ЭЛЕКТР ЖЕЛІСІНІҢ СЕНІМДІ МАМАНЫ

0

Қоғам дамыған сайын электр қуатына деген тәуелділік те арта түсті. Бүгінде жарықсыз бір күнді де елестету мүмкін емес: өндіріс те, мектеп те, аурухана да – бәрі электр энергиясымен тікелей байланысты. Ал осы жүйенің тоқтаусыз жұмыс істеуіне себепкер мамандардың бірі – электромонтерлер. Бұл мамандық иелері күннің суығына да, жаздың аптабына да қарамастан, жарықты қалтқысыз жеткізу үшін тынымсыз еңбек етеді.

Солардың қатарында Қордай аудандық электр желілері жүйесінде (АЭЖ) еңбек етіп жүрген жас маман – Диас Жұмақан бар. Ол – Қордай АЭЖ-нің Георгиевка диспетчерлік пунктіндегі оперативті диспетчерлік топтың кезекші электромонтері.

1999 жылы Қарасу ауылында дүниеге келген Диас Қуатбекұлы 2017 жылы А.Пушкин атындағы №7 орта мектепті аяқтаған соң, Алматы энергетика және байланыс университетінде «Электроэнергетика» мамандығы бойынша білім алып, 2023 жылы осы оқу ордасының магистратурасын тәмамдаған. Ал 2024 жылдан бастап ауданның жарық жүйесіне жауапты құрылымда ресми қызметке кірісті.

Диастың бұл салаға келуі кездейсоқ емес. Оның әкесі – Қуатбек Әшімов те осы салада ұзақ жылдан бері еңбек етіп келе жатқан маман. Қарасу ауылындағы кезекші электромонтер болып жұмыс істейтін әке жолын жалғап, сол саланың жүгін арқалаған Диас бүгінде өз ісінің білікті маманына айналып келеді.

– Әкем бала күнімде жұмысына ертіп барып, жоғары кернеулі желілермен қалай жұмыс істейтінін көрсететін. Сол кезде-ақ бұл мамандықтың қаншалықты күрделі әрі маңызды екенін ұғындым. Қазір өзім сол жауапкершіліктің жүгін толық сезініп жүрмін, – дейді жас маман.

Ол қызмет ететін диспетчерлік топта тәжірибелі маман – Қанат Байғожаев жетекшілік етеді. Қанат мырза 1991 жылдан бері осы салада еңбек етіп келеді. Диас оны шеберлігі мен сабырлылығы үшін ерекше құрметтейді, көп нәрсені үйреніп жатқанын айтады.

Электромонтердің күнделікті міндеті – қарапайым техникалық тексерістен бастап, күрделі апатты жағдайларда жедел шешім қабылдауға дейінгі аралықты қамтиды. Мысалы, әр ауысым сайын жабдықтардың жағдайын тексеріп, бұрынғы кезекшіден тапсырма алып, барлық құжаттарды қабылдап, оперативтік журналға қол қойып, жауапкершілікті өз мойнына алады. Кез келген апатты жағдай туындаса, жедел түрде әрекет етіп, жарық жүйесін қалпына келтіру жұмыстарын жеке өзі ұйымдастырып, басшылыққа дер кезінде хабар беруге міндетті.

Жоғары кернеулі желілерде кез келген қателік үлкен қауіпке ұласуы мүмкін. Сондықтан мұндағы жұмыс – кәсіби шеберлікті талап етеді.

«Қатты жел немесе жаңбыр салдарынан күтпеген жерден желілер үзілуі мүмкін. Оған жол бермеу үшін біз тәулік бойы энергия объектілерін бақылауда ұстаймыз», – дейді электромонтер.

Осындай күрделі салада еңбек етіп жүрген жастардың қатарынан көрінген Диас – еңбекке ерте араласқан, болашағынан зор үміт күттіретін маман. Қиындығы мен жауапкершілігі мол қызметті абыроймен атқарып жүрген оның әр күні – үлкен іске қосқан үлес.

Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.