«Әкел, бір тартып көрейінші. Уау, қаншаға сатып алдың?». Әдетте, жастар арасындағы электронды темекіге деген құмарлық осылай басталады. Қатарластарына қызығады. Өкініштісі сол, жастық шақта жұққан жаман әдет кәріліктің ауылына қадам басқанға дейін қалмайды. Жөн сұрасаң, жөтеліп отырғаны…
«Соверенді» сорғанша, соны қолдансын! Иә, электронды шылымның зияны аз деп түсінетін үлкендер бар. «Тәйт» демеген соң бозбалалар былай тұрсын, мектеп табалдырығында жүрген кішкентай қыздар да дәмін татуға асық. Иісі де әтір сияқты баурап алады емес пе? Сорған сайын сорлап жатқанын қайдан білсін?
«Электронды темекі мен айкостың шылымға қарағанда зияны аз» деген пікірдің жансақ екенін арнайы зерттеулер дәлелдеп берді. Осы ретте Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы Қоғамдық денсаулықты нығайту орталығы басшысы Салтанат Назарова былай дейді:
– Электронды темекінің құрамына манго, жеміс-жидек, крем сияқты заттар қосылатындықтан жастарды тез баурап алады. Шын мәнінде, көбінде никотин бар. Шылымнан шығатын аэрозольдың құрамында никотин, канцерогенді химикаттар, ұшпа органикалық қосылыстар, өкпе ауруымен байланысты хош иістер, никель, қалайы және қорғасын сияқты ауыр металдар болуы мүмкін. Вейптің қаптамасындағы никотин жоқ деген жазуға бейқам қарауға болмас. АҚШ-та жүргізілген зерттеу сол елде сатылатын вейптерің 99 пайызында никотин бар екенін көрсетті.
Темекі шегуге арналған сұйықтықтың температурасы жоғарылаған кезде бу шығаруға арналған қыздыратын құрылғы ерін мен ауыз қуысының шырышты қабығын, сондай-ақ тыныс алу жолдарын күйдіреді. Темекі сұйықтығының құрамына кіретін диацетил тыныс алу жолдарының шырышты қабығын зақымдайды, оның салдары тыныс алуды тарылтатын бронхит болуы мүмкін. Никотин қатты тәуелді етіп, жасөспірімдердің миының дамуына зиян келтіреді десек, артық айтқанымыз емес. Мидың назар аударуға, оқуға, көңіл күйге жауап беретін бөлігі зақымдалады.
Маманның сөзіне сүйенсек, 2019 жылдан бастап әлемде EVALI деп аталатын өкпе аурулары көбейіп жатқан көрінеді. EVALI – электронды темекі немесе вейптің әсерінен болатын өкпенің зақымдануы. Бастапқыда ол VAPI (вейпингпен байланысты өкпе ауруы) ретінде танымал еді. АҚШ-тың денсаулық сақтау өкілдері мен ғалымдары аурулардың негізгі себебін Е дәрумені ацетатымен (кейбір электронды темекілердің құрамдас бөлігі) байланыстырады. Е дәрумені ацетатынан бөлек, буға айналатын сұйықтықта ықтимал себептер ретінде қарастырылатын көптеген зат пен өнім көздері бар екенін де естен шығармаған жөн.
Бойжеткендер арасында электронды темекі сәнге айналып бара жатқаны жасырын емес. Тіпті қыздар бір-бірінің туған күніне вейп сыйлайтын «дәстүр» пайда болыпты. Әсем безендіріліп, кішкентай құтыға, қорапшаға толтырылған бұл өнімдер әлдебір инновация, сәнді тауар ретінде көздің жауын алады. Мәселен, вейптерде батарея заряды, картридждегі өнімі қанша қалғанын көрсететін индикатор-лампа қарастырылған. Сәйкесінше жастар оны девайс, гаджет деп таниды. Жалпы, IQOS-тегідей темекіні қыздыратын немесе темекісі картриджге сығымдалған электронды темекілерді балаларға сатуға біраздан тыйым салынған. Снюс секілді шайналатын темекі де, насыбай да тыйымға ілікті. Ал вейптер және оны толтырғыштар заңның олқылығын пайдаланып нарыққа жол тартты. Ол қандай олқылық? 2009 жылы қабылданған қолданыстағы «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс тек темекі (табак) жапырағынан дайындалатын өнімдерді ғана реттейді. «Темекі бұйымдары – шегу, сору, шайнау немесе иіскеу үшін пайдалануға дайындалған шикізат материалы ретінде толық немесе ішінара темекі жапырағынан жасалған өнімдер» делінген онда. Ал жастар буландыратынына қарап, «парилка» деп атайтын вейптерде темекі-табак жоқ, ол синтетикалық никотинмен (СН) толтырылады. Ұлттық заңнамада СН туралы ештеңе айтылмаған. Дәл осы кемшілікті «никпэк» сатушылар да өз пайдасына жаратады. Никпэк дегеніміз – снюстың орнын басқан, темекісі жоқ елітуші қоспалардан тұратын фильтр-пакет.
Соңғы уақытта ТМД көлемінде, соның ішінде Қазақстанда жастардың вейп пен никпэктен зардап шегіп, улану деректері кездеседі. Кейбір вейптер көп рет соруға арналған. Бұлардың барлығы бекітілген мемлекеттік стандартсыз, бақылаусыз жасалатындықтан, онда нақты қанша никотин бары беймәлім. Мәселен, бір дана шылымда орташа есеппен 1-2 миллиграмм никотин болса, бір никпэкте оның көлемі ондаған есе асып түсуі мүмкін.
– Темекі індеті – халықтың денсаулығына қауіп төндіретін ең ауыр кеселдің бірі. Жыл сайын темекі зиянынан 8 млн-нан астам адамның өмірі қиылады. Олардың 7 млн-нан астамы – темекі шегушілер мен бұрын темекі тұтынғандар, 1,2 миллионға жуығы – темекі шекпейтін, бірақ темекі түтінінің әсеріне ұшырағандар.
Мәселені түбегейлі шешудің жолдарын қарастыру маңызды. Темекі өндіру компанияларының белсенді жарнама жұмысы және темекі бағасының төмен болуы алаңдатады. Жасөспірімдер мен жастар арасында темекі шегудің алдын алу жұмыстары мықтап қолға алынуға тиіс, – дейді С.Назарова.
Жалпы, синтетикалық індеттен дамыған елдер қатты зардап шегеді. Вейпингтің кең таралуы АҚШ-та адамдардың өкпесінің зақымдалуына және өліміне әкеліп соқтырды. Коронавирус пандемиясы басталғанға дейін Америка Құрама Штаттарында вейп пайдаланғандардың «өкпенің ауыр кеселіне» шалдығуының 2 500-ден астам оқиғасы тіркелді. 50 адам қайтыс болған. Осыған орай Американың бұрынғы президенті Дональд Трамп бұл өнімді шектеуді тапсырған. Нью-Йорк штаты 2019 жылдың қыркүйегінде бірінші болып, электронды темекілерге тыйым салды.
2020 жылдың басында бүкіл АҚШ-та электронды темекілерге арналған жұпар толтырғыштары бар картридждердің көп түрін сатуға тыйым салынды. Шектеу жастар көп тұтынатын жалбыз, жеміс-жидек, кәмпит дәміне ие сұйықтықтарды қамтыды. Тек сұранысы шамалы темекі және ментол иісі шығатын толтырғыштар нарықта қалды.
Ал Мексикада ел президенті электронды темекі сатуға тыйым салатын қаулыға қол қойды. Темекіге қарсы күрес туралы жалпы заңдағы жаңа реттеу аясында жаңа буын темекі өнімдері саналатын электронды темекілерді бүкіл елде таратуға және сатуға шектеу қойылған.
Электронды темекінің кесірінен темір тордың ар жағына тоғытылған әлемге танымал баскетболшы Бриттни Грайнердің оқиғасы ел аузында жүр. Ол биыл ақпанда Мәскеу әуежайында кеден тексерісі кезінде ұсталған еді. Кеденшілер жүгінен Ресейде тыйым салынған наша майы бар вейп құтыны тапқан. Оқиғадан кейін АҚШ мемлекеттік департаменті мен көптеген америкалық жұлдыз Кремльді Грайнерді босатуға шақырған. Бірақ сот оны кінәлі деп танып, 9 жылға бас бостандығынан айырды. Бұған қоса 1 миллион рубль айыппұл салынды. Б.Грайнер АҚШ құрамасы сапында екі дүркін Олимпиада чемпионы атанған болатын. Екі дүркін әлем чемпионы деген атағы да бар.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, Жер шарында 1 млрд-тан астам адам шылым шегеді. Темекі тұтынушылар жылына 5,7 млрд дана табак өнімдерін пайдаланып, 1 млн тонна тұқыл тастайтын көрінеді. Бейресми мәлімет бойынша әлемде 40 миллиондай адам электронды темекі тартады. Жер шарында өмір сүріп жатқан адамдардың 90 пайызы күйзелістен құтылу үшін темекіге жүгінеді екен. Ал сіз электронды темекі тартасыз ба?
Оралхан Ахмадия