындалды. Сонымен қатар Президент бес әлеуметтік кеселмен күресті күшейту жөнінде нақты тапсырма берді. Осыған орай, биыл Әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігі туралы Заңға қол қойылды. Яғни тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін қатаң жаза белгілейтін, балалар құқығының қорғалуын қамтамасыз ететін жаңа нормалар енгізілді. Бұдан бөлек, Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы арнайы заң қабылданды. Вандализм мен өзгенің мүлкіне зиян келтіргені, қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін жауапкершілікті күшейтуге, құмар ойынға тәуелділікті азайтуға, вейпке тыйым салуға бағытталған заңнамалық өзгерістер жасалды. Аталған бастамаларға қатысты заң жобаларын әзірлеуге Парламент депутаттарымен қатар, Ұлттық құрылтай мүшелері де белсенді атсалысты. Осылайша, Президент үнемі айтатын «Заң мен Тәртіп» үстемдігі қоғамда біртіндеп орнығып келеді.
Бірліктің бекем үлгісі
Көктемгі су тасқыны елді әбігерге салып, халықтың да, мемлекеттің де мүлкіне зор зардабын тигізгені белгілі. Еліміздің 10 өңірінде жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай жарияланды. Мемлекет басшысы адамдарды дереу қауіпсіз жерге көшіру және қарғын судан зардап шеккен азаматтарға қажетті көмек көрсету жөнінде тапсырма берді. Ең көп зардап шеккен үш облысқа, атап айтқанда, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарына барып, халықтың мұң-мұқтажын тыңдады.
Тасқын судың салдарынан мал-мүлкінен айырылған жандардың ешқайсысы елеусіз қалған жоқ. Мемлекет міндеттемесін толық орындады. Зардап шеккендердің бәріне материалдық, қаржылай қолдау көрсетілді.