Елдік елге байланысты

0

Елімізде тойдағы және әсіресе қазадағы ысырапшылық жайлы көп әңгіме қозғалып жүр. Қонақжайлығымен ерекшеленетін халқымыз той тойлауға барын салса, көп жағдайда өлімде де соңғы асын сарқып, кейінгі күнін қара нан мен қара суға қаратады. Осы себептен мешіт имамдары және ауыл ақсақалдары қазақтың «жұрт не дейді» деген орынсыз әдетіне тосқауыл қоюға барын салуда.

Осы аптада аудандық Мәдениет үйінде ауылдық округ әкімдері, мектеп директорлары мен балабақша меңгерушілері, ардагерлер, мешіт имамдары, асабалар бас қосып аталған мәселені талқылады. Аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбайдың төрағалығымен өткен жиында ел мен ес, ұлт пен ұят, дәстүр мен салт, тәрбие мен тағылым, ынсап пен ысырап туралы әңгіме қозғалды.
Бұл жиынның мақсаты – ел ішінде іріткі салып, ауызбіршілік пен ынтымаққа кері әсерін тигізетін, қоғамда қалыптасып отырған кейбір үрдістерге тосқауыл қою, халықты ысырапшылдыққа жол бермеуге үндеу, құдайы ас беру, қонақасы, жиын-той мәзірін мейлінше қарапайымдылыққа келтіру болып табылады.
«Қазір садақа мәзірінде құстың сүтінен басқаның бәрі бар десек, қателеспейміз. Бұрын қаралы үйде тек жаназа намазы оқылып, қазан көрші үйлерде көтерілген. Қазір мұның бірі де жоқ. Ең сорақысы, қазалы үйдің қазанын әңгіме ететіндер де кездеседі. Басты мақсатымыз – қуаныш пен қазаның аражігін ажыратып, халықты ысырапшылдыққа жол бермеуге үндеу, садақа мәзірін мейлінше қарапайымдылыққа негіздеу», – дейді кездесуге қатысқандар.
Расында, «дастарқанда түк жоқ» деген қаңқу сөзден қашқан қазақтар мейрамханада не болмаса үйіндегі дастарқанға уылдырыққа дейін қоятыны шындық. Десе де, көпшілік ысырапшылдыққа іштей болса да қарсы. Бірақ бәрібір «жұрт не дейді?» деп қымсынатыны да рас.
«Мұндай жиындағы ас мәзірі мейлінше қарапайым болуы керек, яғни мәзірде бауырсақ, май-қаймақ, өрік-мейіз, шайға тістейтін тәттілер мен ет сияқты қазақ тағамдары болуы керек. Сонымен қатар, тары-талқан, жеті нан, бауырсақ, өрік-мейіз бар. Ыстық тамаққа ет асылады немесе палау пісіріледі. Қарапайым халықтың садақа дастарқанын жайған кезде қиналмағаны абзал», – деді жиынға қатысушы мешіт имамдары.
Басқосуда осы тақырыпта біраз мәселе талқыланып, тұрғындар арасында ысырапшылыққа жол бермеу мәселесі халық арасында кеңінен насихатталу керектігі бірауыздан мақұлданды. Сонымен қатар, көршілес Меркі, Шу аудандарында секілді тойларды сағат 19.00-ден бастап сағат 00.00-ге дейін кешіктірмей аяқтау мәселесі талқыланды. Алдағы уақытта кәсіпкерлік бөлімі мен тойханалар арасында мемарандум жасалып, ондағы талаптар бұзылған жағдайда, шара қолдану мәселесі де көтерілетін болады. Әрине, жалпақ жұрттың жағдайы бірдей емес. Біреуден қалыспауға немесе біреуден озуға тырысатындарға ауыл әкімдері, имамдары және де ақсақалдары тосқауыл қоюы тиіс. Әсілі, ауданда ас, қонақасы, ауызашар сынды жиындардағы дастарқанға нақты әс мәзірі ұсынылып, ол бірауыздан қабылданып, қадағаланса дейміз…

Leave A Reply

Your email address will not be published.