Тіл – әрбір ұлттың жүрегі, жан дүниесі мен тағдыры. Тіл арқылы ұрпақтан-ұрпаққа тарих, мәдениет, салт-дәстүр, ұлттық құндылықтар аманатталады. Тіл жойылса, ұлт та жойылады. Осы тұрғыдан алғанда, мемлекеттік тіліміз – қазақ тілі еліміздің тәуелсіздігін айқындайтын басты белгілердің бірі. Тіл – ұлттың болмысы, рухани тірегі әрі ел тұтастығының кепілі.
Кейбір деректерге қарағанда, қазіргі таңда әлемде 256-дан астам ұлт пен ұлыс бар. Қазақстанда олардың 130-дан астамы тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Мұның басты себебі – елдегі тұрақтылық, татулық және барлық этнос өкілдеріне бірдей мүмкіндік беретін саясат. Қазақстан халқын біріктіретін басты құрал – мемлекеттік тіл болып табылады. Бұл туралы Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев:
«Тіліміздің қолдану аясын кеңейте түсу – мемлекеттік саясаттың басты бағыты болып қала береді. Бұл – біз үшін мызғымас ұстаным», – деп атап көрсетті.
Расында да, тіл – тек қатынас құралы ғана емес, ол – ұлттық қауіпсіздіктің, ішкі бірліктің, елдіктің негізі. Бүгінгі таңда қазақ тілі ғылымның, техниканың, бизнестің, құқық пен медицинаның тіліне айналып келеді. Мемлекеттік тілдің беделі мен қажеттілігі жыл сайын артып келеді. Бұл – оң өзгерістің айқын дәлелі.
Өкінішке қарай, кейбір азаматтар өз ана тіліне енжар қарайды. Бұл – өте қауіпті үрдіс. Себебі тілге деген немқұрайлық – болашаққа деген немқұрайлық. Өз тілін менсінбеген халық, өзгенің табалдырығында мәңгі қала береді. Ал тарих көрсеткендей, ана тілінен ажыраған ұлт өзінің болмысынан айырылады.
Жүсіпбек Аймауытов: «Ана тілі — халық болып жасалғаннан бері жан дүниесінің айнасы, өсіп-өніп, түрлене беретін мәңгі құламайтын бәйтерегі», – деген. Сондықтан тілдің мәртебесін көтеру – әр азаматтың борышы.
Мемлекеттік тілді дамыту тек заңмен емес, жүрекпен, сана арқылы жүзеге асады. Бұл үшін әрбір қазақ азаматы өз ана тілінде сөйлеуден арланбай, оны мақтаныш етуі керек. Қазақ тілі – терең тарихы бар, көркемдігі мен бейнелілігі ерекше тіл. Кез келген ойды нақты, образды жеткізе алатын бай тіл.
Бүгінгі жастар – ертеңгі ел тірегі. Жастардың тілге деген көзқарасы, оны үйренуге деген ынтасы – тілдің болашағын айқындайды. Осы орайда, мектептерде, университеттерде, отбасында тіл тәрбиесіне баса назар аудару қажет. Қазақ тілінде сөйлейтін, ойлайтын, жазатын ұрпақ қана ел болашағын жарқын ете алады.
Білім мен ғылымның тіліне айналған қазақ тілінің әлеуеті жоғары. Елімізде түрлі этнос өкілдерінің мемлекеттік тілді үйренуге деген құлшынысы артып келеді. Бұл – болашағымыздың жарқын болуына үлкен үміт береді.
Қазақ тілі – бірлігіміздің діңгегі, елдігіміздің айнасы. Мемлекеттік тілді дәріптеу – тек қазақтың емес, Қазақстанда тұрып жатқан әр азаматтың парызы. Біз тіліміздің қадірін біліп, мәртебесін көтерсек, еліміз де солғұрлым кемелдене түседі.
Сондықтан баршамыз «Тілге құрмет – елге құрмет» қағидасын берік ұстанып, қазақ тілінің қолдану аясын кеңейтуге, оны ұрпақ санасына сіңіруге күш салайық. Туған тіліміз – тәуелсіздігіміздің тұғыры, болашағымыздың кепілі.
Жібек БАЙТЕМІРОВА, Қордай ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің «Тілдерді оқыту орталығы» КММ-нің қазақ тілі мұғалімі