ЕЛДОС – ОЛИМПИАДА ЧЕМПИОНЫ

0

Төрткүл дүние көз тігіп отырған доданы Отандық спортшыларымыз жақсы нәтижемен бастады. Дзюдодан Қазақстан ерлер құрамасының мүшесі, жерлесіміз Елдос Сметов Франция астанасы Париждегі жазғы Олимпиада ойындарының чемпионы атанды.

Париж татамиіндегі доданың финалында франциялық дзюдошы Лука Мхеидземен 60 кг дәрежесінде белдесуге шыққан Отандасымыз 1:0 есебімен жеңді. Осылайша, Елдос Сметов үш дүркін Олимпиада жүлдегері атанды. Ол Рио-2016 бәсекесінде күміс, Токио-2020 додасында қола медаль жеңіп алған еді. Еске салайық, Елдос Сметов Париж Олипиадасындағы бірінші белдесуінде Нидерланд спортшысы Торнике Цякадоеаны жеңсе, 1/8 финалда украиналық Дильшот Халматовтан айласын асырған еді. Ал ширек финалда Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері Янг Юнг Вейденнен басым түскен болатын. Кейін жартылай финалда Испания спортшысы Франсиско Гарригосты жеңіп, мансабында екінші рет Олимпиаданың финалына шықты.

Осынау трихи жеңіске орай Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Олимпиада чемпионы Елдос Сметовті құттықтады.

– Дзюдошымыз Елдос Сметовті Париждегі Олимпиада ойындарында алтын медаль жеңіп алуымен құттықтаймын! Оның шеберлігі мен қайсарлығының арқасында Қазақстанның туы биікте желбіреді. Елдос мықты қарсыластармен күресте төртжылдықтың басты додаларында топ жарып, әлемнің үздігі атанды. Сіздің жеңісіңіз – біздің бүкіл халқымыздың жеңісі! – деп жазды Мемлекет басшысы Х парақшасында.

Еске сала кетсек пневматикалық винтовкамен 10 метрден нысана көздеуден Қазақстан-1 командасы Париж Олимпиадасының алғашқы жүлдесі – қола медальді делегация қоржынына салған болатын. Ислам Сатпаев пен Александр Ле жұбы олимпиаданың қола жүлдегері атанды.

Франция астанасы Париж қаласында XXXIII жазғы Олимпиада ойындары ресми түрде жалауын желбіретті. 26 шілде мен 11 тамыз аралығында 205 елдің 10 500 спортшысы 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығын сарапқа салады. Олардың қатарында 80 отандасымыз бар.

Leave A Reply

Your email address will not be published.